Соттың саны көбейгенімен, даудың азайып жатпағаны анық

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Әр төрт жыл сайын өтетін Судьялар съезін қоғамдағы көзіқарақты жандар асыға күтеді. Себебі, онда сот жүйесінің кемшін тұстары ортаға салынып, саланың алдағы жылдарға арналған бағыт-бағдары белгіленеді. Қазақстан судьяларының кезекті VIII съезі пандемияға байланысты биыл онлайн режимде ұйымдастырылды. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, саланың жетістіктерімен қатар жетілдіретін тұстарына да айрықша назар аударды.

Жалпы, Қазақстан Судьялар съезінің тарихы 1996 жылдан бастау алады. Осы аралықта сот жүйесін ілгерілету бағытында қыруар жұмыстар атқарылды. Мәселен, съезде айтылған ұсыныс-пікірлердің негізінде сот бес сатылы жүйеден үш сатылы жүйеге көшті. Мамандандырылған ауданаралық соттар құрылып, этикалық нормаларға негізделген судьялардың әдеп кодексі қабылданды. Бұрынғы билер соты қайта жаңғырып, дау-дамайды сотсыз шешудің тетігі ретінде медиация институты енгізілді. 2009 жылы өткен съезде Елбасы инновациялық технологияларды кеңінен пайдалану қажеттігін айтып, саланы сандық жүйеге көшіруді міндеттегені белгілі. Бүгінде ол тапсырма іске асып, барлық сот залдары дыбыс-бейне жазу құрылғыларымен жабдықталды. Соттар қағазбастылықтан арылып, электронды технологияға негізделген оңтайлы, қолжетімді, ашық сот процестері базасы жасақталды. Мұнан бөлек, сот жұмысын оңтайландыру бағытында қаншама жаңашыл жобалар қолға алынды.

Дегенмен, сот жүйесі бүгінгі қоғам дамуына сай ізгіленіп, кемшіліксіз жұмыс істеуде деп нық сеніммен айту қиын. Бұдан жиырма жыл бұрынғы статистика мен бүгінгі деректерді салыстыра қарасаңыз, осы аралықта сотқа шағымдану көрсеткішінің арта түскенін аңғаруға болады. Деректерге сүйенсек, жиырма жыл ішінде халық саны 12,7 пайызға жетсе, есесіне осы кезеңде әкімшілік құқықбұзушылық – 90, қылмыс саны – 94,7 пайызға, әсіресе, азаматтық дау-дамай саны 97,9 пайызға өскен. Бұл кімді болса да ойландыруы тиіс.

Сот өндірісіндегі азаматтық даулардың дәл бұлай шарықтап кетуі – сот жүйесінің қазіргі өзекті проблемасы. Әлбетте, бұған қабылданып жатқан заңдардың да әсері жоқ емес. Соңғы жиырма жылдың көлемінде тек қылмыстық және азаматтық іс жүргізу кодекстіне 20-дан аса өзгеріс енгізілген екен. Яғни бұл іс қарау тәртібі қайта-қайта өзгеріске ұшырап отырған деген сөз. Бұрын қылмыстық істі қараған сотқа бірден азаматтық талаптарды да толық шешу міндеттелсе, қазір оларды бөліп, азаматтық соттарға жолдау тәжірибесі қалыптасқан. Некені бұзу туралы азаматтық істер бойынша некеден ажырату, мүлікті бөлу, әкелікті анықтау, баланы патронаттық тәрбиеге беру, алимент өндіру мәселелері бұрын көбіне бір ғана іспен шешілген болса, қазір бұл мәселелер бөлек-бөлек 7-8 іс болып қаралады. Мәселен, бүгінгі соттардағы банк комиссиясы туралы дауларды алып қарайықшы. Талап белгілі, жауапкер – банк, талапкер – клиент. Былайша айтқанда, анықтайтын мән-жайлар шектеулі, еш қиындығы жоқ іс. Алайда, осы істер бірінші саты соттарында азаматтардың санына қарай бірнеше іс болып қаралады. Не үшін? Түсініксіз.

Халқымыз «Би екеу болса, дау төртеу болады» деген. Бас-аяғы біраз жылдың ішінде қылмыстық сот, азаматтық сот, әкімшілік сот, экономикалық сот, ювенальды сот, тергеу соты секілді бірнеше сотты құрып тастадық. Бүгінде қарапайым халық түгілі олардың саны мен түрінен заңгерлердің өзі шатасатын халге жетті. Әйтпесе, осыдан жиырма жыл бұрын осы істердің барлығын дерлік бір-ақ сот – аудандық сотта бір судья қарап шешетін. Ал, бүгін ше? Турасын айтқанда, судьялар мен соттардың көбеюінен іс пен даудың азайып жатпағаны анық.

2011 жылы соттардағы істерді азайту мақсатында «Медиация туралы» заң қабылданғаны белгілі. Бірақ, мұның әлі күнге дейін сот өндірісіндегі істердің азаюына оншалықты септігі тимей келеді. Қазіргі қолданыстағы заңға сүйенсек, медиатор дегеніміз судья емес, тіпті, көбісі кәсіби заңгер де емес. Оған жүгінген ел қалтасынан қаржы шығарып, медиатордың еңбегіне ақы төлейді. Ал, оған көңілі толмаса, мемлекеттік баж төлеп, ресми сотқа жүгінеді. Ендеше, бұл – мәселені түпкілікті шешпей, уақытша ысыра салу, елді босқа әуре қылу деген сөз. Президент соңғы Жолдауында: «Он жылдай бұрын біз «Медиация туралы» заң қабылдадық. Бірақ, қазіргі кезге дейін бірде-бір мемлекеттік орган оның даму мәселесімен айналысқан емес. Айқын мемлекеттік саясат байқалмайды. Бұл жағдайды реттеп, қателікті жөндеу керек» деп, тиісті органдарға тапсырма жүктеп, мәселені бірізге түсіруді міндеттеген болатын.

Қысқасы, соңғы жылдары көпшіліктің сотты жиі жағалап кеткеніне біз де алаңдаулымыз. Әрине, біреу келісер, біреу келіспес, бұған жоғарыдағы жағдайлардың да өз әсері бар екені даусыз. Сосын сотты сағалап жүргендердің бір легі сот шешіміне наразылар деуге болады. Әрине, сот шешімдерінің ала-құлалығы бөлек тақырыптың еншісіндегі әңгіме. Кешегі жиында Президент сот шешімдеріне қарап мемлекетке деген көзқарас қалыптасатынын ескертіп, ардан аттағандарға жазаның қатаң болатынын тағы да судьялардың қаперіне салды.

 

 

Пікір қалдырыңыз