Жүкті әйелдің бауырынан... 19 сантиметр құрт шықты

Таяуда Шымкент қаласындағы №1 ауруханаға айы-күні жеткен жүкті әйелге шұғыл түрде ота жасаған дәрігерлер адам сенбес оқиғаға куә болды. Мұндай да болады екен. Келіншектің бауырына жабысқан жиырма сантиметрге жуық құртты алып шыққанда ақ желеңділер жағасын ұстады. Бұл соңғы үш жылдағы үшінші мегаполистегі екінші жағдай екен.

Абырой болғанда ана мен бала аман. Бұл жайында аталмыш аурухананың бөлім меңгерушісі Сәбит Байтеміров былай дейді:

– Әйелдің бауырында эхинококк кистасы бар екені анықталды. Босану уақыты жақындағаннан кейін нәрестені кесар тілігі арқылы дүниеге әкелу үшін ота жасалды. Қазір науқастың жағдайы жақсы. Эхинококк паразиттік ауру болып саналады. Паразит киста түрінде өседі. Ол микроскоп арқылы ғана анықталады, көзге көрінбейді, сұйықтық ретінде бауырда, басқа органдарда өсе бастайды. Онымен жүре берсе әрі қарай асқынып, жарылып кетуі мүмкін, – деді ол.

Дәрігердің айтуынша, бұл үй жануарларынан тарайды екен. Малдың дұрыс өңделмеген еті арқылы адамға жұғады. Негізі Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облысында жиі кездесетін дерт екен.

«Оңтүстік»-ақпарат.

 

 

Пікір қалдырыңыз