Абай ілімі парасаттылыққа үндейді

Жалпы, Абай туралы мақала жазу үшін оны оқып қана қоя салу жеткіліксіз. Абайдың тереңіне бойлай алатын, түсінетін, ақылы кемел бола білу де қажет. Автордың бұл жағынан толық қамтылғандығы байқалып тұр. Нұрсұлтан Назарбаев әр кездері Абай тақырыбында баяндамалар жасап тұратынын білеміз. Ұлы бабаның әр сөзінен үлгі, өнеге ұстанып отыратыны тағы бар. Ашығын айтайық, бүгінгі шалақазақтар Абайды түсіне алмасы анық. Абайды ұғына білу үшін нағыз қазақ болудың маңызы зор.

Абайдың «Толық адам» ілімі тарихтың терең қойнауынан басталып жатыр. Біздің заманымызға дейінгі VI-VII ғасырларда ақи ілімі пайда болды. Жомарттықты ту еткен ақи ілімінің негізін салушылар тапқан пайдасынан өзіне керегін ғана алып, қалғанын халыққа таратып берді. Патшасы жомарт елдің халқы да кемелденіп, сол замандардағы ақилардың даңқын асырды.

Бұл ілім ғасырлардан өтіп келіп, «Құтты білікте» айтылғандай, парасатты адам іліміне жалғасты. Адам бойында ақыл, әділдік, қайрат, қанағат төртеуін қатар өрбітетін бұл идея дами келе Ясауидің Хәл ілімімен ұштасты. Орта Азияға Ясауидің осы даналығы кеңінен тарады.

Бізді қол астына алған Ресей еркін халықты бағындыру үшін басқару амалын көп жылдар зерттеді. Ақыры «сексеуіл әдісін» қолданды. Қазақ даласында өсетін сексеуіл тек біріне бірін ұрғанда ғана сынады. Міне, осы әдіс отаршылдарға ұнағаны соншалықты, қазақ еліне болыстық ел билеу жүйесін кіргізді. Осыдан бастап қазақ халқы рухани жұтаңдыққа ұшырай бастады. Баяғы бір сөзді, мәрт мінезді азаматтар билік пен байлық жолында арызқойлыққа, парақорлық пен зорлыққа бой ұрды. Осы тұста Абай қазақтың киелі қасиеттерін сақтап қалудың, рухани байлығын жоғалтпаудың амалын іздеп шарқ ұрды. Кемеңгер ақынның «Толық адам» идеясы осылай дүниеге келген.

Бүгінде осы ілімді ЖОО-да, мектептерде жаппай оқытып жатырмыз. Абай ілімінің негізінде тәрбиеленген жастар рухани жұтаңдыққа ұшырамайды. Өзіне сын көзімен қарап, бойындағы жаман әдеттен арылатын болады. Еліміздің нағыз патриоттары жетіледі. Абай іліміндегі басты мақсат та осы. Мұндай ілімі жоқ Еуропа елдерінің қалай азғындалып жатқанын көріп жүрміз. Неше түрлі сорақылық жайлап алған. Ол тағы үйреншікті көрініске, әдетке айналып біткен. Ал, Абайдың «Толық адам» идеясы осындай азғындықтан аулаққа тартып, парасаттылық пен жақсылыққа үндейді. Ал, Елбасы Абайдың осы аманатын елге жеткізіп отыр.

Мекемтас Мырзахметұлы, абайтанушы.

 

 

Пікір қалдырыңыз