Сайлауды әділ, сапалы өткізу — басты міндетіміз

2021 жылдың 10 қаңтарында ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Еліміз үшін аса маңызды осынау іс-шараға дайындық жұмыстары басталып та кетті десек болатындай.

Түркістан облысы бойынша барлығы 928 сайлау комиссиясы құрылған. Өткізілетін сайлаулардың заң талабына сай, әділ өтуі көп жағдайда сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби біліктіліктері мен жауапкершіліктеріне тікелей байланысты. Осыған орай қазіргі таңда комиссия мүшелерінің біліктіліктерін көтеру бойынша электораттық оқу өткізілуде. Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек ӨМІРӘЛИЕВПЕН сұхбатымыз осы және өзге де мәселелер төңірегінде өрбіді.

– Әлібек Кәденұлы, алдағы сайлау науқанына дайындықты неден бастадыңыздар?

– Біздің қолымызда партиялық тізімдер бойынша сайланатын ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бар. Оны Орталық сайлау комиссиясы бекітіп берген. Жоспарда әр іс-шараның нақты атқарылу мерзімі көрсетілген. Жұмыстар сол бойынша кезең-кезеңімен атқарылады. Мәселен, 5 қарашадан кешіктірілмеуі тиіс аумақтық, учаскелік сайлау комиссияларының құрамын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияладық. Ал, сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметті бұқаралық ақпарат құралдарына жергілікті атқару органдары берді. Барлық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшыларына тиісті хаттамалық тапсырмалар берілген. Осы күнтізбелік іс-шаралар жоспары қолдарында.

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын кандидаттарын саяси партиялар 10 қарашадан бастап ұсынады. Біздің облыста 6 саяси партия тіркелген. Олар – өз съездерін, конференцияларын өткізгеннен кейін тізімді бізге ұсына бастайды. Оны біз Орталық сайлау комиссиясы бекітіп берген партиялық тізімдерді қабылдау жөніндегі қаулының талаптары бойынша қабылдаймыз. Бұдан соң тізім бойынша тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп, тіркеу басталады. Ұсыну 10 қарашадан 4 желтоқсанға дейін созылса, ал, тіркеу 10 қарашадан 10 желтоқсанға дейін жалғасады. Соңында олар сенімді өкілдерін ұсынады. Оларды тіркеп, куәліктерін береміз.

– Бұрынғы сайлаулардан бұл сайлаудың ерекшелігі неде?

– Ерекшелігі сол, ауыртпашылықтың барлығы саяси партияларға түскелі тұр. Біз тек қана сайлау учаскелерін әзірлеуге, оны заң талабына сай өткізуге тиіспіз. 2016 жылғы сайлауда ауыртпашылық бізге түскен. Өзін-өзі ұсыну жолымен кандидаттар құжаттарын бізге тапсыратын. Яғни саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден бөлек, азаматтар өзін-өзі ұсынатын. Ол кезде біздің жұмыстың көлемі көп, жауапкершілік жүгі де орасан болатын. Қазіргі таңда да бізде жауапкершілік жоқ емес. Құжаттарды заң талабына сай қабылдауымыз керек. Мысалы, облыстық мәслихатқа 45 квота бөлінген. Ал, бұл 45 облыстық мәслихат депутатын сайлау керек деген сөз. Әр саяси партия 45-тен көп үміткерін ұсынуы мүмкін. Оларға шектеу қойылмаған. Сонда есептей беріңіз, 6 саяси партиядан қаншама құжаттар қабылдау қажет. Оның бәрінің заң талабына сай болғанын, сотталған-сотталмағанын, өзі мен жұбайына өткізген декларациясының сәйкестілігін тексеру қажет. Оған аз уақыт кетпейді. Жалпы, жаңалықты қабылдай білу керек. Жаңа үрдіс біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Сайлау туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізілді. Мемлекет басшысының Жарлығы шықты. Енді сол заң аясында жұмыс істеп, сайлауды әділ, сапалы, өз деңгейінде өткізу біздің басты міндетіміз болып саналады.

– Түркістан облысы бойынша қанша сайлау учаскесі бар? Комиссия мүшелері каскадтық әдіспен электораттық оқудан түгелдей өтті ме?

– Біздің өңір бойынша 911 сайлау учаскесі бар. Олардағы комиссия мүшелерінің саны – 6207 адам. Мұның ішінде жергілікті атқару органдары мен аумақтық сайлау комиссияларының бірлескен іс-шараларымен облыс бойынша жаңадан 14 сайлау учаскесі құрылып, олардың шекаралары нақтыланып, құрамдары заң талабына сай саяси партиялардың ұсынысымен тиісті мәслихаттардың сессияларында сайланды. Бүгінгі таңда облысымыздағы барлық сайлау комиссияларының құрамдары толық жасақталған. Вакансиялар жоқ. Сайлау учаскелерінің шекаралары толығымен нақтыланып, тиісті органдарға тіркелген.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының 2020 жылғы 22 мамырдағы қаулысының негізінде мамыр, маусым айларында жергілікті атқару органдарымен бірлесе отырып, облыстағы барлық сайлау учаскелерінде инвентаризация жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша сайлау учаскелерінде жетіспейтін құрал-жабдықтар түгелденіп, анықталған кемшіліктер жойылды. Комиссия мүшелерінің біліктіліктерін арттыру бойынша Президент жанындағы Басқару академиясының облыстық, Шымкент қалалық филиалдарымен бірлесе отырып, 2020 жылы қазан айынан каскадтық әдіспен облыстағы барлық комиссия мүшелері электораттық оқудан өткізілді.

Мұнан бөлек сайлау процесіне қатысатын облыстағы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де 24 сағаттық бағдарламамен оқытылды. Алдағы болатын сайлауды өткізу барысында жүргізілген электораттық оқытудың нәтижесі болады деп сенеміз.

Осы оқытудан соң қазіргі таңда қашықтан оқыту мен тест тапсыруға кезек келді. Ол – электораттық оқытудың сапалы не сапасыз өткенін анықтайтын тест. Енді Орталық сайлау комиссиясына менен бастап, облыстағы бүкіл аумақтық, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерінің бәрі, яғни 6326 комиссия мүшесі тест тапсырамыз. Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау бойынша 20 сұрақтан қойылады. Соның 18-іне жауап беруіміз керек. Одан төмен жинағандар өтпейді. Үш рет тапсыруға мүмкіндік бар, егер сол үшеуінде де өте алмаса мәселесі қаралады. Мұның бәрі әлгінде айтылған электораттық оқытудың сапасын анықтайды. Себебі, оған қаржы жұмсалды. Бәрін оқыттық деп мәлімет бердік. Бізден оқып, сертификат алған комиссия мүшелері аудандық аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерін оқытуы керек.

– Сайлауға байланысты бүгінгі таңда қандай өзекті мәселе бар? Сайлаушылардың денсаулығы үшін пандемияға қарсы қандай шаралар қолға алынады?

– Өзекті мәселелердің бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, яғни сайлаушылардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету. Бұл мәселе – аумақтық сайлау комиссиялары мен жергілікті атқару органдарының басты назарында. Осы жылдың маусым айында сайлау учаскелерінде өткізілген инвентаризацияның қорытындысы бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарға сайлау учаскелерінде тиісті жағдайлар жасалуы үшін жетіспейтін құрал-жабдықтар анықталған болатын. Сол құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша барлық аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе қосымша жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, олар дауыс беретін бөлмелердегі арнайы бұрыштар, кабиналар, трафареттер, лупалар, тактилді төсеніштер мен көрсеткіштер.

Әлемді жайлаған пандемиядан сақтанбаса болмайды. Сайлауды әзірлеу, әсіресе, өткізу кезінде пандемияға қарсы санитарлық талаптарды орындау мақсатында барлық учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін тиісті қорғану құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету – басты назарда. Барлық 6207 комиссия мүшесіне қорғану костюмдері, қорғану әйнектері, 3 данадан бетперде, жеткілікті түрде қол шаятын антисептикалық құралдар беріледі.

Қорыта айтқанда, Түркістан облысының сайлау комиссиялары алдағы маңызды шараны Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген күнтізбелік іс-шаралар жоспары бойынша, заң талабына сай өткізуде жауапкершілік танытады. Оған бар мүмкіншіліктер қарастырылуда. Апта сайын өзіміздің сайтта, облыстық сайлау комиссиясының интернет-ресурсында комиссия отырысында қандай мәселелер қаралды, қандай жұмыстар атқарылып жатыр, барлығын жариялап отырамыз. Сайтқа Қазақстан Республикасының кез келген азаматы кіре алады. Содан мәлімет ала алады. 7 қарашада еліміздің астанасында Орталық сайлау комиссиясы сайлау мәселесі жөнінде семинар өткізді. Енді осыған байланысты біз таяуда баспасөз мәслихатын өткіземіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз