Өнері өрге сүйреген

Оразәлі Жаңабайдың есімі елге Ұлттық арнадағы «Men qazaqpyn» мегажобасы арқылы танылды. Оразәлі сол жобада Әсеттің «Қысметін», Досаттың «Қара атын» нәшіне келтіре орындап, көпті тәнті еткен болатын. Ел ішінде де Оразәліге Біржан салдың «Ғашығым», Кененнің «Базар-Назар», әсіресе, Шәмшінің «Теріскей», Ілия Жақановтың «Еділ мен Жайық» әндерін шырқап жіберші деп қолқа салатындар көп.

«Үй-ішімізбен домбыраға үйір болдық. Ата-анам, бауырларым домбыраның құлағында ойнамаса да, аракідік шертіп, шерін тарқатып тұратын. Соны көріп өскен мен 5 жасымда қолыма домбыра алып, 6 жасымда ән салдым» дейді Оразәлі. Алғашқы ұстазы өз әкесі болса, 6-сыныптан бастап жерлесі, созақтық әнші Кенжебай Шалдан тәлім алады. Жыр-терменің, текті сөздің тереңіне үңілуді бала Оразәлі сол ұстазынан үйренеді. Мектепті бітірген соң Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің дәстүрлі орындаушылар бөліміне оқуға түседі. Ол жақта Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, Жоламан Құжыманов секілді өнерде өзіндік орны бар дәстүрлі әншілерге шәкірт атанады.

«Өнер адамы болсам да үйден, елден жырақ өмір сүруге құмбыл болмадым. Оқу бітірген соң Түркістан облыстық Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияға жұмысқа қабылдандым. Мұнда кез келген әнші өнер көрсетіп, елдің алдына шығып жүрген жоқ. Сондықтан туған жерге келіп, осы есіктен еніп қызмет етіп жатқаныма шүкір етемін» дейді. Оразәлінің айтуынша, қазір өзі құралпы жастардың көпшілігі эстрадалық әндерге әуес. Бірақ, бұл дәстүрлі ән тыңдаушысыз қалды деген сөз емес. Ықылым заманнан бері қазақтың қанымен біте қайнасып келе жатқан бұл өнер енді өспесе, өшпейді. «Мен де жақсы, құлаққа жағымды ән болса жанр таңдап жатпаймын. Ол жанрда ән айтып кетпесем де, әнші ретінде тыңдап, сараптап отырамын. Бірақ, оның ішінде дәстүрлі әндерді көбірек тыңдаймын. Қазір халық әндеріне деген қызығушылық артып келеді. Бұрынғыдай емес, қазір қайда барсам да жанды дауыста ән шырқайтындарды жиі ұшырастырамын. Соған қарап ел ішінде дәстүрлі әнді үлкенді-кішілі жиын-тойларда қарапайым халық насихаттап жатқандай көрінеді. Егер телеарналар, радиолар, сайттар да дәстүрлі әнге қарай бетбұрыс жасаса, одан руханиятымыз ұтар еді. Көзбен, мимен қабылданған нәрсе түбі тыңдармандарын көбейтпей қоймайды. Қазір халықтың көкірегі ояу, көзі ашық. Жиын-тойда да жанды дауыста ән айтатындарды іздейді. Дәстүрлі әннің өз тыңдармандары барын біз білмесек, былайғы жұрт қайдан біледі?! Бірақ, бұл тыңдарман жеткілікті дегенді білдірмейді. Дәстүрлі әннің тыңдармандары көбейсе, ұлттың, ұлттық өнердің абыройы одан сайын асқақтар еді» дейді ол.

Оразәлі көбінде, ел естімеген әндерді орындауға тырысады. Себебі, дәстүрлі ән орындаушыларының міндеті әндерді орындау ғана емес, оны ұрпақтан-ұрпаққа бойындағы асылын жоғалтпай жеткізу.

Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Хафиздің әндері... Ол әндердің ешқайсысын бөліп-жармайды. Оң жамбасына келсе тыңдарманға жеткізуге асығады.

Ал, біз дәстүрлі өнердің өміршең болуына өз үлесін қосып жүрген жас әншіге шығармашылық табыстар тілейміз.

Мақпал ТӨРЕБЕК.

 

 

Пікір қалдырыңыз