Алдарыңызда бас иеміз!

Құрметті педагогтар! Сіздерді Түркістан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы атынан кәсіптік мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!

Сіздердің мерекелеріңіз – елдегі ең қадірлі, ең мерейлі мерекелердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айрықша көңіл бөлуінің нәтижесінде білім мекемелерін көбейту және олардың материалдық-техникалық базасын заманауи қондырғылармен жабдықтау арқылы білім саласын дамытуға барлық жағдай жасалып келеді. Мұғалімдердің жалақысы алдағы уақытта екі есеге көтерілгелі отыр. «Педагог мәртебесі туралы» Заң қолданысқа енгізіліп, ұстаздардың беделі мен абыройын арттыру, түрлі қосымша жүктемелерді азайту бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Басқарма мен облыстық кәсіподақ комитеті әлеуметтік әріптес ретінде әрбір қызметкерге тиісті жағдай жасау, әлеуметтік қажеттіліктермен қамтамасыз ету, еңбек қатынастары мен әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталған шараларды бірлесе атқарып келеді. Оның барлығы білім сапасын арттыруға, кәсіби шеберлікті нығайтуға, мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін жоғарылатуға ықпал ететіні сөзсіз. Мұғалімнен өнеге, білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шəкірт өзінің ұстазымен мақтанады.

Ұлт ұстазы, қазақ руханиятының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлынан «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі Һәм сондай болмақшы, солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі – білімді, педагогикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім» деген ұлағатты сөз қалған. Сіздер өзінің ісімен, өзінің сөзімен егемен еліміздің ертеңін ойлайтын, тәуелсіздігін қорғайтын білімді ұрпақтың тәлімгерісіздер! Тәуелсіз мемлекетіміздің басты құндылығы – білімді адам. Тек өз Отанымыздағы білім үрдісімен шектеліп қалмай, әлемдік білім кеңістігіне шығу жолындағы қадамдарыңыздың өзі бәсекелестіктің бағын ашады. «Ұстаз, сенің алдыңда бас июге рұқсат ет!» деген көпке танымал өлең жолдарындағы осы бір сөз ұстаздарға деген сый-құрметті білдіреді.

 

Құрметті ұстаздар мен білім саласының ардагерлері!

Мұғалімдер күні қарсаңында өңірдегі барлық ұстаздарымызды осы бір айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, жұмыста шығармашылық табыстар, ізгі махаббат пен мейірім тілейміз! Шәкірттеріңіз биік шыңдардан көрініп, еңбектеріңіз ақтала берсін!

Рахымбек ЖОЛАЕВ, Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы.

Бақыт ЕРКІНБЕК, Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрағасы.

 

 

Пікір қалдырыңыз