Жас санамды жаңғыртқан кітап

Мектепте жүргенімде біз бас сұғып кіре бермейтін бір кабинет болатын. Ол кабинетке аяқ басып кіру 9 сыныпта бұйырды. «Әбіштану» деп маңдайшаға жазып қойған. Ішіне кіргеннен жанарым жарға ілінген жарық бейнеге бірден түсті. Күлімдеп есіктен кірген жанға көз тастап тұрған тау тұлға Әбіш Кекілбайұлы екен. Адымдап қадам басқан сайын тұнған тарих, өнегелі өмір, ойлы сөз. Аңыз адамның ғибратты ғұмыры есік пен төр арасын жалғап тұр. Осы сәттен бастап әдебиетте алдымен «Шыңырау» шығармасымен  таныған абыз адамды танып-білуге талпындым. Оқыған сайын оқи бергім келді. Кейіннен бұрын маған беймәлім болған бір әлемге еніп кеттім. Әдебиет әлеміне деген ерекше құштарлық пен қызығушылықты тудырған кемеңгер Кекілбайұлы екенін уақыт өте түсіндім. Бірақ әрдайым әдебиет арқылы толық тани алмағандай, нағыз Әбіш Кекілбайұлын таба алмағандай болатынмын. Білетіндей болсам да білмейтінім біраз екенін іштей білдім.      
        Қателеспеппін. 2019 жылы зияткер Сауытбек Абдрахманов ағайымның кітабы жарық көргенін естідім. Естігеннен-ақ бір оқысам ғой деген бала арманым біраз биікке жеткізерін білмедім. Журналистика мамандығының дипломын аңыз Әбіш Кекілбайұлының саяси публицистикасына арнап жазуым, сол жұмысқа Еуразия университетінде бізге «Журналистикаға кіріспе», «Журналистикадағы талдамалы жанрлар» пәндерінен өте әсерлі лекциялар оқыған Сауытбек ағайымның жетекші болуы екінің біріне бұйыра бермес бақ деп білемін. Сауытбек ағайдың лекцияларына кейде басқа факультеттердің студенттері жасырын келіп, тыңдап отыратыны болатын.  Ағай мұны аңғармайды да екен. «Кафедраның бір отырысында Мұратбек Тоқтағазин ағайларың айтқанда бір-ақ білдім», дегені бар. Менің өзім де екінші курста жүргенде бірнеше рет бірінші курстағылардың арасына барып, тыңдап қайтқанмын.  Өйткені, ол кісі қашанда теория мен практиканы байланыстырып, журналистік тәжірибесінен, газет басқару мысалдарынан қызықты жайларды тартымды етіп айтатын.
        Заман заңғары Әбіш Кекілбайұлына арнап жазылған еңбек тұлғаның танымын тереңінен толғап, кемеңгерлігін кеңінен көрсеткенін кітап ауқымдылығынан білуге болады. Мектеп кезінен санамда жүрген сан сұрақтың жауабы табылып, біртуар білімпазды таныдым. Ағайымның әр оқиғаға, естелікке жеке тоқталып, жете мән беретіні оқырманды Әбіш Кекілбайұлына одан сайын жақын ете түседі. Осы күнге дейін түсірілген түрлі бейнеролик, жазылған мақала, айтылған ақпараттың басын қосқандағы құндылықты кітаптан еселеп табатыныңыз талассыз.
        Әбіш Кекілбайұлы туралы сөз сөйлегенде әдетте оның жазушылығына басымдық берілетін. Автор қаламгерді ойшыл ретінде көрсетуді басты мақсат еткен. Сауытбек ағайым кемеңгердің келелі ойлары мен кестелі сөздерін мәйекті мысал, дәйекті дәлелмен дәл келтіреді. Саяси публицистикасын сөз қылғанда Әбіш ағаның әлемдік деңгейдегі ойшылдармен сөзсіз теңдес екенін талай тұста ерекшелеп атап айтады. Онымен қоса оқығанның таным-түйсігін тереңдетер тұстары көп.
Әбіш ағаның болмысын ашу барысында  мәдениет пен әдебиетті, тіл мен ділді, саясат пен тарихты тоғыстырып, тұлғаны түрлі қырынан тануға толық мүмкіндік береді. Сананы сілкіп, ойды оятады. Қаймағы бұзылмаған қазақтың қанында қандай тектілік, өнеге, білім барын бір тұлғадан білуге барынша мүмкіндік береді. Абыз Әбіштің адалдығына, айтқыштығына, әділдігіне дәлел боларлық талай жайт кітап беттерінде бірінен соң бірі кезігеді. Сауытбек Абдрахманов ұлт ұстазы, рух сардары, халық пен қауымның мақсат-мұратын, мүддесі мен міндетін бәрінен биік қойған Әбіш ағаны қалай таныса, бізге дәл сол қалпын сақтап танытқаны таңданарлық құбылыс.
        Әбіш ағаның асыл аманатының бірі – ұлтты сүю, ұлтты сүйетін ұрпақ тәрбиелеу. Сол үшін де сан түрлі саладан хабардар болды, елге қатысты бір істе де шетте қалмады, халықтың күйіне күйініп жүріп күн кешті. Қаламына қанат бітіріп, жұртқа тірек, мемлекет басшысына тілекші болған азаматтың  кемел келбеті, ішкі жан дүниесі кітапта шебер суреттелгенін де атап өткен абзал.
        Бастаған ісін тындырымды әрі тыңғылықты орындайтын Сауытбек Абдрахманов кітаптың әр тарауында оқиғаның мән-мағынасын, маңызын айшықтап ашып, тереңінен түсіндіріп береді. Шетелдік тәжірибені де тілге тиек етіп, ой-өрісті өрбітеді. Бұл оқырманға деген құрмет, журналистік міндет, азаматтық ар. Өзің зерттеп, қарап бой түзеген асыл азаматқа арнап бір том кітап жазу қиын, ал әр тарауды тарқатып жазу, оқиғаны ашу, тұлғаның ақыл-нақылын, философиясын жоғалтып алмау – одан да қиын іс. Данышпан дара жанды танығалы бері ісінен бастап тынысына дейін танып білуге талпынғанын, әңгімесі мен әр сөзін асқан сақтықпен құлақ салып тыңдап, жүйелеп, жинақтап жүргенін  кітаптың соңғы тарауын оқып болып бір-ақ түсіндім. Біз, өскелең ұрпақ үшін бұл нағыз үлгі. Жадымызда жатталып қалған жазушы Әбіш Кекілбайұлының шығармаларындағы кейіпкерлерінің басындағы қиындықтарын қалай шебер кестелейтінін білгім келіп тұратын. Бұны да білдім. Бастан өткен әр оқиға, тартысты тағдыр, қалт-құлт еткен кезеңдердегі аяқ алыс, кісілік мен кішілік, сын мен сыр, еңбек пен елдік қасиеттері адамды бар жағынан ширатады екен. Бала бойына ана сүтімен дарыған даналық уақыт өте бір ұлттың ұлы болуға жеткізеді екен. Әбіш ағамен бірге қазақтың тарихы туып, тамыр жайып тарады. Уақыттың өлшеміне қарай қазақтың күйі қандай болғанын білгің келсе, барып Әбіш ағаны оқы деп айтар едім сұрағанға...
        Қай қырынан қарасақ та «Абыз Әбіш» кітабы қалай мақтауға да тұрарлық еңбек десем артық емес. Білімнен бөлек ілім алатын, оқып отырып тоқып алатын кітаптың авторы Сауытбек ағайымның ұлт және ұрпақ алдындағы борышы өтелді деп білемін. Берері бар, айтары анық, тілі ширақ шығарманы оқыған қазақ барынша көп болса екен деген тілектемін...
Мен университетті биыл ғана бітірдім. Дәл мұндай кітапты жан-жағынан қарастыруға тырысу өзім үшін ерте екенін білемін. Сонда да осы пікірімді жаздым. Неге десеңіздер, бұл кітап ең алдымен жастарға арнап жазылған деп ойлаймын. Жастардың үлкен тұлғаларды білуі, соларға ұқсауға тырысуы, солардың биігіне ұмтылуы өте маңызды ғой. Олай болса, өздеріне арналған еңбекке жастардың пікір білдіруінің артығы жоқ сияқты көрінеді. Өз әлімізше айтамыз ғой енді. Әйтеуір, осы кітаптың менің жас санамды жаңғыртқаны рас.
Сауытбек ағайымның аты бәйгеден келетін күнді күтемін. Соған сенемін.
Өзім Сарыағаштың қызымын. Ауыл жақтағылар оқысын, ағайымның жерлестері тілектес болып жүрсін деп әдейі осы газетке жазып отырмын.
 
Әлия ҚАЛБАЙ.
Пікір қалдырыңыз