«Шопан таппай жүрмін»

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Таяуда бір танысымды жолықтырып қалдым. Мал шаруашылығымен айналысатын ол көптен бері шопанға жарымай жүргенін айтты. Бұл нені білдіреді? Шын мәнінде де атакәсіптен алшақтап кеткеніміз бе, әлде бүгінгі адамдар мал бағуды қорлық санай ма? Қанша жерден технология дамыған жаңа дәуірде өмір сүріп отырсақ та, әр елдің, әр ұлттың өзіне тән атакәсібі болатынын да ұмытпаған абзал. Немістің даңқын әлемге машина жасау өнеркәсібі шығарды, радиотехника саласы жайлы сөз қозғай қалсаң, тіл ұшына бірінші жапондар келеді. Диқаншылық – өзбек пен тәжіктің қанына сіңген кәсіп. Жаңа технологияларды игерейік, замана ағымынан тыс қалмайық, бірақ, қазақты бір мұратқа жеткізсе, мал шаруашылығы жеткізетінін ұмытпағанымыз абзал.

Қойшы таппай қиналып жүрген ағамыздың айтуынша, шопандықты кәсіп деп емес, күнкөріс деп түсінетіндер бұл салада ұзақ жүрмейді екен. «Шопан табу өте қиын. Соңғы бес жылда екі-үш шопан ауысты. Қайта-қайта ауыса берген соң жұмыстың да берекесі қашады екен. Сол үшін тұрақты жұмыс істейтін адам керек. Қазіргі шопаным жаман емес, тек әйелінің айтқанынан шыға алмайды. Әйтпесе, мен оған ай сайынғы ет-сүтінен бөлек, 130 000 теңге айлық төлеп отырмын. Ауылда тұрып, әбден қарызға батқан екен. Шаруаға икемді, тілалғыш болған соң 500 000 теңге қарызын төлеп бердім. Біздің отар ауылдан алыс емес, яғни мектепте оқитын балаларын апта сайын көріп тұруға мүмкіндігі бар. «Ауылдан үй алып берейін, бала-шағаң сонда тұра берсін, өзің бес-алты жыл жұмыс істеп, жағдайыңды жасап алған соң барарсың. Қайта ай сайын айлығыңнан артылғанына уақ мал алып қоя бер. Бірер жылда жүз, екі жүз бас малға ие болып шыға келесің» дегенді де айттым. Бұл ұсыныс оған да ұнайды, бірақ, ауылға барып келеді де айнып қалады. Тұрақты жұмыс болмаған соң қайта қарызданып қалуы мүмкін ғой. Қашанғы ауыр жұмысқа жалданып жүреді?! Одан да бір жерде тұрақтап, өз жағдайын жасап алмай ма?» дейді ол.

Иә, тепсе темір үзетін зіңгіттей жігіттер бүгінде уақытша жұмыстарға жегіліп жүр. Бар тапқаны бала-шағасының ас-суынан артылмайды. Олар мал бағып, егін салып, оның өнімін күтіп жүргісі келмейді. Яғни ертеңгі елуден бүгінгі жиырма бесті тәуір көреді. Бірақ, бұған қарап бүгінгі таңда ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келетіндер көбейген екен деген жаңсақ пікір қалыптаспауы керек. Бұл жерде жұмыс берушінің жауапкершілігіне де жете назар аударған жөн. Айталық, қарапайым еңбек адамдарының біреуге ұзақ жыл жалданып жұмыс істеуге құлқы бола бермейтіні – көбіне олардың еңбегі тиісті деңгейде бағалана бермейді. Тіпті, жыл он екі ай қой соңында жүріп, ақыр аяғында қарызға белшеден батып шығатындар да бар. «Бұрындары өкімет тарапынан шопандарға кәдімгідей көңіл бөлінетін. Жылына бір-екі рет үлкен қалаларда өтетін алқалы жиындарға шақырту алатын. Ал, қазір бәрі жекенің қолында болған соң мақтау-марапатты шаруашылық төрағалары алады. Қой бағып, азапқа түсіп жүрген қойшыға түк те жоқ. Тіпті, ақ-адал ақысының әділ бағалануы да қысқа күнде қырық құбылатын қожайынның қас-қабағына байланысты болып қалды. Көңілі түссе береді, болмаса ішкен-жегеніңе жатыстырып, өзіңді қарыз етіп шығара салады. Өз басым сондай қожайынды да көрдім. Әрі малын бағып, әрі қарызын өтеп, әрең құтылдым. Қанша дегенмен бала кезден мал бағып өстік емес пе, қазір бір шаруа қожалығында жылқы бордақылаумен шұғылданып жүрмін. Бұрынғыдай дала кезіп жүргенім жоқ, есесіне, табысым да жақсы» дейді өзін Тағабай деп таныстырған жігіт ағасы.

Жалпы, қойшы мен қожайын арасында еңбек келісімшарты түзіле бермейтінін кімнен жасырамыз?! Көбіне мал иесі мен малшылар арасындағы келісім ауызша жасалады да, өндірістік жарақат алған жағдайда оған ешқандай өтемақы төленбейді. Тіпті, зейнетақы қорына да ақша аударылмайды. Осыдан келіп шопан қартайғанда зейнетақысыз қалады.

Ал, отыз жылдан бері қой шаруашылығымен айналысып жүрген ордабасылық Сералы Абжаловпен сөйлескенімізде, оны шопанның тапшылығы емес, басқа мәселе мазалайтынын аңғартты. «1992 жылы «Ералы» шаруа қожалығын құрдым. Бүгінде біздің қожалықта жеті мыңнан астам уақ мал бар. Жеті отарға бөлінген оны бағатын тұрақты шопандарымыз бар. Әрқайсысы кемі 150 000 теңгеден жалақы алады. Одан бөлек, ет-сүттен, азық-түліктен қарасып тұрамын. Далада қой бағып жүрмін дегені болмаса, барлық жағдайы жасалған. Астарында жеңіл көліктері бар, апта сайын бала-шағасына барып тұрады. Ағайындардың той-жиындарынан да қалмайды. Ондайда бірер күн бұрын айтып, орнына басқа шопанды бекітеміз. Қойшылардың көңіл-күйі жақсы болған соң, жұмысты да құлшыныспен істейді» деген ол бұл саладағы өзекті мәселе ретінде қой жүні мен терісінің сұраусыз қалғанына қынжылады. «Базарға барсаң Қытайдың алақандай ұлтарағын екі жүз теңгеге сатып аласың. Ал, біз қойдан қырқылған жүнді жылда қоқысқа тастаймыз. Тері де солай, бағасы түкке тұрғысыз болғасын, әр жерде шашылып жатады. Бүгінде таза былғарыдан тігілген аяқ киім тапшы, барының өзі қымбат. Ал, біз мал терісін тереңірек өңдеудің орнына далаға тастаймыз» дейді ол.

Сералы Абжалов әр қойды 250 теңгеден қырықтырғанда қожалықтағы жеті мыңнан астам малды қырықтыру үшін екі миллион теңгеге жуық қаржы шығындайды. Бірақ, қайтарымы жоқ, өйткені, бір кездері алтынға бағаланған бұйым тереңірек өңделмегендіктен сай-саланың «сәнін» келтіріп үйіліп жатады. Ал, миллиондаған ақшаны тек қырқымға жұмсайтын қожалық төрағасы жұмысы бітіп, Шопан ата түлігінің жүні алынып, жеңілдеп қалғанын ғана қанағат тұтады.

Бастапқы тақырыпқа қайта оралар болсақ, жалпы, бұл мәселе басқа елдерде қалай шешіліп жатыр деген ой туады. Осыдан біраз жыл бұрын австралиялық журналист Джиллиан Хоккингпен сұхбаттасқанымызда қой шаруашылығы жақсы дамыған ол елде бұл мәселе қалай шешілгенін білмек болдық. Сонда ол «бізде қойларды иттер бағады» деп бір ауыз сөзбен жауап берді. Әрине, дамыған елдерде бір үйір малды үйретілген иттер бағатынына шүбәміз жоқ. Бірақ, түз тағылары өріп жүретін біздің елде ондай жетістікке бүгін-ертең қол жеткізе қою қиын. Сол себепті, бәлкім, Кеңес Одағы тұсындағыдай қой соңында жүрген қарапайым еңбек адамдарының қадірін арттыратын, қоғамдық мәртебесін асыратын айла-амалдар ойластыру керек шығар. Сірә, өткеннің бәрінен бас тартып жүрген ел біз ғана шығармыз...

 

 

2 пікір

  • Шалабаев Бауыржан
    Шалабаев Бауыржан

    Сызбен толыктаи келысемын

  • Шалабаев Бауыржан
    Шалабаев Бауыржан

    Сыздыкыде дурыс Менде канша жерде мал бактым 500 кои бактым бырак 1реун жогалткан емеспын маган рахметы бок ауыс созбен шыгарып салган быр тиында бермеды.Ал быреулердын аиелдеры ангыме аитып журды оныда котердым сызге Алла риза болсын сызсиакты адамдар азгои

Пікір қалдырыңыз