Қырғыз еліндегі қақтығыс неден шықты?

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

4 қазанда Қырғызстанда парламентке – Жогорку Кенешке депутат сайлау науқаны өткені белгілі. Бұл сайлауға елдегі дауыс беру құқығы бар азаматтардың 60 пайызы (1 миллион 557 мың 442 адам) қатысқан. Ал, 5 қазанда Бішкектегі орталық алаңда сайлау нәтижесіне қарсы наразылық өтіп, оған он мыңдаған адам қатысты. Жеңілген партия көшбасшылары биліктен сайлау қорытындысының күшін жоюды талап етті. «Өрескел тәртіп бұзушылықтар көп болғандықтан, сайлаудың нәтижесін мойындамаймыз» деді олар. Мұның себебі, Қырғызстанның президенті Сооронбай Жээнбековке жақын партиялар сайлауда депутаттық орындардың басым бөлігін иеленген. Сайлауға жалпы 16 партия қатысқан. Жаңа құрылған билік партиясы – «Биримдик» (Бірлік) 24,5 пайыз дауыс алса, «Мекеним – Кыргызстан» (Мекенім – Қырғызстан) – 23,88, «Кыргызстан» 8,76 пайыз дауыс жинаған. Бұл үш партия үкіметті қолдайтын саяси ұйымдар болып саналады. Оппозициядан жалғыз «Бүтүн Кыргызстан» («Біртұтас Қырғызстан») партиясы ғана 7,13 пайыз дауыспен межеден өте алды. Қалған 12 партия парламентке өтпей қалды. Негізінде Қырғызстанда 40-тан астам партия бар. Оның ішінде белсенділік танытып жүргені 20-30 шамасында.

Қырғыз Республикасы парламенттік республика болғандықтан, бұл сайлау ел өміріндегі ерекше маңызды оқиға санатында. Қырғызстанның сайлаулар мен референдумдар өткізу жөніндегі орталық комиссиясының хабарлауынша, елдегі парламент сайлауы барысын қадағалау үшін әлемнің 69 елінен 40 ұйымның атынан келген 613 халықаралық бақылаушы тіркелген. Сонымен бірге Қырғызстан сыртқы істер министрлігі осы сайлау жөнінде хабар тарататын 22 шетелдік бұқаралық ақпарат құралының 45 журналисіне аккредитация берген.

Қырғызстандағы сайлауды бақылаушылардың бірі, Қазақстан Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин «Азаттыққа» берген сұхбатында: «Бұл сайлауға қырғыз қоғамы жаңа заңнама, жаңа регламентпен келді. Соның бірі – фракциялық тәртіп. Бұрын Жогорку Кенешке өткен депутат бір партиядан екіншісіне кіріп-шығып жүре беретін. Соның әсерінен парламентте интрига көп еді. Енді депутат өзін парламентке өткізген партиядан шығатын болса, онда депутаттық мандатын тапсырады. Бұл талап партия мен депутаттың беделі мен жауапкершілігін арттырады... Екі революцияны өткеріп, бір азаматтық қақтығыстың алдына барып, мемлекет ретінде ыдырап кетуге жақындап барып, жоқ жерден жол тауып, тыныштықты сақтап қалған қырғыз жұрты ешкімнен ештеңе күтпей, өздері нақты істер жасай алатындарына сене бастағаны байқалды» деген еді. Саясаттанушы осындай әсерімен қатар, саяси науқанда байқалған кемшіліктерді де тізбелеп берген. Оның айтуынша, мемлекетте аймаққа бөліну әлі жойылмаған. Аймақшылдықтың ықпалы басым. Бұл жөнінде: «Сырттай қарасаң, парламенттік жүйе, бұрынғыдай жеке мандаттық сайлау жоқ. Алайда, іс жүзінде көп жерлерде бәрі бұрынғыша. Мысалы, саяси партия депутаттыққа үміткерлер тізімін жасағанда оның ең басына елге танымал үш-төрт адамды шығарады. Одан кейінгілер аймақтағы беделіне, ықпалына қарай тізімге ілігеді. Және тізімге ілінген үміткер өз аймағында жұмыс істейді. Яғни толық партиялық жүйе қалыптаспаған. Екіншіден, тұрғындар саяси партиялардың ұстанымы мен бағдарламасынан хабарсыз. Шындығына келгенде саяси партиялардың өздері де мақсат-мұраттарын арнайы бағдарлама арқылы түсіндіріп те жатпайды. Ондайды ешкім қажет етпейтін де секілді. Партияның танымалдылығы мен жеңіске жетуі сайлаушымен атқарған жұмысында емес, жетекші тұлғаларының өзгелермен келісіп, мәмілеге келуіне ғана байланысты көрінеді. Жергілікті саясаттанушылардың өздері қандай да бір партияның ықпалы мен беделін бағдарламасы мен жоспарына қарап емес, «ана партияға оңтүстіктің бірнеше адамы кірді, енді олар қажетті дауыс алады» дегендей мағынада болжамдар айтады. Таксист, сатушы секілді қарапайым тұрғындармен сайлау және партиялар жайында сөйлесіп көрдім. Сондағы байқағаным, адамдар «менің партиям жеңді не жеңілді» деп айтпайды, «досым өтпей қалыпты» дейді. Демек, оның досы партиялық тізімде алғашқы ондықта тұрмаған. Яғни сырттай қарағанда партиялық рөл артқанымен, елдегі саясат тұрғындар таңдауымен емес, элита келісімі арқылы жүріп жатыр» дейді саясаттанушы Е.Қарин.

Сайлау қалай өтсе де, ең бастысы – оның қорытындысы. Ал, қорытындысына келіспеген, наразылық білдірген адамдар Ала-Тоо алаңына шығып, митинг өткізді. Бұдан соң олар Ақ үйді қоршап алды. Полиция жасағы құлақ тұндыратын граната, жас ағызатын газ бен резеңке оқ қолданып, наразылардың бетін қайтаруға тырысқанымен, олар кетпеді. Полицияның бірнеше көлігі өртенді. Бірер сағатқа жалғасқан қақтығыстан кейін полиция күшін еңсерген наразы топ Ақ үйге басып кірді. Олар президент Сооронбай Жээнбековтің кабинетіне дейін кіріп кеткен. Жээнбеков бұл кезде кабинетінде болмаған.

Наразылардың енді бір тобы Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) ғимаратының тергеу абақтысында қамауда отырған бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты қамаудан босатты. МҰҚК өкілдері наразыларға қарсылық көрсеткен жоқ деп жазды жергілікті басылымдар. Биыл маусымда «кәнігі қылмыскерді түрмеден заңсыз босатуға болысқан» деген айыппен 11 жыл 2 айға сотталған Атамбаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады.

Атамбаевтан өзге бұрынғы премьер-министр Сапар Исаков (жемқорлық айыбымен 18 жылға сотталған), парламенттің бұрынғы депутаттары Садыр Жапаров (билік өкілін кепілге алу айыбымен 11 жылға сотталған) пен Равшан Жээнбеков (Қой-Таш ауылындағы қақтығыс бойынша күдікті ретінде тұтқындалған) те қамаудан босатылды.

«Өкінішке қарай, наразылық – тек сайлаулар нәтижесі ғана емес, ол көп жылдар бойы пісіп-жетілген өте күрделі ақуалдың көрінісі… Кейбір азаматтар мұны демократияға теңейтін шығар. Мен олай демес едім. Мұндағы негізгі анықтауыш – анархия, биліктің жоқтығы, биліктің қауқарсыздығы. Мемлекетті құраушы күштердің түкке тұрмайтыны. Ал, охлократия – тобырдың билігі, ол ұнамаса, билікті аударып тастап, саясатты өздігінше өзгертеді. Сол саясаттың мемлекет мүддесіне жұмыс істемеуі. Кешелі бері болып жатқан оқиғалар осыған дәлел» дейді қазақстандық белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы «Azattyq Rýhy»-на берген сұхбатында.

Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Бішкектегі тәртіпсіздіктер кезінде бір адам қаза тауып, 590 адам зардап шеккен. 13 адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Сенімді ақпарат көздерінен белгілісі, бүгінде Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков елдегі жағдайды бақылауда ұстап отыр. Президент жағдайды қадағалап, барлық саяси күштердің ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қойып, қоғамның жікке бөлінуіне, ел азаматтарын алаңдататын басқа да мәселелердің болуына жол бермейтініне сенім білдірді. Ол елдің Орталық сайлау комиссиясына заңбұзушылықтармен байланысты материалдардың барлығын жан-жақты зерттеуге кеңес берді. Бұл ретте ол Парламент сайлауының нәтижелерін жоққа шығаруға болатынын да жеткізді. Мемлекет басшысы алдағы уақытта елде бейбітшілік салтанат құруы үшін бар күшін салмақ. Орын алған жәйттерге байланысты Қырғызстан астанасы – Бішкек қаласының мэрі Азиз Суракматов қызметінен кету туралы өз еркімен өтініш берді. 

Соңғы дерек бойынша, Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясы 2020 жылдың 4 қазанында Жогорку Кенеш депутаттарының сайлауында берілген дауыстарды заңға сай емес деп тапты.

 

 

Пікір қалдырыңыз