«МАҚСАТЫМЫЗ - СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ ТАРИХТЫ КЕШЕНДІ ЗЕРТТЕУ»

ҚР БҒМ Ғылым комитеті жанындағы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында жүзеге асырылып жатқан жоба шеңберінде Түркістан облысында зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы іссапармен бірнеше ғалымдар келген. Зерттеу туралы ақпарат алу мақсатында зерттеу тобының мүшесі, аталмыш институттың ғылыми қызметкері Әлия Болатханмен сұхбат алған едік

- Әлия,  зерттеу жүргізіп жатқан ғылыми жоба туралы айтып берсеңіз?
- Біз зерттеу жүргізіп жатқан «Соғыстан кейінгі онжылдықтағы Қазақстандағы шаруалар: әлеуметтік өзгеруі мен күнделікті  өмірі» атты жоба ҚР БҒМ 2020-2022 жж. Жас ғалымдарға арналған ғылыми жобалар конкурсы нәтижесінде қаржыландыру алған. Осы зерттеу жобасының күнтізбелік жоспарына сәйкест Түркістан қалалық мемлекеттік архиві, Түркістан Облысының мемлекеттік архиві және Шымкент қалалық мемлекеттік архиві қорларында материалдар  жинастыру мақсатында келдік. 

-  Зерттеу идеясы, мақсаты не?
-  Зерттеу идеясы, Қазақ қоғамының дәстүрлі құрылымының әлеуметтік-экономикалық трансформациясы контекстінде Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейінгі, жылдардағы Қазақстандағы шаруалардың күнделікті өмірінің тұтас бейнесін қалпына келтіру, қазақ шаруаларына қатысты кейінгі сталинизм саясатын жан-жақты зерттеу. Сондай ақ, мемлекеттік модернизация жағдайында аграрлық саясат саласында мемлекеттік орындарға арналған практикалық ұсыныстар әзірлеу болып табылады. 
Мақсатына келетін болсақ, соғыстан кейінгі жылдардағы колхоз шаруаларының күнделікті өмір тарихын жүйелі, кешенді зерттеу. Өз кезегінде бұндай зерттеулер бізге не береді десеңіз, жауап келесідей:  кез келген тарихи зерттеулер өткенді түсініп, сабақ алып, оны өзінің болашағын құрастыруға негіз ретінде ұстану үшін ұсынылады. 

-  Маған әсірее «практикалық   ұсыныстар» дегеніңіз ұнап тұр. Әдетте, гуманитарлық ғылымдар бойынша жүргізілетін зерттеу нәтижелерінің  тәжірибелік қолданысқа  бағытталуы сирек байқалады ғой?

- Шын мәнінде, солай деп айта алмаймын (күледі). Өйткені, өзім қатысып жүрген немесе әріптестер тарапынан жүргізіліп жатқан көптеген зерттеулердің қорытындысында қоғамдық маңызды мәселелерді шешуде қолдануға пайдалы болып табылатын нәтижелер берілетіндігін білемін. Әсіресе, пәнаралық байланыстылықта жаңа әдістерді, технологиялық мүмкіндіктерді барынша қолдана жүзеге асырылатын зерттеулердің мүмкіндіктері зор. 
Практикалық қолданысқа қайтып оралатын болсақ. Мәселен, кез келген бағытта, мейлі білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және тағы с.с. қызмет атқаратын кез келген мемлекеттік орындар, мекемелер, кәсіпорындар және т.б. өз қайраткерліктерінде ғылыми зерттеулер нәтижелеріне жүгінетін болса ғылыми зерттеулер өз мақсаттарына жетті деген сөз. Яғни, аналитикалық жұмыстар, стратегиялық бағдарларды анықтаудан заманауи мәслелерді шешуге дейінгі сұрақтарда ғылыми зерттеулер нәтижелерін пайдалану. Өйткені, ғылыми зерттеулер сізге оңды шешім қабылдауға негіз болатын барынша обьективті терең, іргелі  негізді ақпарат береді, мәселені шешудің үздік жолдарын ұсынады. 

- Тарихты «күнделіктілік тұрғысынан» қарастыру мәні неде?  

- Өткенде кім болғаныңды айқын түсінгенде ғана өзіңді танып, болашақта қандай бағдар ұстанатындығыңды анықтауға мүмкіндік аласың. Меніңше, тарихи зерттеулердің мәні де осында. Бұл негізде, өткен тарихымызды күнделіктілік тарих тұрғысынан қарастыру маңызды. Тарихты күнделіктілік тұрғысынан қарастыру қоғамның басым бөлігін құрастыратын біз және сіздер сияқты қарапайым адамдар өмірін микро деңгейінде ашып көрсетуге мүмкіндік береді. Өйткені, өткеннің толық картинасын тұтас көрсету және оған барынша обьективті баға беру басқаша мүмкін емес. Түсініп тұрғаныңыздай бұл аз уақыттың әңгімесі емес (күледі). 

- Сіз өзіңізді жас ғалым деп танисыз. Жас ғалымдар алдына қойылған нақты міндеттер сипаты қандай? 
 - Менің ойымша, біріншіден, ғылыми білімді әлемдік деңгейде қалыптастыру және оның нәтижелерін насихаттау. Екіншіден, қоғам дамуы үшін маңызды мәселелер шешімін табуға негізделген зерттеулер ұсыну. 

Пікір қалдырыңыз