«Сын сағатта сергектік пен сенім – серігіміз»

Биыл халықаралық пошта одағына – 145 жыл. Қазақстандағы «Қазпошта» одағында 23 мың мүше бар екен. Біз осы кәсіби мерекеге орай «Қазпошта» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Ерболат САДЫРБАЕВПЕН арнайы сұхбат жүргізген едік.

– Ерболат Алтынбекұлы, кәсіби мерекелеріңізбен қатар жаңа қызметке келуіңізбен құттықтаймыз. Жаңа қызмет, жаңа міндеттер сізге үлкен жауапкершілік жүктеп жатқан болар. Енді саладағы жұмыс барысымен таныстырсаңыз.

– Рахмет! Иә, пошта жұмысы қай кезде де үлкен жауапкершілікке толы. Сырт көз оның жұмысын бағалай да білмеуі мүмкін. Алдыңғы толқын ағалар пошта десе, көше-көшені аралап, хат-хабар таратып жүрген хат тасушыны көз алдына елестетеді. Иә, бұл міндет те біздің мойнымыздан түскен жоқ. Дегенмен, қазіргі пошталардың атқаратын қызметі мұнымен ғана шектелмейтінін көзіқарақты жандар жақсы біледі. Бүгінде пошта міндетіне қаржы сервисі және бизнеске заманауи пошталық, агенттік қызмет түрлері кіреді. Бұған қосымша облыстық филиал өзге әріптестерге қарағанда Түркістан облысымен қатар Шымкент қаласын да пошта желілері арқылы қамтып отыр. Таратып айтсам, пошта жолданымдарын қабылдайды, тасымалдайды және жеткізеді, мерзімді басылымдарға жазылым қабылдайды, газет-журналдарды иелеріне уақтылы жеткізіп береді. Клениеттерге курьерлік және ЕМS-Kazpost қызметін көрсетеді. Екінші деңгейдегі банк қызметін атқарады, халықтан депозиттер қабылдайды, заңды және жеке тұлғалардың банкілік шоттарын ашады, сондай-ақ, кассалық және аударым операцияларын жүргізеді. Зейнетақы мен жәрдемақы тарату да біздің мойнымызда. Зейнетақы қорлары мен сақтандыру компанияларына агенттік қызмет көрсетеміз, хабарламалар жеткіземіз, делдалдық, сауда-саттық, сақтандыру, коммерциялық, басқа да қызмет түрлерін көрсетеміз. Әрине, қала болсын, алыс аудандар болсын, пошта байланысын пайдалану үшін қолайлы жағдайлар жасалынған. Іс жүзінде банкілік және басқа да құрылымы жоқ шалғай елді мекендердегі тұрғындардың қажеттіліктерін орындау үшін пошта байланысы бірден-бір дәнекерші болып тұр. Бұған қосымша, филиал менеджментінің нығаюына, персоналды оқытуға, пошта саласын қазіргі жағдайға бейімдеуге, пошта-жинақ жүйесінің бәсекелестікке төзімділігін қалыптастыруға және тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға септігін тигізетін заманауи ақпараттық-технологиялық құрал-жабдықтардың енгізілуіне көңіл бөлініп келеді.

– Жұмыстарыңыз ауқымды екен. Басқа да қызмет түрлері бар шығар?

– Әрине, облыстық филиалда орнатылған пошталық банкоматтар мен РOS терминалдар халыққа қызмет көрсетеді. Пошталық төлем карточкаларын дамыту арқылы жалақыны несиелеу, ақша аударылымы, салық және коммуналдық төлемдерді төлеу, сондай-ақ, зейнеткерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне кез келген уақытта ақшалай қаражат салу және алу автоматты түрде көрсетіледі. Бұл санаулы минуттарда хат жолдауға, жүк жіберуге, ақша аударуға, мерзімді басылымдарға жазылым жүргізуге, жеделхат қабылдауға, зейнетақы, шәкіртақы, жалақы төлеуге мүмкіндік береді. Көріп отырсыз, көрсетілер қызметтің барлығы да халыққа ауадай қажет. Сондықтан біздің қызметкерлер үзіліссіз жұмыс істейді.

– Облыс аумағында және Шымкент қаласында қанша пошта байланыс бөлімшесі бар?

– Бүгінде облыс аудандары мен қалаларында және Шымкентте 420 байланыс бөлімшесі жұмыс істеп тұр. 1624 қызметкеріміз бар. Олардың пандемия кезінде қауіпсіздіктері үшін қажетті киімдер, бетперде, арнайы қолғаппен қамтамасыз еттік. Келушілердің қауіпсіздігі үшін де қажетті шараларды толық жасап отырмыз. Соның арасында жұмыссыз қалған 150 мың адамға 42500 теңге жәрдемақы алу үшін жеке есепшот аштық. Кей төлемақыларды үйлеріне жеткізіп береміз. Бұл қызмет қарттарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, зейнеткерлерге, көп балалы аналарға көрсетілетінін біліп отырған шығарсыз. Оларға барып қызмет көрсететін қызметкерлеріміздің қауіпсіздігін сақтау үшін де тиісті шараларды жасап отырмыз. Тасымалдаушыларға арнайы көлік бөлінген.

– Ерболат Алтынбекұлы, соғыс жылдарында да пошта қызметі тоқтамағанын жақсы білеміз. Мына індет тұсында да Сіздердің жұмыстарыңыз қыза түспесе, бір сәтке де толастаған жоқ. Мұны қалай ұйымдастыру­дасыздар?

– Рахмет! Жақсы бағалап отырсыз. Халыққа қызмет көрсету міндетіміз болған соң сын сағаттарда сергектік пен сенімді серік етіп, қорғаныштық шараларды қатаң сақтап келеміз. Барлық байланыс бөлімшесінде антисептиктер қойылған. Келушілерге арақашықтықты сақтауды міндеттейміз. Бетперде тағуын өтінеміз. Басқа да сақтық шаралары ұмытылған емес. Сөз орайы келгенде сіздердің басылым арқылы барлық әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын! Отбасыларына береке-байлық, дендеріне саулық, еңбектеріне жеміс тілеймін!

– Әңгімеңізге рахмет! Сол тілегіңізге біз де қосыламыз.

Сұхбаттасқан Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз