Жобалық кеңсенің жұмысы ширап келеді

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Қазіргі қоғамға кенеше жабысқан қауіпті дерттің бірі – сыбайлас жемқорлық. Ол еліміздің экономикалық тұрғыдан дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қаншама адамның тағдырын тас-талқан етіп жатыр. Осы орайда мемлекеттік қызмет саласында да жемқорлықтың жиі орын алатынын айтпасқа болмайды. Дегенмен, заңды белшесінен басып, адам құқығынан аттап өткісі келетіндерге қарсы күрес тоқтаусыз жүргізіліп келеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы жаңа өзгерістерге сай, ендігіде мемлекеттік қызметшілерге кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады. Нақтырақ айтсақ, қылмыстық кодекстің 367-бабына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге құны 2 айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықтар тарту қылмыстық жауапкершілікке соқтырады. Демек, қолына құзыр тиіп, қызметін асыра пайдаланатындар жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін органдардың бақылауында болмақ. Десе де, кейде заңға қанша өзгеріс енгізіп, қылмыстың жазасын ауырлатқанның өзінде тәртіпке бой бере қоймайтындар кездеседі. Ал, «аға-көкесіне» арқа сүйейтін ондай қызметкерлерді тәубесіне келтіру үшін заңның іс жүзінде орындалғаны маңызды.

Департамент ұсынған деректерге сүйенсек, жыл басынан бері облыс бойынша 700 мыңға жуық адамды қамтыған жемқорлыққа қарсы 1337 іс-шара ұйымдастырылыпты. Осы мерзім ішінде өңірде мемлекет бюджетін жымқыру дерегі бойынша 46 қылмыс тіркеліп, келтірілген залал 1 млрд. 142 млн. теңгені құраған. Бүгінде ол қаржының 99 пайызы өндіріліп, ел қазынасына қайтарылыпты.

– Жаңа заңнамаға сәйкес, сыбайлас жемқорлық субъектісі болып саналатын квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғаларының да тізімі кеңейген. Сондай-ақ, қылмыстық кодекске «қылмысқа арандату» деген бап енгізіліп, ол тек парақорлықпен шектелмей, кез келген қылмысты қамтитын болады. Жемқорлық фактісіне кезіккен жағдайда азаматтар тәулік бойы жұмыс істейтін 1424 Call-орталығына хабарласа алады, – дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай.

Қазіргі уақытта жемқорлыққа қарсы күресте департамент жанынан құрылған «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің аяқ алысы тәуір. Мәселен, жобалық кеңсе биыл «Сапалы жол» жобасы аясында 11 аудандағы автокөлік жолдарының құрылысына мониторинг жүргізіп, 30-дан астам талапқа сай келмейтін жағдайды анықтаған. Бұл жөнінде әкімдік пен мердігер компанияға ескерту жасалып, қалпына келтіру жайында ұсыныс жасалған. Бұл өз кезегінде жемқорлықтың жолына кедергі болып, олқылықтарды дер кезінде орнына келтіруге мүмкіндік береді. Одан бөлек, кеңсенің «Бизнес пен инвесторларды қорғау» жобасы бойынша бүгінгі күнге дейін жалпы құны 574 млрд. теңгеден астам аса ірі 42 кәсіптік субъекті сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық сүйемелдеумен қамтылған. Ал, тұрғындар үшін «Open Space» үлгісіндегі 60 мекеме және 84 фронт-кеңсе, 6 сервистік әкімдік қызмет атқаруда. Жалпы, өңірдегі дәрі-дәрмек бағасы, жол сапасы, білім сынды әлеуметтік маңызды мәселелер – жобалық кеңсенің назарында.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз