Тарихы терең, еңбегі ерен – «Ońtústik»

Қараша айының 5-і күні «Ońtústik» телеарнасының құрылғанына 30 жыл толады. Кеңес Одағы ішінара ыдырап, алып мемлекеттің қабырғасы біртіндеп сөгіліп жатқан елең-алаң тұста құрылып, тәуелсіз Қазақстанмен бірге өсіп-өнген телеарнаның ұлтымыздың рухани дамуына сіңірген еңбегі орасан. Жас мемлекетте жаңалықтың жаршысына айналған телеарна елімізбен бірге дамып, бірге өркендеді, қанат жайды. Бүгінде өңірдегі ақпарат таратудың алыбына айналды. Әріптестеріміздің осы бір мерейтойы қарсаңында «Қазақстан» РТРК АҚ ОҚОФ директоры Уәли Қыдыр мырзамен сұхбат құрған едік.

– Уәли Сағындықұлы, «Ońtústik» телеарнасының өткені мен бүгініне тоқтала кетсеңіз...

– Біздің телеарна 1990 жылы түрлі-түсті теледидар ретінде телерадиокомитеттің құрамында дүниеге келді. Сол кездегі өңір басшысы Марс Үркімбаевтың қолдауымен облыстың өзінің төл телеарнасы ашылды. Ең алғашқы хабар сол жылдың 5 қарашасында таратылды. Телеарна эфирге 4 камералы жылжымалы телестанса арқылы шықты.

Жалпы, 30 жыл деген тарих үшін соншалықты көп уақыт болмауы мүмкін. Алайда, бір телеарнаның қалыптасып, ақпарат айдынына еніп, халық пен биліктің арасында «алтын көпір» болуына жеткілікті уақыт деп айтуға болады. 30 жылдың ішінде осы шығармашылық ұжымда қаншама буын өкілдері қалыптасты. Телеарна ашылған кезде жұмысқа орналасқан азаматтардың алды зейнеткерлікке шығып жатыр. Одақ ыдырап, ел ертеңі не болары белгісіз бұлыңғыр шақта телеарна ашу көзсіз ерлік еді. Байдулла Қонысбек секілді ардагер ағамыз осы телеарна арқылы халыққа танылды. Марқұм, ардагер инженер Болат Байменов ағамыздың ұжымға сіңірген еңбегі зор. Ол кісі өзінің жоғары жалақысы бар жұмысын тастап, осында келіп, еңбек еткен. Әр кез телеарнаға бас сұғып, жастардан ақыл-кеңесін аямайтын арда азаматтардың бірі-тін. Ал, марқұм Арыстан Отарбаевтың режиссура саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Арыстан ағамыздың арқасында телеарнада режиссерлік мектеп қалыптасты. Осындай жанашырлықтың, салаға деген сүйіспеншіліктің арқасында телеарна бүгінгі дәреже деңгейіне жетті.

Телеарнаның бүгініне тоқталар болсақ, қазір ұжымның 80 пайызы – жастар. Барлығы да осы саланы жүрегімен сүйіп келгендер деп айта аламыз. Қандай тақырып берсеңіз де, сеңді бұзып-жарып өтердей шабыттанып тұрады. Кейде асауды тұсағандай тежейтін де кездеріміз болады. Әрине, ондай жастардың бары қуантады. Осы шаңырақтың болашағын сеніп тапсыратын іні-қарындастардың өсіп келе жатқандығы көңілге қуаныш ұялатады.

– Бүгінгі «Ońtústikтің» материалдық техникалық жағдайы қандай? Телекөрермен үдесінен шыға алып жүр ме?

– Журналистика, оның ішінде телевизия саласы – өте қиын салалардың бірі. Мәселен, газет-журналда немесе сайттарда халыққа ақпарат беру үшін бір адамда қағаз-қалам мен компьютердің болуы жеткілікті. Ал, телеарнада олай емес.

2 минуттық сюжетті эфирге шығару үшін журналист, телеоператордан бастап, монтажер, режиссері бар, жалпы 10-ға жуық азамат жұмыс істейді. Әрине, олардың барлығын тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Мемлекеттік тапсырыстардан түсетін қаржымыз бар, одан бөлек жарнама арқылы табатын табысымыз бар, осылардың барлығы бір телеарнаның қажеттілігіне жұмсалуда.

Қазіргі ғимаратымыз – 1964 жылы қалалық партия ұйымдары мен кеңес органдары үшін стандартты үлгіде салынған ғимарат. Кейінірек күрделі жөндеуден өтіп, телеарнаға лайықталды. Бірнеше телестудия ашылды. Телеарна заманауи жаңа технологиялармен жабдықталған. Спутниктік қондырғысы бар 4 камералы шағын жылжымалы телевизиялық станса бар. ПТС арқылы республикалық маңызы бар іс-шараларды және Үкіметтің «Үдемелі индустриялық-инновациялық» бағдарламасының дамуына байланысты жыл сайын өтетін телекөпірде қазіргі Түркістан, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының ірі-ірі жобалары таныстырылады. Осының барлығында «Ońtústik» телеарнасы ұжымының қолтаңбасы бар.

«Ońtústik» телеарнасы қазіргі таңда жылжымалы телевизиялық станса арқылы облыстың кез-келген жерінен тікелей эфирде хабар тарата алады. Хабарлар тәулігіне 18 сағат эфирге шығуда.

Телекөрермендердің үдесінен шыға алып жүр ме деген сұрақты көрермендердің өзіне қойсақ жарасатын шығар. Десек те, көрермендердің телеарнаға деген ықыластары ерекше. Оны күнделікті редакцияға түскен хаттардан, телефон шалатын азаматтардың сөзінен байқаймыз. Таңғы уақытта шығатын «Таң нұры» бағдарламасы көрермендердің сүйікті бағдарламасына айналған. Одан бөлек «Объектив», «Біздің назарда» секілді бағдарламаларға да көпшіліктің көзқарасы жақсы. Әлеуметтік желіде, түрлі іс-шараларда, кездесулерде ұшырасып қалған азаматтар осы бағдарламаларды тілге тиек етіп, алғыстарын жаудырып жатады.

Телеарна өнімдері еңбектеген баладан еңкейген қартымызға дейін рухани азық болуы тиіс. Осы орайда «Ақ бата», «Дәстүр мен дастарқан» сынды тәлім-тәрбие беретін хабарлар эфирден үзбей шығып тұрады. Жастарға арналған «Жастар онлайн», «5-жатақхана» сынды хабарлар бар. Сонымен қатар әртүрлі салаларға арналған «Айбын», «Кәсіпкерлік құпиясы», «Сахнаға сапар», «Агробизнес» секілді арнайы бағдарламалардың да өз аудиториясы қалыптасқан.

Жалпы ұжымда 100-ге тарта адам еңбек етеді. Бағдарламалар әзірлейтін шығармашылық топта 53 адам жұмыс істесе, дирекцияда – 7, техникалық топта – 14, радиода 5 адам бар. Одан бөлек Түркістан қаласында арнайы тілшілер қосыны құрылған. Онда 7 адам жұмыс істейді.

– Бүгінде ақпарат таратудың сан қырлы әдісі қалыптасқан. Әлеуметтік желі арқылы хабар тарату оңай болып қалды. Осы орайда қазіргі телеаудиторияның талғамы қай деңгейде? Әлеуметтік желілер қазіргі дәстүрлі журналистиканы ысырып тастайды деген әңгімелер жиі айтылады. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Жасырары жоқ, соңғы жылдары біздің елімізде әлеуметтік желінің күш алып кеткені рас. Алайда, мына нәрсені ұмытпаған абзал. Әлеуметтік желіде ақпараттық контент таратушыларға фильтр, шектеу аз. Әртүрлі жалған ақпараттар, елді арандатушы хабарлар осыдан шығуы мүмкін. Бұл, түптеп келгенде, мемлекеттің қауіпсіздігіне зиян келтіруі ықтимал.

Сондықтан да бұл мәселеге мемлекеттік тұрғыда көңіл бөлінуі тиіс деп санаймын. Ресми ақпарат тарататын БАҚ өкілдеріне қолдау болуы керек. Бүгінде телеарнамызда жұмыс істеп жатқандардың басым көпшілігі өзге мамандық бойынша білім алғандар. Өңірімізде журналистерге сұраныс көп, маман тапшы. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы мамандарды бізге шақырту қиынның қиыны. Сол себепті де жоқтан бар жасап отырмыз. Әрине, ол біздегі мамандардың кәсіби шеберлігіне күмән туғызбауы керек. Алайда, «тауық сойса да қасапшы сойсын» деген мәтел бар ғой. Нағыз кәсіби шыңдалған, осы сала бойынша мамандық алған тележурналистерге әрдайым есігіміз ашық.

Көрермендердің талғамына келер болсақ, бүгінде әлеуметтік мәселе алдыңғы орынға шығып кетті ғой. Әлеуметтік мәселелер сөз болатын бағдарламаларымыз жиі қаралады. Осы бағдарламаға тұрғындар жиі хат жазады. Сонымен қатар біздің көрермендердің саяси, экономикалық талғамы төмен деп айтпас едім. Тікелей эфир арқылы беріліп жатқан хабарларға телефон шалатын, осы салалар бойынша үн қататын көрермендердің де қатары көп.

Біз, оңтүстік өңірі дәстүрлі қазақы қаймағы бұзылмаған өлке ретінде мақтана аламыз. Салт-дәстүр, жөн-жоралғы, жастар тәрбиесіне қатысты бағдарламаларымызды еліміздің теріскей өңіріндегі тұрғындар көптеп көреді екен. Соның айғағы ретінде Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарынан хабарласатын көрермендерді айтар едім.

Жалпы айтқанда, «Ońtústik» телеарнасы осы 30 жыл уақыт ішінде қазақ телевизиясы саласында өзіндік орны бар шығармашылық ұжымға айналды деп толық сеніммен айта аламыз. Көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп жүрген телеарнамыздың қазақ тұрғанша тұруын тілеймін.

– Әңгімеңізге рахмет! Мерейтойларыңыз құтты болсын! Ұжымыңызға толағай табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Ерболат АЙНАБЕКОВ.

 

 

Пікір қалдырыңыз