Екінші толқын: «Үйренген жау» атыспаққа көне ме?

Аман Жайымбетов, «Ońtústik Qazaqstan».

Коронавирустың екінші толқыны елге қаншалықты әсер етуі мүмкін? Бүгінде екі адамның басы қосылса, міне, осы мәселені сөз етеді. Өйтпегенде ше, ерте көктемде ел әдеттегідей наурызекті күтіп, мамыражай маусымның жылы лебін аңсап жүргенде ойламаған жерден коронавирус атты індет килігіп, жер-дүниені дүрбелеңге салып қойды емес пе?!

 

МАМАНДАР ЕСКЕРТІП ЖАТЫР

Қытайдың Ухань қаласынан шыққан індет күн санап күшейе берді. Сәт сайын мыңдаған адамды тырнағына іліктіріп, қалың елді қоғадай жапырып бара жатқан тәжтажалдың екпіні әлеуметтік желілер арқылы төрткүл дүниеге тарап жатты. Біздің ел де ерте бастан етек-жеңін қымтап, шекара бекеттеріне блокбекеттер орнатудың қарекетін қолға алды. Бірақ, көз алдында болып жатқан көрініске сенбей, карантиндік жүйенің талаптарына жүрдім-бардым қарағандар да аз болмады. Күшейтілген талапты әлдекімдердің асыра сілтеуіне балады. Оқшауланып оңаша отыруға шыдамы жетпеді. Содан көп ұзамай тек алақандай экраннан ғана көріп жүрген аурумен өздері де бетпе-бет келіп қалғанын байқамай қалды. Ауруханаларға аурулар сыймай, дәріханалардың сөрелері жылан жалағандай босап қалды. Дәрі сұрап, қосалқы дем беретін аппараттар іздеп әлекке түскен көпшілік бұл зауалмен ойнауға болмайтынын кеш түсінді. Сол екі аралықта қаншама адам бір құлап тұрды, қаншасы тосыннан келген тажалдың қысымына шыдамай, жарық дүниемен мәңгіге қош айтысты. Қимасына бір уыс топырақ сала алмай қиналған жұрт шындап тәубеге келді. Қаланың көлік кептелісінен көз ашпайтын көшелері бір сәтте-ақ босап қалды. Осылайша тіршілігі қыз-қыз қайнап жататын қалаларға өлі тыныштық орнатқан індеттің бертін келе беті қайтты. Бірақ, әлі де арқаны кеңге салып, шамадан тыс босаңсып кетуге болмайтынын мамандар қайта-қайта ескертіп-ақ жатыр.

 

ТОЙ-ТОМАЛАҚҚА ЛАЙЫҚТАЛҒАН БИЗНЕС...

Жалпы, алдағы уақытта жұқпалы дерттің емі табылып, жаһан жұрты қалыпты тұрмыс ырғағына түскенімен, әлемдегі тіршілік дағдысы енді бұрынғыдай бола қоймайтын шығар. Өйткені, сананы тұрмыс, тұрмысты нарық билеген заманда бәрін де байлық шешеді дейтіндердің өзі кешегі пандемия кезінде тығыларға тесік таппай қалды. Сондай-ақ, адамдардың ішер асына деген талғамы да біршама өзгерді. Мысалы, соңғы кездері көпшілік ұлттық сусындар мен құнарлы тағамдардан гөрі жылдам дайындалатын фаст-фуд өнімдерін көбірек тұтынса, кешегі сындарлы кезеңде қымыз-қымыран мен қойдың құйрық майының қаншалықты пайдалы екеніне әбден көздері жетті.

Алдыңғы толқын ағалар біледі, кеңес өкіметі кезінде аптаның әр бейсенбісінде асханаларда тек балықтан жасалған тағамдар берілетін. Тағы бір күнін ағарған ішумен өткізетін. Мұның бәрі сайып келгенде кеңес өкіметінің халық саулығы үшін қолға алған әрекеті еді. Және ол әрекеті нәтижесіз де болмады. Ал, қазір шынын айтқанда, адам ағзасы үшін өте-мөте пайдалы бұл өнімдерді біз тек той-томалақта, ас-жиындарда ғана тұтынатын болып жүрміз. Таяуда атыраулық балықшылар бас көтеріп, аулаған өнімдерінің тым арзанға пұлданып жатқанына наразылық білдірді. Кәсіпорын қожайыны оның себебін пандемия жағдайында балық өніміне сұраныстың күрт азайып кеткендігімен түсіндірді. Оның айтуынша, балық бизнесінің мұншалықты құлдырап кеткеніне тойханалардың жұмыс істемей тұрғаны себеп екен. Демек, біздің қазіргі бизнесіміз тек той-томалаққа, тойханаларға лайықталған болып тұр ғой.

 

ТАҒЫ БІР МӘСЕЛЕ...

Біз қанша жерден қалалық болғымыз келгенімен, ауылға кіндігімізбен байланған ұлт екенімізді кешегі карантиндік жүйе көрсетіп берді. Оның бір дәлелі, блокбекеттер орнатыла бастағаннан-ақ қала халқы ауылға қарай ағылды. Әрине, індет жайлаған ортадан үдере қашудың аймақтардағы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретінін ешкім ойлап жатпады. Бұл жерде вирус қаупі жайлы ақпараттың жеткіліксіздігі мен әлеуметтік желілердегі алыпқашпа қәуесеттің үрей тудырған қорқынышы өз алдына дегенмен, ауылдағы қазақтың жаппай қалаға қоныстана бастағанына 40 жылдай уақыт өткенімен, қалалық менталитет қалыптаса қоймағанын мойындауға тиіспіз. Бұдан шығатын қорытынды, мемлекет енді өз халқының сындарлы сәттегі таңдауымен санаса отырып, коронавирустан кейінгі даму жоспарында ауылдарды көркейтуге басымдық беруі керек. Сонда ғана бұл ауыл шаруашылығына арқа сүйеген мемлекеттің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жол ашатын жаңа бағыт болатыны анық.

Сонымен, елді алаңдатып отырған «екінші толқынға» біздің дайындығымыз қандай? Әрине, «ковитпен» күресте халық бұған дейінгі тәжірибесіне арқа сүйейтіні анық. Бірақ, ол жеткіліксіз. Мұндайда мойын созып, Үкіметтен араша күтетіні айтпаса да түсінікті. Билік басындағылардың айтуынша, бұл жолғы індет бұрынғысындай қорқынышты емес. Өйткені, үйренген жау атыспаққа жақсы дегендей, билік те, денсаулық сақтау саласы да біраз тәжірибе жинап алды. Карантин кезінде өзекті мәселелер де анықталды. Үкімет дұрыс шараларды қолға алса, екінші толқынның екпінін тежеуге мүмкіндігі бар.

Рас, еліміздегі денсаулық сақтау саласы науқастарды емдеп, вируспен күресуге бар күш-жігерін жұмсап жатыр. Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, бұл мақсатта жергілікті бюджет пен гуманитарлық көмек арқылы 800-ге жуық оттегі концентраты алынған. Қарқынды терапия палаталары бір жарым мыңға жуық оттегі нүктелерімен жасақталған. Эпидемиологиялық жағдай ескеріле отырып, облыстың медициналық ұйымдары мен «СК-Фармация» ЖШС арасында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізіп беруге қосымша келісімшарттар жасалынған. Мамандар қазірдің өзінде екі айға жететін жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. «Облыста жалпы коронавирус инфекциясына тәуліктік қуаттылығы үш мыңға жуық сынаманы құрайтын 12 зертхана жұмыс істеуде, – дейді басқарма басшысы Марат Пашимов. – Жалпы, пандемия белең алғалы облыста COVID-19 инфекциясы расталған 3395 жағдай тіркелді. Олардың 2355-інде ауру симптомсыз өтті. Бүгінгі күнге бір күндік өсім 0,1 пайызды құрап, аурушаңдықтың төмендегені байқалады».

Облыс бойынша инфекциялық стационарларда коронавирусқа қарсы емдеу шаралары үшін 600 төсек-орын дайындалған. Аталған індеттермен күресу мақсатында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарда құрамында дәрігер мен орта буын медицина қызметкерлері жұмылдырылған 380 мобильді топ тәулік бойы жұмыс істеуде. Сондай-ақ, медициналық ұйымдарда ашылған 20 Call-орталықтары тұрғындар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. Яғни ресми билік алаңдауға негіз жоқ екенін айтады.

Әрине, бұл қуанарлық жағдай, дегенмен, кешегі сын сағаттарда ет жақындарынан айырылып, жүректері шайлығып қалған адамдардың алаңдамай тұра алмайтыны тағы анық. Ендеше, қандай жағдайда да арық айтып, семіз шыққанға не жетсін?!

 

 

Пікір қалдырыңыз