Өңіріміз қысқы маусымға дайын ба?

Облыс бойынша жылыту маусымына қажетті қатты отын көлемі 1 003,2 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі күнге дейін 294,1 мың тонна тасымалданған. Бұл туралы Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев мәлім етті.

«Жалпы, 2020-2021 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы жоспарға сай жүргізілуде. Облыс бойынша 586 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі. Қысқы маусымға дайындалғаны – 442 тұрғын үй. Алдағы жылу маусымына 2623 бюджеттік мекемені дайындау жоспарланған. Бүгінде 2253 мекемеге дайындық жұмыстары жүргізілді» деді Ерік Темірханұлы.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Шерзат Сүттібаевтың мәліметінше, облыстық маңызы бар автомобиль жолдары қысқы мерзімге дайын. Жалпы, 4152,34 шақырым жолдың 1943,3 шақырымы бірінші кезектегі қардан тазаланатын инертті материалдар себілетін жолдар болса, оның ішінде 434 шақырымы – таулы өңірлердегі қар қатты басып қалуы қаупі жоғары аймақтар.

Сонымен қатар, облыстық маңыздағы жолды қыс мезгілінде күтіп ұстауға облыстық бюджеттен 69 млн. теңге қаралған. Оған 354 жұмысшы мен 124 бірлік техниканы жұмылдыру жоспарланып отыр. Ал, қыс мезгілінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл әрекеттерді жасауға жол мекемелерімен хабарландыру сызбасы бекітілген.

«Жолдардың жай-күйін күнделікті бақылау және төтенше жағдайлар департаметімен дер кезінде ақпарат алмасу үшін тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ауа райының қолайсыз мезгілінде жолда қалып қойған жолаушыларға жағдай жасау мақсатында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 4 жылыту бекеті орналасқан. Атап айтқанда, олардың қатарында Бәйдібек ауданында, облыстық маңызы бар «Қошқарата-Жарықбас-Бірлік» автомобиль жолының 28-ші шақырымында «Шыбықбел» және «Ұланбел-Созақ-Шаян-Екпінді» автомобиль жолының 605-ші шақырымында «Одаманбұлақ» жылыту бекеттері бар. Сондай-ақ, Созақ ауданында «Жамбыл облысының шекарасы Құмкент-Шолаққорған-Кентау» автомобиль жолының 63-ші шақырымында «Ащысай» және «Ұланбел-Созақ-Шаян-Екпінді» автомобиль жолының 593-ші шақырымында «Таскөмірсай» жылыту бекеттері ораналасқан. Барлық жылыту бекеттерін жылы күйде ұстау мақсатында кезекші қойылып, 60 тонна көмір отынымен қамтамасыз етілді» деді Шерзат Анарқұлұлы.

 

 

Пікір қалдырыңыз