АБАЙ МҰРАСЫ - КЕЛЕШЕККЕ ҮЛГІ

 

        Биыл ұлы Абай Құнанбаевтың мерейтойы әрі айтулы мерекеге 175 жыл толып отыр. Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Абайдың 175 жылдығына орай, мерекелік шараны кең көлемде атап өтіп, той тойлайтын емес, ой ойлап, Абай өмірінен тағлымдама алуға шақырды. Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастапқыда «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы халықтың зор ықыласына бөленсе, ендігі ретте «Абай аманаты» атты тырнақ алды еңбегі тебіреніспен жарық көрген туындылардың бірегейі болды. Бұл дегеніміз жер жаһанға танылған Абайды өзінің елінде дәріптеудің айқын көрінісі. Себебі бұл мақалада Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының өзі де, жастайынан Абайдың өлеңдері мен шығармашылығын халқымыздың ертегі, аңыз, қиссаларын жадына барынша сіңіргендігін баса айтып, өз өмірін Абайдың әлемімен өрнектейді. Сол арқылы ұлы ойшыл, ағартушы ақынды ұстаз ретінде биікке шығарып, ел басқару ісіндегі арқа сүйер азамат ретінде өмірлік ұстанымына айналдырды. Әрине, кез-келген адамның үлгі тұтар, ізін басар кейіпкерлері болары һақ. Көзі ашық көкірегі ояу Нұрсұлтан Әбішұлы студенттік кезден ел басқару сәтіне дейінгі аралықта Абай аңсаған елдікті, елдегі тұрақтылық пен бірліктің бастауын, кезінде тоғыз жолдың торабында орын тепкен рухани шаһар – Түркістанды облыс орталығы ретінде бекітіп, бүкіл түркі жұртының, елдіктің астанасын айқындап, сан ғасырлар бойы қалып келе жатқан рухани құндылықтарды қайта жаңғыртуға себепші болды. Осы секілді мызғымас беріктік пен бейбіт елді құру арқылы Абай мұрасы мен өнегеге толы өмірін келешек ұрпаққа үлгі ету жолында барлық күшін сарп етті. Осылайша бар әлемге танылған Абайды қазаққа жаңаша қырынан танытуға сеп болды деген сенімдеміз. Қазақ халқы барда еш уақытта Абай әлемі ұмытылмақ емес, тұлғаның өзі өмірден кетсе де, біздің жүрегімізден кетпейтіні анық.

 

 

С.Садықов,

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, доктор.

 

Пікір қалдырыңыз