Саяси партиялардың салмағы сыналар сәт келе жатыр

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Алда – дүбірлі дода. Мәжіліс депутаттары мен мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы. Қазіргі таңда оған жер-жерде дайындықтар басталып та кетті.

2016 жылғы сайлауда елдегі алты партияның тек үшеуі ғана халық қолдауына ие болғаны белгілі. Атап айтқанда, «Nur Otan», «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, Қазақстан коммунистік халық партиясы ақтық қорытынды бойынша Парламенттің төменгі палатасына өткен болатын.

Иә, «Nur Otan» партиясы үнемі халықтың назарында жүр. Олар жуырда праймериз өткізіп, елдегі көшбасшы партия екендігін тағы бір рет дәлелдеді. Жұрттың қызығушылығы артқаны емес пе, жаңа бастаманы қолдағандар, тіпті оған қатысқандар саны да көп болды. Енді сол саяси додада жүзден жүйрік шыққандар мәслихат депутаттығына үміткер бола алады. Ал, басқа партиялардан мұншалықты белсенділікті байқау қиын. Дегенмен, 21 қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы Жарлығынан кейін олар да соны серпін алып, сілкіне бастаған сыңайлы. Бүгінде елде тіркелген барлық 6 саяси партия парламенттік додаға қатысты мәлімдеме жасады. Партиялар арасындағы сындарлы, ашық саяси бәсекелестік қана елдің дамуына оң өзгерістер алып келуі ықтимал.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Мемлекет басшысы алдағы парламенттік сайлауға қатысты «Барлық партиялар саяси бәсекелестіктің жоғары деңгейін көрсетіп, елдің дамуының өзекті күн тәртібін ұсынады деп сенемін. Бізде бір мақсат – халықтың амандығы мен біздің ортақ шаңырағымыздың гүлденуі» деген пікірін білдірген еді.

Сонымен, Қазақстан коммунистік халық партиясы алдағы Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауға дайын. «Біз парламенттік партия ретінде кез келген сайлау науқанына қатысуға міндеттіміз. Өйткені, бұл күшімізді байқап көрудің үлкен мүмкіншілігі саналады. Меніңше, бүгінгі әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында бұл өте өзекті бола түсті. Халықтың белгілі бір бөлігі біздің көзқарастарымызды жақтап, қолдау көрсетіп отыр және сол адамдардың үмітін ақтауымыз керек. Бізде процедура демократиялы. Өйткені, жарғымыз демократиялық орталықтандыру негізінде жазылған және соған сәйкес партияішілік таңдау процестері партия сессиясында ашық талқыға түседі. Коммунизм идеологиясының негізі – әділдік. Біз сайлауға «әлеуметтік әділдік» ұранымен түсеміз» деді аталған партия мүшесі, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров. Айтуынша, Мәжілістегі коммунистер осы уақытқа дейін әлеуметтік теңсіздікті қамтамасыз ету үшін біраз жұмыс атқарған. Олар әйелдердің зейнетке шығу жасына қатысты заңды қолдамапты. Сондай-ақ, Парламент алаңында жерді шетелдіктерге сатуға болмайтындығын ең бірінші болып мәлімдеген партия екен. Олар өздерін оппозициялық партия санайды. Бұл жөнінде А.Қоңыров: «Үкіметпен толықтай өзара түсіністік орнаған деп айта алмаймын. Олардың өз міндеті, Ұлттық банктің өз міндеті, оппозициялық партия ретінде біздің өз міндетіміз бар. Біз сынаймыз, тіпті кейде қоғамның игілігі үшін әрекет етіп, мәжбүрлейміз де» дейді.

«Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев халық үшін осынау тарихи маңызы зор саяси дода – сайлауда өзгерістер көп дейді. Бұл ерекшеліктері көппартиялы Парламентті жасақтауға мүмкіндік береді деп сенеді. Ең алдымен, Қазақстанда алғаш рет 30 пайыздық әйелдер мен жастар квотасы енгелі отыр. Екінші мәселе – тиісті заңдарға Парламент ішіндегі оппозиция туралы, олардың құқықтары мен мүмкіндіктері толық жазылған өзгеріс енгізілді. Үшінші, жергілікті жерлердегі мәслихат депутаттары да партиялық тізіммен сайланатын болады.

Әрине, сайлауға қатысу үшін әр партияның өз бағдарламасы болады, ол партияның съезінде қабылданады. Сол платформада партияның нақты жоспарлы жұмыстары жарияланады. «Ауыл» партиясы өз атына сай, негізгі басымдықты ауыл шаруашылығы мен ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін түзетуге жұмсамақ.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия төрағасы Асхат Рақымжанов сайлауға қатысты мәлімдеме жасап, оппозицияның саяси додаға түсетінін хабарлады. «Сайлау арқылы мемлекетті басқару құқығы жүзеге асырылады. Сондықтан кез келген саяси партия, соның ішінде ЖСДП да бұл процестерден сырт қалмай, қатысуы керек. Қазіргі кезде партия ішінде сайлау науқанын ұйымдастыруға бағытталған түрлі ұсыныс талқыланып жатыр» деді ол.

«Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев та Президент шешімін құптайтынын айтты. «Біз құрылған сәттен бері барлық парламенттік сайлауға қатысып келеміз. 2004 жылы «Ақ жол»12% дауыс жинады, ал, 2012 жылдан Мәжілісте тұрақты түрде парламенттік фракция құрып келеміз. Біз сондай-ақ пандемияның жаңа толқыны және өзге де сыртқы сын-тегеуріндердің сақталу қаупіне байланысты барлық қажетті қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, адал және ашық сайлау өткізуге шақырамыз» деді А.Перуашев.

«Бірлік» партиясы да сайлауға білек сыбана кіріспек. «Бірлік» төрағасы Серік Сұлтанғали сайлаудың Ата заңда белгіленген мерзімде өткізілуін құптайды. Ұйымның 30 қыркүйекте өткен съезінде олар сайлауалды платформасының сұлбасын бекітіп, жарғыға өзгерістер енгізіпті. Айта кету керек, Қазақстанда «Бірлік» саяси партиясы 2013 жылы құрылды. 2016 жылы парламенттік сайлауға қатысты. Ол кезде партия ең аз 0,29% дауыс жинап, Парламентке өтпей қалған еді. «Біз біреудің көңілінен шығу қажет деген ұстаныммен жүрмейміз. Біздің партия – нақты істің көрсеткіші» дейді Серік Сұлтанғали.

Ортсайлауком төрағасының орынбасары Константин Петров партиялардың өз кандидаттарын ұсынуы биылғы 10 қарашадан 30 қараша күнгі сағат 18.00-ге дейін жүретінін баяндады. Яғни 1 желтоқсанға қарай қандай партиядан қандай тұлғалар депутаттыққа кандидат ретінде додаға түсетіні толық анықталады. Мәжіліс те, мәслихат та партиялық тізім бойынша қалыптастырылады. Ол тізімді ұсынуға тек тіркелген саяси партиялар ғана құқылы.

Екінші кезең – партиялық тізімдерді тіркеу сайлауға тура 2 ай қалғанда басталып, 1 ай қалғанда аяқталады. Тиісінше, кандидаттарды тіркеу науқаны 10 қарашадан 10 желтоқсан күнгі сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Ортсайлауком кандидаттардың Конституция мен сайлау туралы конституциялық заң талаптарына қаншалықты сәйкес келетінін айқындайды. Осы мақсатта салық және басқа да органдарға сұрау жолдайды. Оның барысында тізімдердегі әрбір кандидаттың азаматтығы, Қазақстанда кейінгі 10 жыл бойы тұрақты тұратыны, сайлау құқығынан айырылмағаны расталуы тиіс. Содан соң партиялық тізімдерді тіркеу жүргізіледі.

Сонымен қатар әрбір партия төл партиялық тізіміне енген әрбір адам үшін ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 15 есе көлемінде сайлау жарнасын енгізуі қажет. ЕТЖ 2021 жылы 42 500 теңге мөлшерінде қалды. Ендеше, әр кандидаты үшін партиялардан 637 мың 500 теңге сайлау жарнасын төлеу талап етіледі. «2016 жылғы сайлау нәтижесінде «Nur Otan», «Ақ жол» және ҚКХП 7%-дан артық дауыс жиған болатын. Сондықтан бұл үш партия жарна төлеуден босатылады» деді Константин Петров.

Үшінші кезең – сайлауалды үгіт-насихат науқанына партиялар 10 желтоқсаннан бастап кірісе алады. Үгіт жұмыстарын олар 9 қаңтар күнгі түнде тоқтатулары шарт. Сөйтіп, сайлау жалпы алғанда 82 күнге созылады.

 

 

Пікір қалдырыңыз