Пробацияның ықпалы мол

Бүгінгі қылмыстық атқару жүйесінде Еуропа мемлекеттеріндегі сияқты сотталғандардың түзелуі мен олардың қайта қылмыс жасамауын қадағалау басты мақсатқа айналып отыр.

Соңғы жылдары қылмыстық жазаларды ізгілендіріп, қылмыс жасаған адамдарға деген көзқарасты түбегейлі өзгерту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі – жазасын өтеушілерді есепке алу жұмысы. Бұл жұмысты пробация қызметкерлері жүргізеді. Олар сот үкімімен қоғамдық жұмысқа тартылғандар мен бас бостандығы шектелгендер, жаза өтеуі кейінге қалдырылған шартты түрде сотталғандардың түзелуіне ықпал етеді.

Қазір Арыс қаласы бойынша 80 азамат пробациялық бақылауға алынған. Олардың мінез-құлқын, жүріс-тұрысын бақылау пробация қызметкерлеріне жүктелген. Ол үшін инспектор әрбір сотталушының отбасында болып, оның ата-анасымен, көршілерімен пікірлесіп, мінез-құлқындағы өзгерістермен танысады. Егер өзгеріс байқалса, оларға психологиялық көмек көрсетіледі. Пробациялық бақылаудың ықпалы болар, соңғы жылдары қайта сотты болғандар кездескен емес. Әрине, жазасын өтеушілердің уақтылы келіп, өзінің дұрыс жолға түскенін дәлелдеп, бұрынғы жасаған қылмысы үшін өкінетіндері де аз емес. Тіпті, бас бостандығы шектеліп, шартты түрде сотталғандардың арасында пробацияның ықпалымен мерзімінен бұрын босатылатындар да кездеседі.

Н.ҚУАТОВ, Арыс қалалық ПҚБ-ның аға инспекторы, әділет аға лейтенанты.

 

 

Пікір қалдырыңыз