Абайдың тілі – адамзаттың рухани қазынасы

Абай әлемі – шексіз әлем. Биыл ақын, ойшыл, данышпан Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толып отыр. Айтулы мерейтойдың басты жаңалығы, 10 тамыз – Абай күні болып белгіленді. Тура сол күні хакім үңілген терең ойлар теңіздей тебіреніп, тура сол күні хакімнің соңында қалған даналық сөздер биікке асқақтады!

Хакім Абай туындылары бүгінде халқымыз үшін, ұлттық тәлім-тәрбиенің негізі болып жастардың адаспай, білімді һәм білікті, тәрбиелі де тәлімді тұлға ретінде қалыптасуын жолға қоймақ. Кезінде Абайдың қазақ баласына өсиет еткен «кемел адам» философиялық ұғымын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің «Абай туралы сөз» атты кітабында тілге тиек еткен болатын. «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары», «Ұлттық санамыздың тірегі» болған Абайдың философиялық лирикасы, ойлары – біздің ұлттық кодымыз» деп тұжырымдаған ғалым Мекемтас Мырзахметұлының қазіргі абайтанудағы зерделі ой толғамдары мен пікірлерінің маңызы зор деп білеміз. «Абай мұрасы – халықтың ең қасиетті қазынасы». Осы сөзіміздің айқын дәлелі ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді» деп ерекше атап өткен-ді.

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, – деген жолдарда Абайдың азаматтық мұрат-мақсаты, ізгі арманы жатыр. Абайдың арманы – халқының білім мен ғылым үйренуі, Абайша айтқанда, «кемел тұлға» болуы еді. Кемел тұлға болу үшін Абай қазаққа нені үйренуі керек және неден жиренуі керектігін айтты. Ең алдымен Абай:

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та бар қалан, – деп әр адамның өмірде өз орны бар екендігін, әр адам өзінің ақыл-парасатымен өмірдегі өз орнын таба білуі керектігін айтады. Абай: «әуелі мал тап» дейді. Өйтпесе «қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға кұмарлық қайдан тұрсын?.. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң білім, өнер керек екен» дейді.

Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. Ақын «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше биіктердің бағына қоймайтынын баса айтып, «бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деп адамдықтың жақсы-жаман қасиеттерін атап көрсетті. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңінде білім теңізіне өзінің қолын кеш сермегенін айта отырып, білімді өз уақытында алу керектігін ескертеді.

«Баламды медресеге біл деп бердім

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» деп жемқорлық пен сыбайластыққа қарсылығын баса суреттейді.

Абай шығармаларын қайсы қырынан алсақ та рухани жұтаңдықты, білімсіздікті, надандықты, имансыздықты, тоғышарлықты, енжарлықты, жалқаулықты, сөзуарлықты, екіжүзділікті, күншілдікті, мақтанқұмарлықты, мақтансүйгіштікті, дүниеқоңыздықты, мансапқорлықты, көрсеқызарлықты, менмендікті, мақтаншақтықты, еңбексіздікті, әділетсіздікті, сатқындықты және тағы басқа қай замандарда болмасын адам бойында болатын қасиеттерді сөз ете отырып, оның жақсы қасиеттерін жетілдіруге, толықтыруға, жаман қасиеттері болса солармен күресуге, оларды ауыздықтауға талаптануы керектігін түсіндіріп, ғасырлар бойына адамзат баласының ақыл-ойында ұшталып келе жатқан толық адам ілімін адамзат қоғамына мұра етіп қалдырды.

Мінекей, ұлы Абай шығармалары халықтың рухани қазынасына айналуының себебі де осы еді.

Ағартушы ақынның сол замандағы тұжырымдары қазір де аса өзекті. Себебі, ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты – қыран құстай биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екендігі баршаға мәлім. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өлеңінде ақын адамды оның ұлтына, нәсіліне, жынысына, әлеуметтік жағдайына қарап емес, оның адамдық қасиетін бағалау керектігін айтады. Абайдың қарасөздері барлығы тұтас дерлік оқу-ғылым, тәлім-тәрбие мен адамгершілік бағытта жазылған. Абай өзінің жиырма шақты қара сөзінде оқу-білім туралы айтады. Абай 38-ші қара сөзінде «Адам адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен оздым ғой деудің бәрі ақымақшылдық» дейді.

Абайдың рухани байлығының ең бір нәзік те кіршіксіз таза көрінісі – махаббатты жырлауында. Ол орыстың ақыны А.С.Пушкиннен «Татьянаның Онегинге жазған хатын» аударғанда:

Шеш көңілімнің жұмбағын,

Әлде бәрі алданыс

Жас жүрек жайып саусағын,

Талпынған шығар айға алыс, – деген жолдар арқылы өзгеден ерекше тек өзіне тән ғажайып сұлу үн қосады.

Абай шығармалары – мәңгілік мұра. Абай шығармалары тұлға үшін өмірдің кез келген белесінде жолға салар бағдаршам іспеттес. Біз Абайды ұлықтау арқылы кемел тұлғалық қасиетке ие боламыз.

Өлді деуге бола ма айтыңдаршы?

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған, – деп ақынның өзі жырлағандай, Абай мұрасы қашанда адамзаттың рухани қазынасы болып қала бермек. Абыз Абайдың терең тағлымын рухани байлығымыздың байрағы ретінде жоғары ұстасақ, еңселі еліміздің абыройы асқақтай бермек!

Айтолқын Бахтыбекова, Арыс қалалық тілдерді оқыту және дамыту орталығының оқытушысы.

 

 

Пікір қалдырыңыз