Қырманда қызу еңбек

Ордабасы ауданы мақташыларының бұл күнде жұмыстары қауырт. Ауа райының қарасып тұрғандығын тиімді пайдаланып, өсірген өнімін төкпей-шашпай жинап алуға қызу кіріскен. Мәселен, Қарақұм ауылдық округінің шаруалары 510 гектарға мақта өсіріп отыр.

Біз «Нұржансая» шаруа қожалығының басшысы Қуаныш Амановтың 4 гектарды алып жатқан мақта танабына келдік. Танаптың бір шетіне «Джон-дир» комбайны түсіпті. Ұжым басшысының айтуынша, мұнда ерте көктемде мақта шитінің «27-47» сұрыбы егілген. Қозаны талапқа сай баптауды қожалық басшысының ұлы Нұржан қолға алыпты. Сапалы жүргізілген агротехникалық шаралардың нәтижесінде мақта алқабы жайқалып-ақ тұр. Жер жыртудан бастап өнім жинауға дейін көршілес Көкарал ауылындағы кәсіпкер Қалмахан Тоқсанбаевтың техникасы көмекке келген. Ал, Бақдаулет Орынбасаров терілген мақтаны «Беларусь» тракторының тіркемесімен Төрткүлдегі мақта зауытына тасымалдауда.

Мақта терімі аяқталуға жақын. Гектар түсімділігі 35 центнерден айналған. Қуаныш Аманов 2 жыл бұрын «Бірлестік-Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің (АШӨК) басшылығына тағайындалған еді. Бүгінде 300-ге жуық мүшесі бар шаруа қожалығы 1800 гектар алқаптан мол өнім аламыз деп отыр.

Беркінбек ЖАҚЫПҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Ордабасы ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз