Жемістіде жемістер жайқалып тұр

Гүлдана АЙХОДЖАЕВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Жемісті ауылдық округі тұрғындарының басым бөлігі көп жылдардан бері көшет өсірумен айналысып келеді. Бұл округті «көшет шығаратын ауыл» деп те атап кеткен. Мәселен, елімізге танымал болған «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС-нің иесі Танабай Шынтасов та осы ауылдың тұрғыны. Қазір бұл ауылдың диқандары заманға лайық тез және көп өнім беретін көшеттерді өндіруді қолға алған. Шаруалар да қарқынды бау-бақшаға ден қойған.

Негізінен қарқынды бау-бақшалар, әсіресе, шетелдерде жақсы дамыған. Мәселен, Ресейі, Италия, Түркия секілді алып мемлекеттер арнайы сызба мен суару жүйесі бойынша отырғызылған көшеттердің мол пайда әкелетінін бұрыннан біледі. Елімізге мұндай жаңалық кешігіп жетсе де диқандар қарқынды алма бақтарын ұйымдастыра бастады. Атап айтқанда, Жемісті ауылында орналасқан «Ынтымақ бесарыс» ЖШС осыдан 3 жыл бұрын қарқынды алма бауын дамытуды қолға алды.

Қазіргі таңда алма көшеттерінің аралығы 1 метрді құрайды. Бұл – жерді үнемдеу әрі көп өнім алудың бір тәсілі. Алма бауының басы-қасында жүрген сушы-механик Тахыр Мехманның айтуынша, серіктестіктің қарқынды бауы 25 гектарды құрайды екен. Оған 70 мың түп алманың «Голден», «Галла», «Жи» және тағы басқа 7-8 көшеттің сорты екілген. «Биыл үшінші жыл өнім алып отырмыз. Бұл көшеттер еккен жылдан бастап өнім бере бастайды. Әрине, бірінші жылы көп емес. Мәселен, ең көп өнім бергені 460-500 тонна алма. Биыл жеміс ағаштары енді гүлдеп келе жатқанда суық ұрып кетті. Сондықтан өнім аздау болып, жалпы 110 тоннадан астам алма жинадық. Алма піскен кезде тез жинап алу керек. Себебі, ол жарылады әрі төгіледі немесе сырты қатая бастайды. Сондықтан біз өнімді тез жинап алып, арнайы қоймаға және сыйымдылығы 50 тоннаға дейін сақтайтын тоңазытқышта сақтаймыз. Сол жерден сауда орындарына жіберіп отырамыз» дейді Тахыр Мехман.

Шаруашылықта көшеттердің барлығы тамшылатып суарылады екен. Сол арқылы тыңайтқыштар да қоса беріледі. Тахырдың айтуынша, алма ағаштарының ауыратын кезеңдері болады. Сол кезде емдеп, дер кезінде дәрілерін бермесе мол өнімнен қағылады.

Қарқынды бау-бақшаның тиімділігі жан-жақты. Бір түп алма көшетінен 28 -35 келіге дейін өнім жинайды. Мұнда маусым кезеңіне қарай 50-ге жуық адам жұмыс істейді. Теруге және тасымалдауға арналған арнайы техникалары сақадай сай тұр. Алдағы кезде алманың қалдықтары, яғни сәл бүлінген жемістерден арнайы тосап дайындайтын цех ашу жоспарланып отыр. Осы жобалары іске қосылса, бірнеше ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылмақ.

Сарыағаш ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз