Шоқауыз

Құлбек ЕРГӨБЕК, әдебиет зерттеушісі, ғалым (Жазушы Садықбек Адамбеков жайында естелік)

Әдебиеті дәуірлеген замананың адамдары едік. Қызметтегі азамат құлқын сәріден күннің газет-журналын парақтайтын. Шопан етігі қонышында «Жұлдыз» жорналы жүретін. Ел ағасынан бастап көктеп келе жатқан өндір жасқа дейін әдебиет әлеміне келіп қосылған жаңа есімді біліп алып, шығармасын іздей оқу – ешкім міндеттемей-ақ – міндет, ешкім жүктемей-ақ – парыз. Кітап оқу, баспасөз жаңалығын қалт жібермеу күнделікті салтымызға, сол арқылы ұлттық дәстүрімізге айналған. Кейбір жазушылардың жазғаны бедел, кейбір жазушылардың айтқаны аңыз!

Әлгі салттың арқасында көзімізді тырнай ашқан сәттен атын естіп, жазған шығармасын оқып, айтқанына ден қойған жазушымның бірі – Садықбек Адамбеков! Мектеп қабырғасында жүрген кездің өзінде Адамбековтің ірілі-ұсақты шығармаларына қанып өстім. Ол жазған фельетон – кейіпкеріне шығарылған үкімдей көрінетін. Фельетонын оқып шығысымен «Сабазың осымен қызметімен қоштасатын-ақ шығар» деп түйетінбіз. Әсіресе, «Ара» жорналынан Сәкеңнің өткір, уытты дүниелерін көбірек оқитынбыз. «Араға» жақындап, сатира жанрына жастай жан-тартуымыздың бір сыры – немере ағам Көпен Әмірбектің сын-сықақ жанрына әуестенуіне, жаза жүріп «бала сатирик» атанып үлгеруіне де байланысты болуы керек. Туасы Ергөбектен тарайтын он шақты үй таңның атысы, күннің батысы бір-бірін әзіл-қалжыңмен іліп-қағып жүретін әзілкештер ауылы дерлік біздің әулет. Ауылда айтылатын әзіл-қалжыңды тізіп, ақ қағазға ешбір қоспасыз түзіп кеп жіберсе юморлық жинақ шыға келерліктей. Ал, оны белгілі бір сатиралық кейіпкер бойына жинақтаса – Ярослав Гашек, Карл Чапек, Әзіз Несин, Оспанхан Әубәкіров шығармаларындай желілі туынды шығарына еш күмән жоқ.

Өмірдегі осындай сайқымазақ ортаға өнердегі сатириктер келіп қосылған соң не болсын?! Сатиралық әдеби орта қалыптасты. Асқар Тоқмағамбетов, Садықбек Адамбеков, Қалтай Мұхамеджанов, Оспанхан Әубәкіров, Ғаббас Қабышев, Үмбетбай Уайдин шығармаларын екінің бірі жатқа айтар еді біздің ауыл азаматтарының! (Көпен осындай ортадан шыққан). Оспанханның Алматыдан арнайы келіп Әмірбек ағаның үйіне қона жатуы тіпті аңызға бергісіз.

Қыл-қысқасы біз Садықбек Адамбеков есіміне мектепте оқып жүрген бала кезден қанығып өстік. Садықбек аға туралы ұғымымызды алпысыншы жылдары жарық көрген «Атылған қыз туралы аңыз» аталатын роман-сатираның бірінші кітабы тіпті жаңалап кетті. Көпен бастап Төпен, Сайран, Сапаш, Бақыт, Нұржан дегендей бәріміз әлгі кітаптың түте-түтесін шығарып оқыдық. Пікір алмастық. Пікір жарыстырдық. «Өмірде болуы мүмкін», «Өмірде болуы мүмкін емес» – деп бозбала жастар пікірінің екі жарылған жері – осы! Әдеби шарттылықпен шаруамыз жоқ. Өзара айтысып, таласып жаттық.

Жетпісінші жылы ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға түстім. Оған да себепкер – Көпен Әмірбек. Алматыда өзі студент Көпекең әдеби ортамен едәуір араласып үлгеріпті. Бізді қолымыздан жетелеп құрдасы профессор Мархаббат Томановқа айтып, тапсырып оқуға түсірген Әнуарбек Дүйсембиев. Көпенді құрдасындай қабатында ұстайды. Оспанхан Әубәкіров «аузына түкірген», Садықбекпен сұхбат құрады, Ермек (Өтетілеуов) қамқор аға... Мен де Көпекең арқылы осы ортаға сығалап қарап, сыналап кіре бастадым... Ақырын жылыстап кетіп, өзі дархан, жары Рәбиға мейірбан – бала мінезді балалар ақыны, ғажайып адам Әнуарбек Дүйсенбиев үйіне көбірек үйірсектейтін әдет таптым. «Сенен балалар әдебиеті сыншысын тәрбиелеп шығарамын» – деп Әнуар ағам әуре. Балалар әдебиетінен гөрі сатираға жаным тартып тұрады.

Осындай күннің бірінде Көпен мені Садықбек ағамен таныстырды. Сәкең маған сынай қарап қойды.

– Әй, біздің ауылдың балалары жақсы бастап, кейін тастап кетеді, – деді.

Көз алдына бір образ елестеп өткендей жылтылдаған жанары күлім қағып әңгіме сабақтады.

– Кесірткені білесіңдер ғой. Бізде құмда жүретін кесіртке бар емес пе? Өзге өңірдің азаматтары қолына үлкен тор алады. Торға кішкене кесіртке отырғызады. Кішкене кесірткенің аузына жұқа көк шөпті көлденең тістетеді. Алдына жем, су қояды. Астына құм төсейді. «О, бұл мықты ғой» деп әспеттейді. Ал, біздің Қызылдың құмынан кісі көрсе құлағы қып-қызыл болып қызара ысылдайтын, ысылдаған сайын денесі дірілдеп пілқұлақтанып ісініп айбат шегетін келес кесіртке келеді. Алматы ғой бұл енді. Күндер өтеді. Әлгілердің кесірткесі ысылдаған келеске айналады. Ал, біздің келес сабалақтанған күтімсіз жаман кесірткеге айналады.

Ол жұмбақтай сөйлеп отырды.

– Әрине, оған бұл балалардың кінәсі жоқ. Біз ғой кінәлі. Елден келген талантты балаларға аға болып қол ұшын бере алмайтын, тәрбиелей алмайтын, – деді.

Түсінбедім. Мен үшін жұмбақтау әңгіме еді. Қысқасы, біз ресторанға Садықбек ағаны «түсіру» үшін келген екенбіз. Зорлаған ешкім жоқ. Жалғызілікті жан Көпен Әмірбек, Бейсембай Сүлейменов секілді інілерін кейде осылай ресторанға шақырады екен. Мен тыңнан қосылып отырмын. Іштік, жедік. Сөз арасында Арыс қаласында бес жыл мектепте оқығанымды айтып едім, Сәкең тіпті жылыұшырай түсті. Әңгіме арасында Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев, Тахауи Ахтановты сілейткен өлеңдерін оқыды. Ол өлеңдерге қарап «Сәкеңнің бұл айтулы жазушылармен жүзі жараспаған екен ғой» – деп ойлайсың. Кейін білдім. Қимас достары екен.

Қолайсыздықтың көкесін Садықбек көкеміздің үйіне барғанда көрдік. Қазіргі Қарасай батыр көшесінде шағын екі бөлмелі пәтерде тұратын ол тазалықты жақсы көреді екен. «Ана жерге отырма, мына жерге отыр», «Олай отырма, былай отыр» деп есіңді шығарады. Оның үстіне алдына фартук байлап ақсаңдай басып қазан-аяққа өзі кірісіп, білекті сыбанып тамақты дайындағанда кісі қолайсыз күй кешеді екен.

«Әйелі қайда Сәкеңнің?» – деген сұрау көкейімнен кетпеді. Әйел исі сіңбеген пәтер жетім кейіпте. Көңілді әлдебір аяушылық буды. «Өзі классик... Жалғызбасты...» Кісінің басына бермесін.

Осы сұрауға жарым-жартылай жауапты кейін таптым. «Лениншіл жас» газетінде әдебиет және өнер бөлімінде қызмет істеген жылдары бірде Махфуза Байзақова есімді әртіс апай келді редакцияға! Айтулы ақиық ақын, айтыс өнерінің ақтанкері Иса Байзақовтың қызы. Көп жыл жастар театрында бірсыпыра рөл ойнаған Махфуза Байзақова соңғы жылдары қолына қалам алып, өнер жайлы ой-толғаныстарын қағаз бетіне түсіріп жүреді екен. Сол материалдарын жариялату үшін келген беті. Міне, осы кісі Сәкеңнің жар қосағы, біздің жеңгеміз. Әттең, біраз бірге тұрып ажырасып кетіпті. Салиқалы кісі еді, жарықтық. Шамасы, бар кінә біздің берекесіз ағамыздан болар-ау...

Сәкең тұратын пәтердің есігі Алдар Көсенің жел кеулеген жыртық шапаны секілді. Пырым-пырым. Құлыбы көп ауыстырылған. Және бір байқағаным – Сәкең кілтін есікке салардан бұрын тың тыңдап біраз тұрады. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. Сосын ақырын кілтті құлып көзіне сұғады.

– Ау, мұныңыз не? – деймін.

– Бала, дұшпаным көп, – дейді ол, – Байқамаса болмайды. Кезінде «Крокодил» жорналының меншікті тілшісі болып істедім ғой. Ол кезде маған мылтық ұстауға рұқсат ететін. Адамдар мені өлтіру үшін келіп талай рет есігімді бұзған ғой...

Сәкең қай-қайдағыны қозғайды. «Ара» жорналының өзі аз емес. Ал, ол кісі «Крокодил» жорналының меншікті тілшісі. Қастандық жасалса, жасалған да шығар.

Бірде Сырбай Мәуленовтің үйінде әңгімелесіп отырдық. Телефон шар ете түсті. Гүлжамал жеңгей Сырағаңды телефонға шақырды.

– Әй, құнсыз, қалайсың? Тірімісің? – дейді гүрілдеп, – Арам өліп қалып жатқан жоқсың ба?

Әрине, телефон трубкасындағы жауап естілмейді, бізге. Ол да есесін жібермейтін болса керек. Оны Сырағаң жауабынан аңғарарлық.

– Сенің Садықбек ағаң ғой, – дейді Сырағаң қайтып келіп, орнына жайғаса беріп.

– Апыр-ай, ауыр айттыңыз-ау – деймін.

– Е, ол да мені оңдырады дейсің бе? Бәрімізді елге масқаралап болды ағаң.

Сырағаң оқ тиген кеміс қолымен жағын сипап-сипап қойды. Сөйтті де Садықбек Адамбековтің өзі жайында мазақтап шығарған өлеңдерін оқи жөнелді. Риясыз күледі.

Ол өлеңдер дәлме-дәл есімде сақталмапты. Алайда, ұзына нобайы былай келетін. Бір жылы Сырағаң Оңтүстікті сапарлайды. Ел аралап, «Сарыағаш» шипажайында ем-дом алып, есін жияды. Сүйікті ақынға Оңтүстік азаматтары машина мінгізеді. Алматыға көңілді оралған Сырбай аға Садықбек досын іздейді. Тауып алып сөзбен қажайды.

– Сенің ауылыңда болдым. Сенің атыңды айтсам, жан баласы білмейді. Ауылыңа бір түйір қадірің жоқ екен. Ал, мені сыйлап, машина мінгізді.

Мұндайда Садықбек аға қарап қалған ба?

Көтенінен теуіп, бір түнде

Өзінің Торғай даласы.

Біздің Сырбайжан бұл күнде,

Оңтүстіктің асыранды баласы! – деп өлеңдете жөнеледі.

Бозбала шақтан қажасып бірге келе жатқан екі достың әзіл-қалжыңының беталысы осындай. Екеуі қимас дос еді. Сырағаң қайтыс болғанда еңкілдеп жылағанын көзіміз көрді.

Сен кетіп барасың,

Соңыңды қара орманға көшіріп,

Мен кетіп барамын,

Өзім жаққан отты өзім өшіріп, – дегендей (жатқа келтірілген өлеңде дәлсіздік болса ғафу өтінемін) кісінің құйқа тамыры шымырлайтын шумақты айтқан да Садықбек!

Сәкеңнің ендігі бір қимас досы – Жұбан Молдағалиев. Жұбағаң жайында Сәкең шығарған шымшыма шумақтар сүйектен өтерлік. Жұбан аға Жазушылар одағының басшысы. Алпыс жылдығына орден берілмей, мақтау грамотасымен марапатталғанына көңілі толмай қоңылтақсыған Садықбек:

Сафуанға орден тапсырып,

Маған мақтау қағаз жапсырып,

Жалғыз адал досым деп,

Құшақтайсың қапсырып.

 

Бұрынғы өткен заманда

«Сырбай - лапша» аманда,

Айлы жаздың кешінде

Алабұтаның ішінде

 

«Шпанаға» талатпай,

Бұралқы итке жалатпай

Шыбыныңды қағып отырған досыңа

Көрсеткенің осы ма – ай? –

деп те шымшыма өлең шығарған.

Сөйткен Жұбан аға Желтоқсан оқиғасында қаһармандық көрсетті. Орыс басшыға буырқанып айбат шекті. Қоғамға назырқанды. Наразылық соңы бүйрек ауруының асқынуына әкеліп соқты да, ауруханаға түсті. Ауруханада апас-қапас көз жұмды. Сонда Садықбек табан астында тауып айтқан «Жұбан – Жұбан болып туып, Махамбет болып өлді» – деген сөз бір демде қазақ жұртына кең тарап кеткен еді.

Садықбек ағаның драматургияда комедия жанрында, сатирада роман-сатирадан тартып әзіл әңгіме, фельетондарды аса көркем де, уытты жазғаны баршаға мәлім. «Атылған қыз туралы аңыз» бүкіл Түрікстанда (Орта Азияда) туған тұңғыш роман-сатира. Жанрлық жаңалық. Өзбек ғалымы Изат Сұлтанов Сәкеңнің «Атылған қыз туралы аңыз» романын аса жоғары бағалаған кезінде. Сатира зерттеушісі профессор Темірбек Қожакеев романға арнайы ат басын бұрып, шығарманы бүге-шігесіне дейін талдағаны тағы есте. Сыншы Төлеген Тоқбергенов Сәкең шығармашылығына кеңінен тоқталып, толғай сөйлеп «Қасқырдың көзі» аталатын роман аяқтағанын, қолжазбасынан оқып сатирадағы тағы бір ірі құбылыс ретінде бағалағаны да есте. Тынысты жанрда тындырған осындай істерін айтсақ, Садықбек Адамбеков қазақ сатирасын қалам қуатымен есейткен, бүкіл әлемдік деңгейге шығарған классик жазушымыз болып шығады. «Қожанасырдың қақпасы» (1982 ж.) томдығына сатиралық фельетон, сын-сықақ әңгімелері жинақталған еді. Сәкең фельетондары өткір де тотияйындай ащы тілімен, кейіпкерін сатиралық кейіптеумен көркем образ биігіне көтере тұлғалауымен замандастары шығармашылығынан қашанда озық тұрған. Шартты, дәйекті дегендей іштей жүлгеленетін фельетон белгілі бір уақытта туып, кейіпкері де, өзі де уақытына сай міндетін атқарып, хайыр-хош айтып сахнадан кетуі керек. Сәкең жазған фельетондардың жағдайы басқа. Көркем тілді ол фельетондар күні бүгін тәуелсіз қазақ елін жегідей жеумен жеміт атанған жемқорлар, парақорлармен, байлық жолына бар иманын құрбан етуге бар зұлымдармен жаға жыртысып қатарымызда жүр.

Әдебиетке өлеңмен келген Сәкең драматургияға кештеу бұрылды. Кештеу бұрылса да қатарлас, қанаттас драматургтерден әп-сәтте мойны озып шыға келді. «Аюбайдың ажалы», «Табақтағы жылан», «Бір түндегі төрт төбелес», «Жетім жұлдыздар», «Күн мен көлеңке» пьесалары драматургия бойынша жарияланған бәйгеден озып келді. Пьесалары бойынша Қ.Шанин, Ж.Омаров, Ж.Тұрсынов, С.Досмағамбетов сияқты режиссерлер спектакль қойды кезінде.

Сонымен қатар, алдындағы Ғабит Мүсірепов сынды ағаларына, Қалтай Мұхамеджанов секілді қанаттас құрбы-құрдастарына арнап тотияйындай ащы, мейлінше тапқыр өлеңдерді табан астында суырып салып, айтып жіберіп қарап тұрар еді.

Өзі айтар еді: «Отауыз», «Шоқауыз», «Боқауыз» аталатын үш циклды үш дәптерге түздім» – деп. Өмірінің ақабалы сәтінде өзі туып-өскен Арыс қаласына қоныс аударғаны белгілі. Арыстың сол кездегі әкімі Әлімжан Құртаев кейін жазушы музейі болар деген оймен сәулеті келіскен бір үй бөліп те берген. Кінә кімнен? Сатылып кетті әйтеуір. Сондай-ақ, әлгіндей шата сөздері мен шатақ өлеңдерін, шымыр шумақтарын сол кезгі әкім орынбасары Тазагүл Байлароваға «жазып ала бер» деп өтініш айтқан едім (Ол кезде мен облыс әкімі аппаратында қызмет істеймін). Бірсыпыра материал жинақталса керек. Біразын мен де қойын кітапшама түсіріп отырдым. Амандық болса, алда ыждағаттармыз деген ойдамын.

Жоғарыда Сырбай, Жұбан, Қалтайға арнаған қалжың өлеңдерін алға тарттық. Олар қазақ әдебиетінің классиктері. Садықбек аға да өз жанрында өміршең туындылар қалдырған классиктер санатында. Қазақ қаламгерлері өмірде қалжыңдаса жүріп, қатар жасаған, өнерде қатар тұра қалып жыр қашаған қанаттас, қадірлес жандар!

Жас шағында «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жорналист болып, қалам ісіне баулынды. Аталмыш газеттің көне тігінділерін ақтара парақтаған жан Сәкеңнің көптеген өлеңдеріне тап болады. Сәкең жасында жалындаған комсомол ақыны болған. Ақын жазған мәтіндерге Сыдық Мұхамеджанов сынды аты, заты бар сазгерлер ән шығарып, жұртқа кең тараған кезінде. Кейін Алматыға ауысты. «Ара», «Крокодил» жорналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарды. Кейін келе шығармашылық жұмыспен бірыңғай айналысты.

Сәкең сатиралық дүниелермен қатар тілі шұрайлы, оралымды очерктерді де көп жазған, көп жариялатқан қаламгер. Өзі тұрған пәтердің балконында бір қоңыр кітап шкафы тұратын, онда – кітаптар. Газеттер бір бұрышта үйіліп жатар еді. 1982 жылы 60 жылдығына орай «Атылған қыз туралы аңыз», «Қожанасыр қақпасы», «Аюбайдың ажалы» үш томдығы дайындалды. Дұрысын айтқанда жазушы үш томдығын өндіріске дайындастық. Сонда айтқаны бар, «Кітаптарыма негізінен көркем дүниелерім кіреді, ал фельетон, көркем очерктер міне жатыр» деп әлгі газет, жорналдарды нұқыды.

Әрине, кітаптарға енген дүниелер сақталар. Тасқа басылған дүниелер табылар. Табылар да жанашырлар қамқорлығымен қайта басылар. Ал, әлгі газет, жорналдарда басылған дүниелер Сәкең кейін елге қоныс аударып, үйі жөндеуге түскенде жоғалып кетіпті. Орайында айта кетейік, Сәкеңнің 1982 жылғы үш томдығынан кейін мемлекет тарапынан бірде-бір кітабы жарық көрген емес. Жазушылар одағы классик жазушының мерейтойларын өткізген жоқ. Ащы сөзді 2022 жылы әне-міне жетіп келетін, ана қырдың астында тұрған жүз жылдығына дайындықпен барсақ деген оймен айтып отырмын. Әрине, біз де қарап қалмаспыз. Дегенде, Түркістан облысы әкімшілігі жанынан арнайы комиссия құрылса деген ойдамын.

Ғылымға айналдырсақ деген оймен Садықбек Адамбековтің әдеби мұрасын кандидаттық диссертацияға тақырып ретінде Тұрсынай есімді қыз балаға ұсынғам. Сәкең марқұмның фотосуреттері, кейбір құжаттарын осы ізденуші қыз бала жинақтап отыр. Жатырлас болмаса да, жанрлас інісі Көпен Садықбек аға туралы замандастары, көз көргендер естелігін сүйкімді етіп құрастырды. Жол-жөнекейгі әңгімелер, алға ұстар міндеттер!

Журналистік жолын «Оңтүстік Қазақстан» газетінен бастаған Садықбек Адамбеков өмірінің ақабалы ақырғы жылдарында Оңтүстікке қайыра қоныс аударды. Арыс қаласында тұрды. Қала әкімшілігі, немере інісі, ағайын-туыс дегендей қолдарынан келгенінше қаламгерді алақанға салып, ардақтап бақты. Денсаулығының әлсіздігіне қарамастан шығармашылық іспен айналысып жатты. Бір роман дилогия жазды. Сүйегі – Желтоқсан оқиғасы. Жарияланған үзіндісіне қарағанда соншалықты қызықты дүние еді деп айтуға келмейді.

Садықбек Адамбеков – өмірін жетім балалар үйінен бастап, «салт басты сабау қамшылы» ғұмыр кешкен, аяғын жалғыз басты жетім халде түйіндеген трагедиялық тұлға. Бәлкім өзінің өмірге жалғыз келіп, жалғыз кетіп барамын дейтіні сондықтан шығар.

Өмірде жалғызбасты ғұмыр кешкен пенделер көбіне дінге беріліп, тақуа тіршілік жолына түседі. Түрік тақуасы Федулах Гулен өмірін мысалға жүгіндіруге болады. Ал, біздің Садықбек Адамбеков ағамыз тақуалық қайда, өткір сатиралық дүниелер жазумен бірге өзі де сатиралық шығарма кейіпкерінше өмір сүрді. Ол бұл орайда бауырлас түрік сатиригі Әзіз Несінді еске түсіретін шығар... Бәлкім, өзі өмір бойы бүге-шігесіне дейін үңіліп, еркін игерген жанрдың шарапаты шығар. Мұны жанрға басыбайлы беріліп кеткен жанның кейіпкержандылануы десек жарасар. Өмір бойы аярлықпен алысып «Өлі жандар» секілді дилогия жазып, ақырында тіршіліктен баз кешіп, адам ретінде ауытқып, ғажайып классикалық дүниенің екінші кітабын өртеп тынатын Н.В.Гогольдің тағдырына жақын күй кешті Сәкең.

Өзінің 510 беттік «Желтоқсандағы қара түн» романын 95 беттің шамасына түсіріп, қырқып тастады. «Ау, мұныңыз не?» – деген сұраққа «Оқитын оқырман жоқ қой, ба-я-ғы...» – деп кеңірдегін соза жауап берді. «Желтоқсандағы айлы түн» аталатын осындай көлемде жазылған романын отқа жағып жіберді. Ұстазы Н.В.Гогольдің синдромы! Қайтесің, енді? Күліп отырып жылайтын, жылап отырып жұртты күлдіретін Садықбек ағаны адамның түсінуі қиын-ақ еді... Пәнәйі себеппен көшірме даналарынан әлдекімнің қолында бірдеңелер сақталып қалған болса көрерміз. Әйтпесе, қазақ елін тәуелсіздікке жетелеген желтоқсан (1986) оқиғасына арнаған дилогия Н.В.Гогольдің «Өлі жандарының» кебін киді деуіміз керек. Өкінішті.

Демек, трагедия оның жеке өмірінде ғана емес, шығармашылығында да. Жетпіс жылдығына орай (1992 ж.) шығармаларын екі немесе үш кітапқа жинақтамақ еді. Сәті түспеді. Қатарларына бұйырған шығармалар жинағы Сәкеңе бұйырмады.

1999 жылдан мен де Оңтүстікке біржолата қоныс аудардым. Облыс әкімшілігінде басшылық қызмет атқарған жылдары Садықбек ағаны мәжілістерге шақырып тұрдық. Барып халін біліп жүрдік. Әсіресе, әдебиетке жақындау облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Сәкең қадір-қасиетіне жетіп, ұдайы сұрағыштап, сыртынан Арыс қаласы әкімі Шаймерден Сатымбековке тапсырма беріп, қамқорлық жасаумен болды.

Қазақстан Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен 2002 жылы жазушылардың кезекті съезі болды. Насыр Фазылов бастаған өзбекстандық қонақтарды, Садықбек Адамбековті съезге алып барып, аман-сау алып қайту маған жүктелді. Ақсақалдарға шәй жасап, дастарқан жаю үшін жарым – Баянды сапарға бірге ала жүрдім. Диктофонды дайындап үстел үстіне қойдым. Осы сапар Алматыға барғаннан Шымкентке қайта келгенше дегендей Сәкеңді диктофонға сөйлетіп алдым (таспа менің архивімде сақтаулы).

Алматыға келіп жеткен соң қарт кісі, қонақүйде жағдайы бола қоймас деп, үйде күтуді ойладым. Ақсақал қарсы болды.

– Мені енді қанша жүреді деп отырсың. Қаламдастардың арасында болайын. Қолым қалт етсе «Кеңсайға» барып, пайғамбар ағаларым, құрдас-құрбы жігіттер рухымен сырласып, қоштасайын. Енді мен Алматыға келмеспін. Рұқсат ет!

Сақалы шошайған бір шөкім көзі жылтыраған сары шал соншалықты жайбарақат сөйлеп тұр. Алайда, көзінде мұң. Жүрегім дір ете түсті. Зират аралатып қайтуды ойладым. Тәуекелім бармады. Өзі де жалғыз барғанды хош көрді. Жаным тынбай кешке қонақүйге бардым. Кешікті. Әбден кешікті. Дегбір кетті. Ақыры Сәкең келіп жетті шойнаңдап. Шаршап-шалдығып келіп тұр. Әбден болдырған. Көңілінде бір ғана «ойға алғанымды орындадым-ау» деген медеу-ой!

Алматыдан оралған соң көп ұзамай Сәкең көз жұмды. Алдын-ала «Мұсабек тоғайына жерлеңдер» деп аманат айтыпты. Ол жеңіл көлік жүре алмайтын, жүк машинасы зорға жететін бір қиян. Шет жер. Сырдария жағасы, қалың тоғай арасы. Ағайын-туғандарымен ақылдаса отырып, Сәкең тәнін Түркістанға аталмыш зиратқа жерлемек болдық.

Дулат аға Исабеков:

– Немене Арыс Түркістаннан кем бе? Өлсем мені де Түркістанға сүйремекпісің? – деп маған біраз тіктенді.

– Түркістанда боздақ Бекзат Саттарханов жерленген. Қаланың әкімі Өмірзақ Әметұлы екеуміз кеңесіп Мұстафа Шоқайдың сүйегін Алманиядан алдырып, осында қойсақ, сөйтіп «Зиялылар зиратын» жасасақ деген ойымыз бар. Сәкең сүйегін сонда қойсақ деген ой еді біздікі.

Қазақ сатирасының классигі Садықбек Адамбеков Түркістанда зиялылар мазаратында ескерткішке айналып, тас-тұғыр үстінде тұр. Ол айтқанда тауып айтатын, күлдіріп айтатын, күйдіріп айтатын, әдеби ортаның өзін ықтырып жүретін шоқауыз қаламгер болатын.

«Өз шырағымды өзім өшірдім-ау» – деген бірде өкінішпен Сәкең. Кім білсін? Өмір шырағы өшсе – өшкен шығар, ал өнер, шырағы өшпек емес... Талай жүректерді нұрландырып жасай береді. Айтқаны алмас қылыштай қиып түсер отауыз ақын үнемі біздің есімізде!

Түркістан.

 

 

Пікір қалдырыңыз