Түлкібас түрлене түсті

Айгүл СҮНДЕТОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Табиғаты тамылжыған Түлкібас ауданында бүгінде көптеген көңіл сүйсінтерлік жұмыстар атқарылып жатыр. Аймақтың экономикалық-әлеуметтік ахуалы жақсарып, жергілікті тұрғындардың тұрмысы арта түсуде. Осы ретте соңғы кездері атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталғымыз келеді.

Мәселен, жуырда аудан орталығындағы Тұрар Рысқұлов көшесінің бойы мен орталық мұражай аумағына 500 ақ қайың мен «Писарда» өрігі және сәнді ағаштардың көшеттері отырғызылды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында «5 жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады» деген еді. Осы тапсырманы басшылыққа алған аудан тұрғындары өңірімізді көгалдандыруға жұмыла атсалысуда. Алдағы уақытта да аймақты көріктендіру жұмыстары демеушілер есебінен жүзеге асырылмақ.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Састөбе кентіндегі 16 көше ағымдағы және күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындардың игілігіне берілді. «Жұмыспен қамту жол картасының» 2020-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде кенттегі ішкі көшелердің тозығы жеткен 8,4 шақырымды құрайтын электр желісі толығымен жаңартылып, 120 бағана мен қуаттылығы 400 кВт жаңа трансформатор орнатылды. Сондай-ақ, күре жол бойларына шамдар орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салынды. Састөбе селосының сәулетіне сәулет қосылып келеді.

Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тамара Есембаеваның мәлімдеуінше, аудан бюджетінің жергілікті кіріс бөлігі 20 миллиард 18 миллион теңгені құрап, жоспардың орындалуы 105,9 пайызға жеткен.

Соңғы жылдары кәсіпкерлер қайырымдылық шараларына белсене атсалысып келеді. Солардың бірі – алма өсіруші кәсіпкер Бейбіт Төлешев. Ол «Nur Otan» партиясының «Өмір» және «Шипа» жобалары аясында орталық ауруханаға екі жасанды тыныс алу аппаратын тарту етті. Сондай-ақ, ол бірнеше жәшік алманы науқастар мен аурухана қызметкерлеріне таратып берді.

Қайырымдылық шарасы Ақбиік ауылында да жалғасын тапты. Шымкент цемент зауытының директоры Виталий Крайзер ауыл тұрғындарымен кездесіп, жасөспірімдерге 50 планшет сыйлады. Қашықтан білім алып жатқан шәкірттерге де, мұғалімдер үшін де бұл үлкен қолдау болды. Ата-аналар белгілі кәсіпкерге алғыстарын жаудырды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Ержан Қадырбек Үкімет резервінің қорынан балаларға 5 планшет үлестірілгенін айтып, жақын күндерде 10-11-сынып оқушылары үшін 15 компьютер, 40 ноутбук сатып алуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, Т.Иманбеков атындағы мектептің директоры Нияз Әшімбайұлы 5 оқушыға смартфон тарту еткен.

Түлкібастағы табысты бастамалар мұнымен де шектеліп қалмақ емес. «Алманың отаны» атанған аудан әлі талай биіктерді бағындыра бермек.

Түлкібас ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз