Ерлік елдікке бастайды

Қазақтың қаһарман батыр ұлдарының бір – Бейсен Оңтаевтың ерлік шежіресін бүгінгі ұрпақ жақсы біледі. Жиырмаға енді толған жас жігіт 1942 жылы әскерге алынып, 65-армияның Қызыл тулы 69-шы Севск атқыштар дивизиясы, 120-атқыштар полкі құрамында жаумен шайқасты.

Сұрапыл жылдардың қанды естеліктері майдангердің есінде мәңгі қалды. «Кезекті шабуылдардың бірінде Дзот-қа бекінген жау біздің жаяу әскерге бас көтертпеді. Олардың ұрымтал жерін дәл білу үшін менің қарамағыма 13 жауынгерді қосып берді. Жер бауырлап жау траншеясына жеттік. Сонда байқағаным, қасымдағы жас жауынгерлердің Отанына, туған жерге, ата-анаға деген ыстық ықыластары көздерінен ұшқын атып тұрды. 10 танкіні қалқалаған 200-ден астам жау әскері аз ғана біздің топқа қарсы ұмтылды. Қарша бораған оқтан қорғана жүріп, жігіттер бой бермеді. Сол кезде барлаушылар 4 танкіні талқандап, 80-нен астам жау әскерін жойып, абыроймен кері қайттық» деп еді ол өзінің бір естелігінде.

Мұнан кейін де жас жауынгер талай ұрыстарға қатысты. Қайтпас қайсар, өжет ұлдың ерліктері аңызға бергісіз еді. 1943 жылы 15 қазанда Радули деревнясы (Украина, Чернигов облысы, Репки ауданы) маңында Днепр өзінен өту кезінде көрсеткен ерлігі үшін Бейсен Оңтаевқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1941–1945 жылдары қан майданда ерлік көрсеткен талай боздақ өмірден өтті. Бірақ, олардың өздері өлгендерімен рухтары мәңгі жасай бермек. Соғыс даласында қалған жауынгерлердің батырлықтарын, жаужүректігін олармен болған Бейсен атай да кейінгі ұрпаққа жеткізуді өзінің борышы санайды.

Соғыс бітіп, ел қуанып, айырылған құшақтар қайта табысып, бейбіт күн туған шақта Бейсен Сейітұлы да туған жерге табан тірейді. Құдай қосқан жары Хафизаға үйленіп, үш ұл, үш қызды тәрбиелеп өсірді. Елге қызмет етуді одан әрі жалғастырған ол 1945 – 1947 жылдары Арыс аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды. Ауылдағы ағайынның мұң-мұқтажына құлақ түріп, олармен етене араласып, еңбек етті. Білімін жетілдіру мақсатында Алматыдағы Жоғары партия мектебін бітірді. Кейіннен 1949 – 1952 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінде қызмет атқарды, Шымкент ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты МТС-тің партбюросын басқарды. Білікті қызметкердің қарым-қабілетін байқаған басшылар 1952 – 1953 жылдары оны Талдықорғандағы Қапал шекара қызметінде рота командирінің орынбасарлығын ұсынады. Ол жерде де еңбекқорлығымен көзге түсіп, әскер өміріне қажетті жұмыстарды ұйымдастыра білді. Алайда, денсаулығына байланысты бұл қызметінен бас тартқан батыр қалған өмірін жас ұрпаққа саналы білім беруге арнады. Шымкент педагогикалық институтын бітіріп, қатардағы ұстаздықтан бастап, мектеп директоры қызметіне дейін көтеріледі.

1965 – 1987 жылдарда Арыс ауданына қарасты В.В.Маяковский атындағы орта мектепте ұзақ жылдар директор болып еңбек етті. Бүгінде қарт майдангердің құрметіне бұл мектеп Бейсен Оңтаев атымен аталады. Сонымен қатар, батырдың туған ауылындағы білім ордасына да батырдың есімі берілген. Қарт майдангердің l-дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін», «1941 – 1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін», «Киев қаласын азат еткені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне», «Еңбектегі ерлігі үшін» секілді көптеген медальдармен марапатталған. Бейсен Сейітұлы педагогикалық қызметі үшін «ҚР халық ағарту ісінің үздігі» белгісін кеудесіне тақты. Өмірінің соңына дейін өз халқының, ұрпағының амандығын, бейбіт күннің қадірін түсіндіруден жалықпады. Батыр атамыздың құрметіне бокстан облыстық, республикалық, халықаралық турнирлер өткізіліп тұрады.

Бейсен атаның ұл-қыздары әке даңқын әрдайым мақтаныш тұтады. Батырдың он сегіз немересі, жиырма тоғыз шөбересі бар. Қара шаңырақта қалған Қуаныш атты немересі де атасы сияқты әскери қызметкер болды, шекарашы. Ол ерлік елдікке бастайтынын жақсы түсінеді.

Сәуле МАМЫТБАЕВА, Қазыбек би атындағы №36 орта мектебінің директоры. Шымкент қаласы.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз