Балаларды үйде емдеуге болмайды

Уақыт өткен сайын аурудың біз естімеген неше түрі шығып жатыр. Коронавирусқа құлағымыз үйренген кезде балалар арасында кездесетін кавасаки деген дерт шықты. Қазақстанда алғаш рет биылғы тамыз айының басында «Кавасаки синдромына» ұқсас жүйелі қабыну ауруының үш жағдайы тіркелді. Екі айдан кейін ауру саны елуге жақындады. «Бұл дерт балаларда өте сирек кездесетін қауіпті аурулардың бірі» десті кейбір мамандар. «Бұл өзі қайдан шыққан ауру? Оның алдын алу үшін не істеу керек» деген сауалдарға М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың биология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сейсенкүл Қалқабаева жауап береді.

– Кавасаки ауруы – сирек кездесетін патология, этиологиясы белгісіз және балаларда кездесетін жүйелі васкулит. Егер генетикалық бейімділік болса вирустық инфекциядан кейін дамиды. Бұл ауру негізінен бес жасқа дейінгі балаларда кездеседі. Кавасаки ауруы орташа көлемді тамырлардың, көбінесе коронарлық артериялардың зақымдалуына байланысты белең алады. Кейбір жағдайларда бұл жүрек-қан тамырлық асқынуларға әкелуі мүмкін. Мысалы, жүрек жеткіліксіздігі бар жіті миокард, аритмия және коронарлық артериялардың аневризмасының дамуы. Аталмыш ауру коронавирустық пандемияға дейін пайда болған.

– Аурудың белгілері қандай?

– Науқас балаларда ұзақ уақыт қызба, терінің бөртпесі, ауыз қуысының ойылуы болады. Оның диагнозы клиникалық критерийлер негізінде қойылады. Бірден анықтау мүмкін емес. Бірнеше рет жасалған ЭКГ мен эхокардиография нәтижелеріне қарап және тиісті мамандармен кеңесе отырып диагноз қойылады. Спецификалық нақты терапияны ерте қолдану симптомдарды тиімді түрде жояды. Сөйтіп, жүрек-қан тамырлары ауруы асқынуының алдын алуға көмектеседі.

– Бұл дерт бұрын бізде кездесті ме?

– Қазақстанда жылына осындай 2-3 жағдай тіркелетін. Кавасаки ауруы ерте балалық шақта, 5 жасқа дейінгі балаларға ғана тән болды. Әсіресе, екі жастағы балалар жиі ауыратын. Қазір кавасаки тәрізді синдром немесе «көпжүйелі қабыну синдромы» (КҚС) уақытша COVID-19) немесе «постинфекциялық синдромға» байланысты өршіп тұр. Яғни бұл балалар мен жасөспірімдерде, оның ішінде ересектерде де кездеседі. 21 жасқа дейінгі жастар ауыруы әбден мүмкін. Балалардағы бұл синдром алғаш рет Ұлыбританияда, АҚШ пен Италияда тіркелді.

«Постинфекциялық синдром» бала коронавируспен ауырғаннан соң 3-5 аптадан кейін дамиды. Бірақ, бұл генетикаға байланысты ма, жоқ па, белгісіз. Өйткені, синдром толық зерттелмеген. Бұл патология Covid-19 инфекциясының деңгейі жоғары елдерге тән. Мысалы, Нью-Йоркте (АҚШ – коронавирусты жұқтырғандар саны бойынша әлемде бірінші орында) балалар арасында 100-ге жуық КҚС жағдайы белгілі. Шетелдік медициналық сарапшылар коронавирустық пандемияның шарықтау шегінен өткен елдер балалардағы КҚС-на дайын болуы керек деп ескертеді.

Егер балалардың 80%-ында Covid-19 жеңіл түрде немесе симптомсыз өтетін болса, көп жүйелі қабыну синдромы ауыр өтеді.

– Ауырған балаларда қандай белгілер байқалады?

– Дене температурасы айтарлықтай күрт жоғарылайды, 38 градустан асуы мүмкін. Ол 5 күнге немесе одан да көп уақытқа созылады. Сәби тітіркеніп, бойында енжарлық пайда болады. Ауыз жұтқыншақ қуысының шырышты қабаты қызарады. Денеде, бетте, аяқ-қолдарда, дақты, сулы бөртпелер пайда болуы мүмкін.

Сондай-ақ, қол мен аяқтың ісінуі, мойын лимфа түйіндерінің ұлғаюы мүмкін. Алаулаған қызыл тілінен ісінгенін байқау қиын емес. Қызыл еріндері жарылады. Синдром асқазан-ішек жолдарын зақымдайды. Ол іштің ауруына, құсу, жүрек айну және диареяға әкелуі мүмкін. Кейде ол соқырішек белгілеріне де ұқсайды. Егер сіз «көпжүйелі қабыну синдромына» күмәндансаңыз, онда баланы көпсалалы балалар ауруханасына жатқызу керек. Мұнда ол диагностикалық шаралар мен қажетті терапияның барлық кешенін алады.

– Үйде, амбулаториялық жағдайда синдромды емдеуге бола ма?

– «Кавасаки синдромы» белгілі бір хаттамамен емделеді. Олардың физиологиясы – вирустық, бактериялық және иммундық. Ауырлық дәрежесіне байланысты әр адамға жеке емдеу тағайындалады. Бұл дәл диагноз қоюды, күрделі көп салалы тәсілді және терапия тактикасын қажет ететін ағзаның көпжүйелі зақымдануы. Сондықтан баланы үйде емдеуге болмайды. Тым болмаса емханадағы медициналық көмекке жүгіну керек. Алайда, оларды уақытында анықтап, жүректегі асқынулардың алдын алу үшін емдеуді бастау керек, емге мұқият қарап және антибиотиктерді бақылаусыз пайдаланбаған жөн. Балаларға вирусқа қарсы препараттарды қолдануға болмайды, тек симптоматикалық ем көрсетіледі. Аурудың белгілері мен ағзаларда вирустың әсер етуі нәтижесінде пайда болған процестер емделеді.

– Балалар арасында COVID-19 инфекциясының алдын алу шаралары неліктен маңызды?

– Балалардың 80 пайызға жуығы коронавирусты асимптоматикалық жағдайда немесе жеңіл түрінде өткізіп жатыр. Бірақ, бұл аурудың алдын-алудың қажеті жоқ дегенді білдірмейді. COVID-19 балалар үшін зиянсыз сияқты. Бірақ, қай балада мұндай асқынудың қалай дамитынын ешкім тап басып айта алмайды. Сондықтан ата-аналар балалар арасындағы аурудың алдын алуға, эпидемиологиялық талаптарды сақтауға, сақтық шараларын қолдануға, баласының денсаулығына қауіп төндірмеуге міндетті.

«Кавасаки синдромына» ұқсас «көпжүйелі қабыну синдромының» алдын алудың бір ғана жолы – баланы коронавирустан сақтау. Қоғамдық орындарда бетперде тағу, қолды жиі сабындап жуу, бөлмені жиі желдетіп тұру, дұрыс әрі уақтылы тамақтану, баланың өзгелермен байланысқа түспеуін қадағалау керек. Ата-аналар балаларымен бірге адамдар көп шоғырланған жерлерде, үлкен ойын алаңдарында жүрмеуі керек. Гигиенаны сақтап, иммунитетті арттыру қажет.

Мектеп аумағында инфекцияны болдырмау үшін созылмалы аурулары бар балалар кезекші сыныпқа барудан бас тартуы керек. Балаларды мектепке дейін жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар немесе 65 жастан асқан адамдар шығарып салмағаны ләзім.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ontustik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз