Спортқа әкем жетелеп әкелді

Арман Оспанов – жергілікті самбо мектебінің жарқын өкілі. Жауынгерлік самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы, джиу-джитсудан әлем кубогының, Азияның екі дүркін чемпионы. Кезінде «Alash pride» құрамында өнер көрсетіп, аралас жекпе-жек өнерінде талайды тамсандырған спортшы. Арман бүгінде еліміздің Шекара қызметінде еңбек етеді. Әрі «Arlan MMA Pro Team» кәсіби жауынгерлік командасының мүшесі. Таяуда спортшыны әңгімеге шақырып, алдағы жоспарын білген едік.

– Арман Әріпханұлы, әңгімені өзіңіз өсіп-өнген орта, отбасыдан бастасақ...

– Мен туып-өскен Ленгір қаласы тауға өте жақын орналасқан. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, сол алып тауға қарап қиялға батып, арман арқалап өстік. Қаланың у-шуынан шаршағанда, кейде ауасы саф алтындай тауға тартып тұратыным бар. Бойым сергіп, қалаға күш жинап қайтамын. Үйдің үлкенімін, менен кейін екі інім, бір қарындасым бар.

– Үлкен спортқа сізді кім жетелеп әкелді?

– Қазақта «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген тамаша сөз бар. Менің де спортқа етене жақын болуыма әкем себепші болды. Кеңес өкіметінің тұсында әкем Владивосток қаласындағы теңіз флотында әскери борышын өтеген екен. Еркін күрес, бокс және каратэнің әдіс-тәсілдерін жетік білетін. Бала күнімде Қажымұқан атамыздың, Мұстафа Өзтүрік пен Брюс Лидің кітаптарын оқытатын. Мені ең алғаш осы Ленгірдегі «Нұржан сері» спорт клубына жетектеп әкелген әкем болатын. Осылайша қиын да ауыртпашылығы мол спорттың жолына түстім де кеттім. Інім Аман екеуміздің кейде жарысқа қатар баратын сәттеріміз болатын. Ондай кезде ата-анам қиналыңқырап қалатын. Себебі, анам қарапайым еден жуушы, әкем автокөлік жөндеуші болып жұмыс істейтін. Бірақ, ата-анамыз жоқшылықты сездіртпей, спортпен алаңсыз шұғылдануымызға жағдай жасады. Ата-анамның осы жанашырлығын ешқашан ұмытқан емеспін. Жанпейіс Жабаев секілді білікті ұстаздың қолына түсіп, спорттың қыр-сырын үйрендім. Қазір жарысқа шығар алдында ұстазыммен хабарласып, міндетті түрде батасын аламын.

– Өзіңізден өрбіген ұл-қызыңыз нешеу?

– Құдайға шүкір, Ақнұр, Көркем, Үміт, Сенім, Раяна есімді бес қыздың әкесімін. Үйдің тұңғышы Ақнұр мен Сенімнің есімін ата-әжесі қойғандықтан, осы екі қызымыз сол кісілердің тәрбиесін алған.

– Айтыңызшы, қыз баланы ауыр атлетика, бокс, күреске беру қаншалықты дұрыс?

– Әрине, өзім бес қыз тәрбиелеп отырғандықтан, бұл туралы ойланып жүремін. Қазақ қыз баланы ұлттың тағдыры, отбасының ұйытқысы деп білген. Сондықтан қыздарымды жоғарыда аталған спорт түрлеріне беруге жүрегім дауаламайды. Бірақ, алыпты да, батырды да өмірге алып келетін әйел екенін ұмытпауымыз керек. Өзім дзюдомен шұғылданатындықтан, қыздарымның да осы спорт түрімен айналысуын құп көремін. Себебі, мұндағы арнайы спорттық киім (кимано) қыз баланың барлық жерін жауып тұрады.

– ҰҚК-нің шекара қызметіне қашан қабылдандыңыз?

– Тәуелсіз мемлекеттер достастығының аумағында және ел ішіндегі түрлі жарыстарда өнер көрсетіп жүрген кезде ағаларымның шақыруымен 2016 жылы Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметіне қабылдандым. Қазір Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасында қызмет етіп жатырмын. Әртүрлі әлемдік додаларда шекара қызметінің абыройын асқақтатуға тырысып жүрмін.

– Арман Әріпханұлы, ең алғаш рет ресейлік Алексей Полпудниковпен кездесіп, екі елдің президенті алдында өнер көрсетіп едіңіз? Қандай сезімде болдыңыз?

– 2013 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен «Платформа S-70» турнирі – өмірімдегі ерекше сәттердің бірі. Ол кезде «Alash Pride» спорт клубында жаттығатынмын. Клуб президенті Данияр Қасқарауов ағамыз осы турнирге қатысу үшін жаттығу залынан бастап жатар орын, күнделікті ас мәзіріне қосылатын дәрумендерге дейін қадағалап отырды. Осы жақсылығы үшін ол кісіге әлі күнге дейін алғыс айтамын. Ал, енді төбелеске келетін болсақ, осы жарыста менің жолым болды. Төреші ойынды тоқтатқан сәтте Елбасының жүзінен қуаныштың лебін аңғардым. Шынымен де, эмоцияға толы нокаут болды ғой. Бүтіндей бір ұлттың үмітін ақтап, елге жеңіспен оралу абырой емес пе...

– Осы спортшымен екінші кездесуіңізде сіз оны таза жеңуге ұмтылдыңыз, тіпті, сізге қылқындыру әдісіне салуға да мүмкіндік болған сияқты...

– Сочидегі жеңісімізден кейін мен ресейлік бұрынғы «ACB», қазіргі «ACA» промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырдым. Бұрынғы ұтылғаны бар, оның үстіне екеуміз де бір жерде жаттығатындықтан, бұл жекпе-жектен бас тартуды жөн санамадым. Сөзіңіздің жаны бар, екінші төбелесте жеңуге ұмтылдым десем де болады. Өздеріңіз көргендей, Полпудниковке жасаған соққыларым тура дарығандықтан, ол бірнеше рет құлауға мәжбүр болды. Былайша айтқанда, жан алып, жан беріскен айқас болды. Бірақ, төрешілер әділетсіз шешім шығарды. Полпудниковтың қолы көтерілгенде, аренадағы он бес мың халықтың әділетсіздікке наразылық білдіргені де осы шешімнің күмәнді екенін дәлелдеп тұр.

– Мамандар сіздің айналып тебу әдісіңізді өте жоғары бағалайды. Мұны біз жапондық Таичи Накажимаға қарсы өткізген төбелестен де байқадық...

– Шындығында, төбелес кезінде ешқандай спортшы дәл осы сәтте нокаут жасаймын деп жоспарлай алмайды. Оған тек ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланғанда ғана жемісін береді. Ал, енді нокауттарға келетін болсақ, ол тынымсыз еңбек пен төгілген тердің арқасында келеді.

– Көпшілік осыған дейінгі тәжірибеңіз бен спорттағы жетістіктеріңізді саралап, сізді әлемдік UFC спорттық ұйымы қатарына енгізіп отыр. Жарысқа қашан шығуды жоспарлап отырсыз?

– Осы күзде аты әлемге танымал спорттық ұйыммен келісімшарт жасауды жоспарлап отырмыз. Менеджерлерім Ризван Магомедов пен Али Абделазиз қазір осы мәселемен түпкілікті түрде айналысып жатыр.

– Шаршы алаңда кездескен қарсыластарыңызбен араласып тұрасыз ба?

– Спортшы да ет пен сүйектен жаралған адам. Рингте жан алысып төбелескенімізбен, сыртта бөлек адамбыз. Өз басым қарсыластарыммен қарым-қатынас жасауға қарсы емеспін. Мәселен, ресейлік Руслан Газахановпен әлі күнге дейін араласып тұрамын. Махачкалаға жолым түссе, міндетті түрде үйіне соғамын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Рауан НҰРМЕТ, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментінің қызметкері.

 

Пікір қалдырыңыз