Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай...

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Пандемия Қазақстанды ғана емес, дүние жүзін алаңдатып тұр. Коронавирус дертінен әлемде көз жұмғандар өте көп. Негізгі салмақ денсаулық сақтау саласы мамандарына түскені анық. Бұл жүкті дәрігер қауым қалай көтерді? Алда екінші толқын басталады деген болжам бар. Бұған дайынбыз ба?

 

Үш сценарийден не ұтамыз?

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой республикалық басылымдардың біріне берген сұхбатында эпидемияға қатысты үш сценарий жасалғанын атап өтті.

Бірінші сценарий бойынша карантинсіз тамыз айының соңына қарай COVID-19 жұқтырған күніне 27 мың науқас тіркеледі. Инфекциялық және провизорлық стационарларда орындарға деген қажеттілік 300 мың адамға бағаланады.

Екінші сценарий екі апталық ұлттық локдаунды қамтиды. Бұл ретте ауруханаға жатқызуды талап ететін күніне жеті мың жағдайға дейін тіркелетін болады.

Үшінші сценарий төрт апталық локдаун болса, эпидемияның дамуын көрсетеді. Ол кезде тамыз айының соңында ауруханаға жатқызуды талап ететін күніне 2500 оқиға тіркеліп, төсек қажеттілігі 30 мыңға дейін өседі...

Аталған министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, дайындық жұмыстарын жүргізуде. Күзгі маусымда жалпы 51 126 инфекциялық төсек-орын дайындалды, 5 542 жансақтау орны дайын. Қазір инфекциялық және провизорлық стационарларда өкпені жасанды желдететін 3 535 аппарат бар, қосымша 2 030 аппарат сатып алынады. 24 548 төсек-орын оттегімен қамтылған. 11 өңірдегі аудандық ауруханаға 53 отандық рентген аппараты сатып алынуда. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмаларына сәйкес «Жұмыспен қамту жол картасы» және жергілікті бюджет және демеушілер қаражаты аясында 12 модульді инфекциялық аурухана салынуда. Орал, Түркістан және Қызылорда қалаларындағы ауруханалардың құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы желтоқсанда бітеді.

Еліміздегі зертханалар тәулігіне 48 мыңға жуық тест жасауға қабілетті. Олардың санын 63 мыңға жеткізуге болады. Елімізде 74 мыңнан астам дәрігер жұмыс істейді.

 

16 млрд. теңгенің дәрісі бар

Министрлік дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша бірқатар шұғыл шаралар қабылдады. Бүкіл ел бойынша инфекциялық және провизорлық орталықтарда қор құрылды. Осылайша бірыңғай дистрибьютор 16 млрд.-тан астам теңгеге дәрілік заттардың 91 атауын жеткізді. Аталған шара инфекциялық және провизорлық орталықтардың жұмысын жеңілдетуге, COVID-19-дың жеңіл түрін амбулаториялық деңгейде емдеуге, халықтың дәрілік заттарға жұмсайтын шығынын төмендетуге, мемлекеттің стационарлық емге бөлетін шығынын үнемдеуге мүмкіндік береді. Амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмектер тізімі кеңейтілді.

 

Отандық вакцина

Қазақстанда 400-ден аса адамнан коронавирус індеті ПТР арқылы расталды. Бұл мәлімет күн сайын өзгеруі мүмкін. Еуропа қауіпті індетке қарсы тағы қамданып жатқанда қазақ елінің қапы қалуына әсте болмайды. Қазан айының соңында Шығыс Қазақстан облысында блок-бекеттер қойылды. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында да аурудың өршу қаупі жоғары. Таяуда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарияны қабылдап, коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның әзірлену барысымен танысуы жайдан жай емес. Ғалымдар әзірлеген белсенді емес вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында мақұлданып, клиникалық зерттеулердің бірінші кезеңінен ойдағыдай өткен. Қазіргі уақытта Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығында зерттеудің екінші кезеңі жүргізілуде. Бұл вакцинаның материалдары Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығында қаралып жатыр. Елімізде иммундық препараттар шығаратын зауыт құрылысы басталды. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 60 миллион мөлшерде вакцина шығаруға жетеді. Бұл – отандық нарықты ғана қамтып қоймай, экспортқа шығаруға да мүмкіндік бар деген сөз.

 

60 мың маман дайын

Пандемия кезінде эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты бірқатар мамандық түрлеріне сұраныс күрт өсті. Әлі де 150-ге жуық эпидемиолог пен инфекционист, 321 реаниматолог, 41 пульмонолог, 144 кардиолог қажет, сондай-ақ 128 рентгенолог, 244 педиатр, 44 жедел жәрдем дәрігеріне сұраныс бар. COVID-19 инфекциясының алдын алуға 28 мыңнан аса маман қажет болды.

Жыл басынан бері 60 мыңнан астам дәрігер, эпидемиолог пен медбике коронавирусқа қарсы күрес және індетті емдеу бойынша қысқа мерзімді оқу курсынан өтті. 7 мыңнан астамы эпидемиология, жұқпалы аурулар және биоқауіпсіздік курстары бойынша оқытылды. Ал, 95 эпидемиолог қайта даярлаудан өтті, биыл 20 қарашада қосымша 95 эпидемиолог, 100 инфекционист және 165 шұғыл көмек көрсететін маман даярланады.

 

Түркістанда жағдай тұрақты

Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимовтың айтуынша, өңірде жағдай әзірге тұрақты. 12 жылжымалы медициналық кешен жиынтығы сатып алынды. Жылжымалы медициналық кешендер отандық автокөлік негізінде құрастырылған. Заманауи цифрлық құралдармен жабдықталған бұл кешен 7 мамандандырылған кабинеттен тұрады. Ал, жедел жәрдем қызметі жыл соңына дейін 122 автокөлікпен толығады. Облысымызда бұрын 178 оттегі құралы бар еді. Енді олардың саны 322-ге жетті.

Медициналық ұйымдарда 2 айлық дәрі-дәрмек қоры жасақталған. Түркістан облысы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышановтың мәлімдеуінше, шетелден және өзге мемлекеттерден келген жолаушылар автобекеттер мен әуежайда, теміржол вокзалында қатаң тексеруден өткізілуде. Облыста той-думан, отбасылық шараларды өткізуге қатаң тыйым салынған.

Коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық ретінде арнайы тұрақтандыру қоры әзірленуде. Аталған қор ауру асқынған жағдайда дәрі-дәрмек тапшылығының алдын алады. Сонымен қатар, дәрілік препараттарды ауруханаларға дер кезінде жеткізумен айналысады. Ал, оның жұмысын қоғам белсенділері мен қадағалаушы орган өкілдерінен құрылған мониторингтік топ бақылайды. «СК-Фармация» ЖШС өкілі Нұргүл Жамалованың мәліметінше, қазір қоймалардағы дәрі-дәрмек алдағы екі айға толық жетеді.

– Қойманың өз деңгейінде жұмыс істеп тұрғанын анықтадық. Мұнда оңтүстік өңірі бойынша негізгі қор осы Шымкент қаласында сақталады. Сондықтан біз осы қоймаға жиі мониторинг жүргіземіз, – дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай.

 

 

Пікір қалдырыңыз