Шаруалар егінжайда бас қосты

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Өңірімізде аграрлық саланы дамытып, еңбек өнімділігін арттыру мақсатында үш негізгі бағытты дамытуға басымдылық беріліп отыр. Бұл туралы жуырда Кентау қаласына қарасты Шаға ауылындағы «Түркістан Агро-XXI» ЖШС-нің базасында өткен «Егінжай күні» далалық семинар-кеңесінде айтылды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің алдына саладағы еңбек өнімділігі мен қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 5 жылда 2,5 есеге арттыру міндетін қойған болатын. Осынау меже аясында еліміздің өңірлерінде бірқатар игі шаралар атқарылып жатыр.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Т.Оспанов, «Түркістан» ӘКК АҚ өкілдері мен аудандық, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің, ғылыми институттың басшылары, ғалымдар, ауыл шаруашылығының тауар өндірушілері жиналған басқосуда осы мәселе сөз болып, талқыға түсті.

Одан бөлек, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС ғалымдары енгізген «Түркістан қаласының азық-түлік белдеуінде жем базасын құру үшін жоңышқа және басқа жем-шөп дақылдарын өсірудің инновациялық технологиясы» және «Түркістан қаласының азық-түлік белдеуінде тұрақты азық базасын құру үшін бидай және жүгеріні (дәндік, сүрлемдік) өсірудің инновациялық технологиясы» жобалары агроқұрылымдарға жан-жақты таныстырылып, ғылыми институттар мен шаруалар алдағы уақытта бірлесе жұмыстар атқаруға қызығушылық танытты.

Семинарға жиналғандар жоғарыда атап өткен еңбек өнімділігін арттыру аясында дамытуға басымдылық беріп отырған 3 негізгі бағытқа да жеке-жеке тоқталды. Соның бірі – Мемлекет басшысының биылғы жылғы Жолдауына сәйкес, кооперация жүйесін дамыта отырып, өндіріске заманауи озық технологияларды енгізу.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Т.Оспановтың айтуынша, бүгінгі таңда Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру үшін 1 458 шаруа қожалығы 9 кооперативке біріктірілген.

11 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясын ендіру көзделіп отыр. Қазіргі таңда 892 гектарға 21 жаңбырлатып суару машинасы орнатылған. Жаңбырлатып суару технологиясының тиімділігі ағын суды 2 есеге үнемдеп, өнімділікті 3-4 есеге арттыратындығы ғылыми дәлелденген. Жыл соңына дейін жаңбырлатып суару технологиясы 2 мың гектарға дейін жеткізілмек және құны 23,2 млрд. теңгені құрайтын 6 ірі инвестциялық жобаны іске асыру қолға алынған.

Олардың қатарында «Түркістан Агро ХХІ» ЖШС жоба құны 6 млрд. теңге болатын 1 200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын 2021 жылы іске қоспақ. «SPK-SAURAN» ӘКК 10 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау кешенін салмақ. «Ынтымақ Агро XXI» ЖШС 1000 гектар жерге жаңбырлатып суару технологиясын енгізсе, «KAZAGRO PROJECT» ЖШС жылына 20 мың тонна құс етін өндіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, «Turkistan» ЖШС Fruit.Kz жоба құны – 3,5 млрд. теңгені құрайтын 400 гектар жерге қара өрік отырғызбақ.

Екінші бағытта көзделген «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы аясында биыл 128 ауыл округінен 5,2 мың гектарды құрайтын 1928 жоба іске асырылып, бірінші, екінші өнімнен 220 мың тоннаға жуық өнім жиналған. Ал, үшінші бағыт бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардың ауласын тамшылатып суару технологиясын ендіру арқылы ерте пісетін көкөніс, картоп, бақша өнімдерін өндіру жоспарланған. Бұл жоба көп балалы аналарды, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларды жұмыспен қамтуға, жағдайын жақсартуға мол мүмкіндік бермек. Яғни 10 сотық жерге тамшылатып суару мен агротехникалық шығындарын қоса есептегенде 462 мың теңге шығын жұмсап, 850 мың теңге табыс алынады.

Жоба «Еңбек» бағдарламасымен бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант (530,0 мың тг.) есебінен қаржыландырылуда. Қазіргі таңда, 287 жоба, оның ішінде 105 жоба грант негізінде іске асырылған.

Сала мамандары жиналған басқосуда жыл басынан бері облысымыздың ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар да сараланды. Онда өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласы республикада ерекше орын алып келе жатқандығы аталды. Республикадағы ауыл шаруашылығы жалпы өнімі көлемінің 14 пайызы облысқа тиесілі екен.

Мәселен, облыста тіркелген 71,8 мың шаруа қожалығының республикадағы үлесі – 33 пайыз. Онда 177,5 мың ауыл шаруашылығының мамандары қызмет атқаруда. Ағымдағы жылдың қаңтар, тамыз айларына 338,1 млрд. теңге өнім өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда белгіленген меже 103 пайызға артығымен орындалған.

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 17,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, тамақ өндірісіне 3,3 млрд. теңге инвестиция салынған. Өткен жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 5,6 пайызға көбейген. Сонымен бірге, 2020 жылдың I тоқсанына еңбек өнімділігі 109,5 пайызға артқанын атап өткен жөн.

Басқарма мамандарының айтуынша, ауыл шаруашылығының дақылдары 846,1 мың гектарға орналастырылып, облыс құрылғалы бері егіс көлемі 32,6 мың гектарға артып отыр. Тамшылатып суару әдісі қосымша 2,5 мың гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 20,1 мың гектарға жетті. Жылыжайлар 64,7 гектарға салынып, жалпы көлемі 1168 гектарды құрады. Бүгінде жылыжайлар есебінен 100 мың тонна өнім өндірілген.

Мал шаруашылығы бойынша ірі қара саны 5,6 пайызға, уақ мал – 5, жылқы – 9,3, түйе 16,3 пайызға артып, құс 2 020,4 мың басты құраған.

Сонымен қатар, сүт өндіру 104,4 пайызға артып, жұмыртқа 14,2 пайызға көбейген.

 

 

Пікір қалдырыңыз