Құқық қорғау жүйесіне реформа қажет

Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы – тарихи құжат. Ол стратегиялық маңыздылығымен, белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғандығымен құнды. Сонымен қатар мұнда халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі, жаңа жағдайдағы экономикалық даму, теңгерімді аумақтық даму, қолжетімді әрі сапалы білім, денсаулық сақтау саласын дамыту, цифрландыру секілді бірқатар бастама көтерді. Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі бойынша мемлекеттік басқару жүйесін жедел түрде өзгерту керектігіне тоқталды. Осы орайда атқарылатын жұмыстар ұсынылған реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру, сондай-ақ, мемлекет басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден басталуы қажет.

Мұнан бөлек, Президент өз Жолдауында азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін ауқымды жұмыс атқарылуы тиістігін тілге тиек етті. «Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет» деп мәлімдеді. Айтуынша, заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпейінше әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір аспектісін табысты жүзеге асыру мүмкін емес.

Президент Жолдауын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында Қазығұрт ауданында іс-шаралар жоспары бекітілді. Ауданымызға қарасты ауыл округтері бойынша ауыл әкімдері мен мәслихат депутаттары, мектеп директорлары, аурухана, емхана басшылары, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары, «Жастар ресурстық орталығы» КММ инспекторлары бастаған ақпараттық-насихаттық топ өз жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар аудандағы 13 ауыл округіндегі 26 жерге көрнекіленген билбордтар орнатылды және тұрғындарға 2000 кітапша таратылды. Қазіргі таңда ел Президентінің Жолдауына байланысты онлайн форматта кездесулер өткізілуде.

Абай СЕРКЕБАЕВ, Қазығұрт аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

 

 

Пікір қалдырыңыз