Бәйдібектіктердің күні көмірге қарамайды

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Осыдан бірер жыл бұрын Бәйдібек ауданында «Шалдар» автоматтандырылған газ тарату стансасы пайдалануға берілген болатын. Соның нәтижесінде бүгінде Шаян, Шалдар, Бекбау, Жамбыл, Ақбастау, Екпінді, Шыбыт елді мекендерінің тұрғындары «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Басталған іс мұнымен шектелмек емес. Бәйдібек ауданында 52 елді мекен болса, соның 48-і жуық арада газбен қамтамасыз етілмек.

Биылғы қара суық басталмай жатып Тасқұдық, Сарқырама ауылдары «көгілдір отынның» рахатын көре бастайды. Газ жүйелеріне қысымдау жұмыстары аяқталып та қалды. Сонымен қатар, Сайрам ауданында орналасқан Көмешбұлақ ауылындағы №20 автоматтандырылған газ тарату стансасының іске қосылуына байланысты Боралдай елді мекенін газбен қамту жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Бүгінде «Комби-строй-1» ЖСШ Мыңбұлақ ауылына газ құбырын тартып жатыр. Құрылыс жұмыстарына былтыр облыстық бюджеттен 500 миллион теңге қаралған. Ал, биыл 626 миллион теңге қаралып, соның 321 миллион теңгесі мердігер есебіне аударылған. Қалған 305 миллион теңге атқарылған жұмысты нақтылау барысында облыстық бюджеттен аударылады. Сонымен, мыңбұлақтықтар сәтін салса, келесі жылдың маусым айында табиғи газбен қамтылады.

Жүзімдік, Мәдениет, Қосбұлақ, Бестоғай, Ақбұлақ елді мекендеріне газ құбырын тарту үшін 199,6 миллион теңгеге жобалау-сметалық құжаттама әзірленген. Қазір облыстық бюджеттен 50 миллион теңге бөлінді. Амансай, Түйетас, Талап, Сарыбұлақ елді мекендеріне де жүргізілетін газ құбырының да жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Құрылысты жүргізу үшін 1018 миллион теңге қажет. Облыстық бюджеттен қаржы бөлінген соң, аталған 4 елді мекен тұрғындары көмір жағудан құтылады. Ынтымақ, Жыланды елді мекендеріне жүргізілетін газ құбырының да құжаттамалары облыстық бюджетке ұсынылуға әзір тұр.

Бәйдібек ата, Кеңес, Жоғарғы Боралдай, Тайманов, Теректі, Жолғабас, Шақпақ, Қазата, Таңатар, Ағыбет, Алғабас, Қошқарата, Кеңестөбе, Ақтас елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін ЖСҚ-ларын әзірлеуге аудандық бюджеттен тиісті қаржы қарастырылуда. Құрылысты жүргізетін мердігер компаниялар мемлекеттік сатып алу конкурсы барысында анықталып, олармен келісімшарт жасалынған. Қаржы жағы реттелген соң жұмыс басталып та кетпек.

Ал, Тұрақты, Бірлік, Жұлдыз, Жаңаталап, Қаратас, Ақжар, Кеңсай, Шұқыршақ, Алмалы, Жарықбас ауылдары бойынша табиғи газбен қамтамасыз етуге сәулеттік жоспарлар жасалып жатыр.

Аудан орталығындағы 20 коммуналдық тұрғын үйге «көгілдір отын» кіргізу үшін «Строй-проект-инвентаризация» ЖШС жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, таяуда екіқабатты тұрғын үйлерге газ құбыры кіргізілген.

Қысқасы, ауданның 2018-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму концепциясына сәйкес 48 елді мекен «көгілдір отынмен» толық қамтамасыз етіледі. Төрт елді мекенде тұрғындардың аздығына байланысты әзірге газ құбыры тартылған жоқ.

Арыстанды-Қарабас желінің өтінде отырған Бәйдібек ауданының ер азаматтары баялыш шабудан, көмір іздеуден, қыз-келіншектері пешке от жағып, күл шығарудан қолдары біржолата босайтын күн де тақау. Тек осы күннің ертерек келуін тілейік.

Бәйдібек ауданы.

 

 

 

2 пікір

  • Қалдарова Жадыра
    Қалдарова Жадыра

    Өте жақсы .Жасап жатқан жұмыстарына рахмет

  • Қалдарова Жадыра
    Қалдарова Жадыра

    Өте тамаша істеп жатқан жұмыстарына рахмет .

Пікір қалдырыңыз