«Қажырлы еңбектің қайтарымы болады»

«Жастық шақта еңбек бер, қартайғанда зейнет бер». Бұл – әрбір адамның алғаусыз тілегі болса керек. Сол үшін жұмыс жасындағы азаматтар өздерінің еңбекақысының бір бөлігін жинақтаушы қорларда сақтайды. Заман ағымына қарай бұл салада да түрлі реформалар қолға алынып, жұмыс жүйесі де жетілдіріліп жатыр. Саладағы соңғы жаңалықтар мен өзгерістерге байланысты біз БЖЗҚ АҚ-ның жергілікті филиалының директоры Мұхтар Мұсаевты сұхбатқа шақырған едік.

– Мұхтар Әбдібайұлы, жаңа реформаға байланысты елімізде 700 мың салымшы өз жинағының тиісті мөлшерін алуға мүмкіндігі бар екен. Ал, біздің өңір бойынша ондай салымшылардың саны қанша? Олар зейнетақы қорынан ақшаның бір бөлігін қандай жағдайда ала алады?

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында 2021 жылы БЖЗҚ салымшылары өз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беру үшін пайдалана алатындығын атап өтті. Осы орайда, Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасының барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерін қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізу туралы тапсырма берді. Бүгінгі таңда азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асырудың түпкілікті шарттары мен тетіктерін айқындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Осыдан он шақты жыл бұрын зейнет жасына жеткен адам қордағы ақшасын түгел алатын еді. Қазіргі таңда зейнетақы аннуитеті бойынша беріледі. Оған ауысудың механизмі қандай?

– Әрбір адам баласын зейнеткерлікке шыққан соң жинақтаған өз қаражатын қалай және қандай мөлшерде алатындығы қызықтыратыны сөзсіз. Ай сайынғы төлемдердің сомасы алушының жасына және жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасына байланысты қалыптасады. Жаңа ережеге сәйкес ай сайынғы төлемнің мөлшері ағымдағы қаржы жылындағы ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмайды. Бүгінгі таңда бұл сома 17 641 теңгені құрайды. Жаңа кесте бойынша ай сайынғы төлемдерді жүзеге асыру мерзімі ұзара түсті. Бұған зейнетақы шотына күн сайын есептелетін инвестициялық табыс та оң әсер етеді. Әрине, зейнетақы жинақтары есебінен ай сайынғы алып отыратын сома қомақты болуы үшін әрбір адамның зейнетақы жарналары Қордағы шотына тұрақты аударылып тұрса, болашақта алатын зейнетақы көлемі де қомақты болады.

Ал, зейнетақы аннуитетіне келетін болсақ, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 59-бабының 1-тармағына сәйкес ең төмен зейнетақы мөлшерiнен кем емес төлемдi қамтамасыз ету үшiн, зейнетақы жинақтары жеткiлiктi болған жағдайда, мiндеттi зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аударып, сақтандыру төлемдерiн өмiр бойы жүзеге асыру туралы зейнетақы аннуитетi шартын жасау құқығына, ерлер 55 жасқа тоғанда, ал, әйел азаматшалардың зейнетке шығу мерзімінің ұзартылуына байланысты, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 50,5 жасқа; 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – 51 жасқа; 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 51,5 жасқа; 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 52 жасқа; 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 52,5 жасқа; 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 53 жасқа; 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 53,5 жасқа; 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 54 жасқа; 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 54,5 жасқа; 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 55 жасқа толғанда ие бола алады. Сақтандыру ұйымымен аннуитет шартын салымшының Қордағы жеке зейнетақы есеп шотындағы жинақтар көлемі, ерлер мен әйел азаматшалар үшін белгілі бір деңгейден асқан кезде жасалады.

– Жалпы, зейнет жасына жеткен адамдар арасында 63 жастан әрі асып өмір сүретіндер өте сирек. Әсіресе, ауыр жұмыста болғандары. Олар бір-екі, әрі кетсе бес-алты жыл ғана өмір сүріп, қайтыс болып кетеді. Оның қордағы ақшасы мұрагерлеріне бірден толық қайтарыла ма, әлде бірнеше жылдарға созыла ма?

– «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 11-бабының 1-3 тармақтарына сәйкес БЖЗҚ-да жинағы бар тұлға қайтыс болса оның отбасына, не жерлеуді жүзеге асырған тұлғаға белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 мөлшері шегінде төлем төленеді. Жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін оның шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраған жағдайда, бұл қалдық жерлеуге арналған төлем ретінде төленеді. Сондай-ақ, аталған Заңның 31 және 32-баптарында көрсетілгендей, БЖЗҚ-да зейнетақы төлемдері бар тұлға қайтыс болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оның зейнетақы жинақтары мұраға қалдырылады және мұрагерлер салымшының зейнетақы шотындағы соманы бірден толығымен алуына болады.

– Зейнетақы қорындағы жеке шотты қалай тексеруге болады?

– Оны тексеру қиын емес. Қормен жасалған келісімшартта интернет-ақпараттандыру тәсілін таңдағаны дұрыс. Осылайша өз шотыңызды біліп отырасыз. Смартфон немесе планшетіңіздегі БЖЗҚ веб-сайтына кіріп, қажетті тетіктерді бірнеше рет басу арқылы сіз жеке зейнетақы шотыңыздан үзінді көшірме ала аласыз, зейнетақы активтері бойынша ағымдағы көрсеткіштерді, келісімшарттардың деректемелерін және тағы басқа да ақпараттарды көре аласыз. Ұялы қосымшада ЖСН мен парольді енгізу немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану тәсілдерін қолдану арқылы тиісті ақпараттарды алуға болады.

– Бұрын зейнетақы қорлары көп еді, кейін барлығы бірыңғай зейнетақы қорына бірікті. Сол жекелеген қорларда қаржы қалып кеткен жоқ па? Бұл туралы салымшылардан дау тудырған мәселе бар ма?

– 2013 жылы қаңтар айының соңында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен Ұлтық Банкке ГНПФ базасында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. 2013 жылы шілде айында ҚР Үкіметінің қаулысымен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды, ал, тамыз айында ГНПФ атауы БЖЗҚ болып өзгертіліп, қайта тіркелді. Бұл ретте БЖЗҚ-ға жеке зейнетақы қорларындағы жинақтар толығымен аударылды.

– Бүгінде БЖЗҚ салымшыларының инвестсалығы қаншалықты өсті? Карантин жағдайында ол тоқтап қалған жоқ па?

– Жыл басынан 1 қыркүйекке дейінгі жағдай бойынша БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 871,9 миллиард теңгеден аса таза инвестициялық табыс есептелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 443,1 миллиардқа артық. Соңғы 12 айдағы табыстылық 10,1%-ды көрсетсе, осы кезеңде инфляция деңгейі 7%-ды құрады. Осылайша нақты табыстылық оң нәтиже көрсетті. Елімізде жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген 1998 жылдан бастап 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі таза инвестициялық табыс 5 триллион теңгеден асып, табыстылықтың нәтижесі 583,6%-ды құрады, ал, инфляция деңгейі 480,6% болды. Сөйтіп, зейнетақы активтерінің 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі нақты табыстылығы 103%-ды көрсетті.

– Мұхтар Әбдібайұлы, әрине жұмыс болған соң кемшіліктер де болатыны белгілі. Жалпы, БЖЗҚ-ны алаңдатып отырған проблемалар туралы айтсаңыз.

– Иә, ол рас. Бір ескерте кететін нәрсе, тағы жиырма жылдан кейін қазіргі зейнеткерлерге еңбек өтілі үшін төленетін ортақ зейнетақы берілмейді. Өйткені, оларда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі болмайды. Сондықтан қазіргі жастар үшін Қорға міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұру өте маңызды. Бұл үшін ресми түрде жұмысқа орналасып, еңбек қатынасын заңдастырып, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы және толық көлемде аударып отыруын қадағалап отырған жөн. Әрине, ертеңгі күнді ойламай, тапқан табысты бетіне қарамай бүгін жұмсай беруге де болады. Бірақ, зейнетақы жарналарын уақтылы төлеп, болашаққа сеніммен қарағанға не жетсін! Қалай айтқанда да қажырлы еңбектің қайтарымы болатыны белгілі ғой.

Сұхбаттасқан Аман ЖАЙЫМБЕТОВ.

 

 

Пікір қалдырыңыз