Игілігі мол интернет-платформа

Елімізде мектеп оқушыларының тиісті дәрежеде білім алуына мол мүмкіндік жасау үшін бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Ол жұмыстар туралы Үкімет басшысы Асқар Мамин депутаттардың сауалына жауап берген еді.

– Қашықтан оқытуға оңтайлы жағдай жасау мақсатында нормативті құжаттарға тиісті өзгерістер енгізіліп, өңірлердің бәріне шектеу шаралары кезінде оқу процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік кеңестер легі жолданды. Қазіргі уақытта 679 мың оқушыға (компьютер мен интернетке қолжетімділігі жоқ 730,3 мың оқушының ішіндегі) компьютерлік техника берілді. 7013 мектеп (97,6%) жылдамдығы 4 Мбит/с және одан да жоғары интернетке қосылды. Компьютермен қамтамасыз ету жұмысында әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылардың балаларына басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар, осы санаттағы 300 мың бала қордың есебінен 6,3 млрд. теңгеге киіммен, мектеп қажеттілігімен қамтамасыз етілді, – деді Асқар Ұзақбайұлы.

Үкімет басшысы қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін отандық 8 интернет-платфома таңдап алынғанын атап өтті. Аталмыш интернет алаңдары оқу процесінің қатысушыларына ой-пікір алмасуға, оқушы мен мұғалімнің арасында кері байланыс орнатуға, онлайн сабақтарды, видеосабақ өткізіп, сабақты таспаға жазып алуға мүмкіндік береді.

– Педагогтардың авторлық цифрлық білім ресурстарын пайдалану үшін Білім және ғылым министрлігі Online.edu.kz платформасы мен «Өрлеу» білім арнасын әзірледі. Ұялы байланыс операторларымен бірге оқушылар мен мұғалімдерге арналған арнайы «Білім» тарифі іске қосылды. Қосымша оқу ресурсы ретінде сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін «Балапан» және «Ел арна» республикалық арналарында телевизиялық сабақтар жүргізіледі, – деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, Асқар Мамин қашықтан оқыту кезінде кемшіліктерге жол бермеу үшін Білім және ғылым министрлігі өңір басшыларымен бірге оқушылардың оқу бағдарламасынан қалып қоймауын анықтау және оны теңестіру, мониторинг, зерттеу, сауалнама арқылы проблемалық сұрақтарды зерттеу, оқудан қалып бара жатқан оқушыларға дифференциалды кеңес беру бойынша жұмыс басталғанын жеткізді. Бүгінге дейін 12 мың оқушы мен 4 мың мұғалімнен, 12 мың ата-анадан сауалнама алынған.

– Атқарылған шаралардың нәтижесі бойынша ата-аналар мен оқушылардың талап-тілегімен каникул уақытында (қараша мен қаңтар айлары) қажетті кеңес пен жеке сабақтар өткізіледі, – деді Асқар Мамин.

«Оңтүстік»-ақпарат.

 

 

Пікір қалдырыңыз