Республикада екінші орында

Қашықтан оқыту бойынша біздің қала республикада екінші орында келеді. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.

– Біздің мегаполис еліміздегі мектептерде «Bilim Iand-Onlinemektep.org» интернет платформасы бойынша қашықтан оқыту саласында екінші орында тұр. Ал, ҚР Білім және ғылым министрлігінің енгізген «Күнделік.кз» электронды журналдар ақпараттық жүйесінде үздік үштікті қорытындылады. Бұл көрсеткіш қыркүйек айының қорытындысына сәйкес ұсынылып отыр. Яғни Шымкентте қашықтан оқыту барысы өз деңгейінде, – деді Ж.Тәжиева.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде шаһарда 1-4-сыныптарда 49 640 оқушы болса, соның 3 344-і кезекші сыныпта оқиды. Олардың ішінде 174 978 (78%) оқушы қашықтан білім алуда. Қашықтан білім беру жағдайында 224 618 оқушының 80 780-інде (36,3%) компьютер тапшылығы анықталған. Білім ордаларындағы бірінші кезекте әлеуметтік көмекті қажет ететін 20 150 отбасының 35 798 баласы компьютерлермен қамтылған. Алдағы уақытта сатып алынатын компьютерлік құрылғылар есебінен 44 982 оқушы қамтылады. Олардың ішінде 7 109-ы аз қамтылған отбасылардың балалары болса, 37 873 оқушы компьютерді қажет ететін отбасы балалары ретінде ББҰДҚ (білім беру ұлттық деректер қоры) есебінде тұр.

Жанат Арысбекқызының сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда қаладағы орта білім беру ұйымдарының оқушыларға таратқан компьютер саны – 33 840. Шілде айында 10 975 компьютер сатып алынса, қыркүйек айының соңында 7438 компьютер, 2000 ноутбук және 4201 планшетпен толықты.

Айта кетейік, компьютер сатып алу бойынша жұмыстар жалғасуда.

 

 

Пікір қалдырыңыз