Донор азайды...

Пандемия әкелген зардаптар аз болмай тұр. Соның бірі – донор болу. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты соңғы кезде Түркістан облысы мен Шымкент қаласында қан тапсырушылардың қатары күрт кеміген. Бұрын тәулігіне алпыстан астам адам қан тапсыруға тәуекел етсе, қазіргі кезде талапкерлер саны оның жартысына да жетпейді. Бұл – дабыл қағатын жағдай. Алдағы уақытта қан тапшылығы өткір сезілуі мүмкін. Таяуда Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары арнайы акция ұйымдастырды. Олар қанға мұқтаж науқастардың қандай мүшкіл халде болатынын жақсы біледі. Қайырымдылық шарасы аясында өз еріктерімен аталмыш департаменттің 100-ден астам қызметкері қан тапсырды.

Облыстық ТЖД ақпараттандыру және байланыс бөлімшесінің аға инженері Асқар Шәріптің бұл салада қызмет атқарып жүргеніне 4 жылдан асты. Осы уақыт аралығында төтенше жағдайға тап болып, қиналған талай жанға жәрдемдесті. Аталмыш акцияға да өз ықтиярымен қатысты. Мақсаты – қанға мұқтаж жандарға көмек беру.

– Төтенше жағдайлар департаменті мамандары өңіріміздің әрбір тұрғынының саулығы үшін алаңдайды. Қажет кезде көмекке асығып, қол ұшын беру – біздің борышымыз. Тек тосын жағдай орын алғанда ғана емес, медициналық тұрғыдан қорғауға да әрқашан дайынбыз, – деді А.Шәріп.

Негізінде қаладағы қан орталығының сұранысын толық қанағаттандыру үшін жылына кем дегенде 60 азамат тұрақты түрде қан тапсыруы ләзім. Бірақ, аталған медициналық мекемеде бұл көрсеткіш 50 пайыз ғана.

– Еліміздегі індеттің барлық салаға өз зардабын тигізіп жатқаны белгілі, – деді Шымкент қалалық қан орталығы Түркістан филиалының жауапты дәрігері Талғат Бекназаров. – Соған байланысты ерікті донорлар қатары азайып қалды. Алынған қанды алдымен жіті тексеріп, кейін қоймаға жөнелтеміз. Арнаулы ғимаратта ол белгілі температурада сақталады. Кейін ауруханалардың сұранысына қарай өңірдегі ауруханаларға жеткізіп беріп жатырмыз.

Мұндай қайырымдылық акциялары жалғасын тауып жатса, қанеки?!

«Оңтүстік»-ақпарат.

 

 

Пікір қалдырыңыз