Облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақты

Облысымызда коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызу үшін тұрақты негізде 600 инфекциялық және 100 карантиндік төсек-орын дайын. Қосымша қажет болғанда орын санын 5610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов мәлімдеді.

«Облыста медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейде жасақталған. 8 оттегі стансасы бар. Сондай-ақ, 80 бірлік оксигенация аппараты сатып алынды. Бұдан бөлек, оттегі концентраторларының саны 890-ға жетті. Оттегі нүктелерінің саны 9,7 есеге артып, 205-тен 2005 нүктеге дейін ұлғайды. Ағымдағы жылы облыстық бюджет есебінен 1 компьютерлік томограф пен 3 сандық рентген аппараты орнатылды. Медициналық ұйымдарда пульсоксиметрдің қамтамасыз етілуі 190-нан 3879-ға дейін жетіп отыр» деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, облыста ПТР зертханаларының саны 3 бірліктен 9 бірлікке дейін өсті. Күн сайын 2,5 мыңнан астам зерттеулер жасауға мүмкіндік бар. Бұдан өзге, 12 бірлік жылжымалы медициналық кешен жиынтығы сатып алынуда. Нәтижесінде жылжымалы медициналық кешенмен аудандарды қамтамасыз ету көрсеткіші 100%-ды құрайтын болады. Жедел жәрдем қызметіне жыл соңына дейін 122 автокөлік сатып алу жоспарланған. Бұл автокөліктер жедел жәрдем қызметі паркін 96%-ға жаңартуға мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, медициналық ұйымдарда 2 айлық дәрі-дәрмек қоры бар. Өңірде тұрғындардың дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бөлшек сауда дәріханалары арқылы жергілікті тұрақтандыру қоры құрылған. Жалпы, облыс аумағында 557 бөлшек сауда дәріханалары қызмет атқарады. Оның 238-імен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Халықты бетперделермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін ересектерге 1,5 млн. және балалар үшін 1 млн. қосымша тапсырыс берілді.

Түркістан облысында пандемия басталғалы COVID-19 инфекциясын жұқтырған 3 408 жағдай тіркелген. Жазылып шыққандар саны – 3 349, қайтыс болғандар – 46.

 

 

Пікір қалдырыңыз