Цирк туралы фильм түсірілуде

«Шымкент-Цирк» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны мен «САҚ» киностудиясы бірлесіп, цирк туралы «Манеж» танымдық көркем фильмін түсіруді қолға алды.

Әр сериясы 25 минуттан тұратын бұл фильмде цирктің күнделікті тыныс-тіршілігі, әртістердің бастан кешкен қызықты оқиғалары, қойылымдағы қиындықтар мен құпиялар, ерекше нөмірлер көрініс таппақ. Сондай-ақ, фильм арқылы көпшілік цирктің құрылуын, қалыптасуын, өсіп-дамуын, цирктегі түрлі трюктар мен аңдармен жұмыс жасау барысын тамашалай алады.

– Циркте батыл, ширақ, рухы мықты, өз ісіне берілген адамдар жұмыс істейді. Сондықтан олар өміріндегі, манеждегі қиындықтарға қарамай көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Фильмнің алғашқы 10 сериясын жыл соңына дейін түсіріп, аяқтауды жоспарлап отырмыз. Рөлдердің 90 пайызын цирк әртістерінің өздері сомдайды. Егер көрермендер тарапынан қызығушылық, сұраныс болса фильм 90 серияға дейін жалғасын табады. Қазір түсірілім жүріп жатыр. Егер жұмыс осы қарқынмен жалғасын тапса, жыл соңында жаңа фильм көрермендерге жол тартады, – дейді «Шымкент цирк» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры Арман Алиев. Ал, режиссер, сценарист Батырхан Дауренбековтің айтуынша, бұл жоба фильмді түсірушілер мен фильмге түсушілердің, яғни екі тараптың да балақ түріп, жең сыбанып кірісуімен ерекшеленеді.

Мақпал ТӨРЕБЕК.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз