Мамандықтың төресі

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Бізден бұрынғылар «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп айтып кеткен екен. Расында да, әрбір адам өзінің жеткен жетістігі үшін ең алдымен ұстазына қарыздар. Бүкіл адамға білім нәрін себетін ұстаздықтың «мамандықтың төресі» атануы тегін емес. Ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, өнертапқыш ғалым да ұстаз деген ұлы мамандықтың шарапатын көргендер. Сол себепті де ұстаздарға бүкіл адамзат болып бас иіп, құрмет көрсетсе де жарасады. Ұлтымыздың рухани көсеміне баланған Ахмет Байтұрсынұлы «Мұғалім – мектептің жаны» деп бекер баға бермесе керек.

Соңғы жылдары елімізде мұғалім мәртебесі туралы әңгіме жиі айтыла бастаған-ды. «Мұғалімнің мәртебесін қайтсек көтереміз?» деген сұрақтың айналасында қоғам болып толғандық. Бұл мәселе мемлекеттік дәрежеде қозғалып, бүгінде «Педагог мәртебесі туралы» Заң да қабылданды. Жаңа заңға сәйкес, енді мұғалімдерді басы артық жұмысқа жегуге тыйым салынады. Ұстазды еркінен тыс жұмыстарға салған басшы креслосымен қош айтысады. Сонымен қатар заңда мұғалімдердің жалақысын көтеру, әлеуметтік қолдау мәселелері де кеңінен қамтылған. Осыдан бір ай бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаңа жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өсетінін айтты.

«Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат – орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс. Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары. Бірақ, мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек. Қала мен ауылдағы мектептердің сиқы бөлек. Ондағы білім беру сапасы да салыстыруға келмейді. Шалғайдағы елді мекендерде білікті ұстаздар тапшы. Жақсы маманның шетке кеткісі жоқ. Осы олқылықты түзеу үшін «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы әзірленіп еді. Бірақ, нәтижесі ел күткендей емес» деген Мемлекет басшысы бағдарламаның аясын кеңейтуді тапсырды.

«Қаржыландыру келесі жылдан бастап 20 млрд. теңгеге ұлғаяды. Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын. Диплом сатып, қалтасын қалыңдатып жатқандарға енді тықыр таянады. Бұдан былай жоғары оқу орындарының деңгейі – түлектердің жұмысқа орналасуымен өлшенеді» деді өз Жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мұғалім мәртебесі жалғыз жалақыны көтеру арқылы шешілмейтіні анық. Педагог мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына да мемлекеттік тұрғыда көңіл бөлінуі тиіс. Бүгінде ол оқу орындарында оқитын білімгерлердің 80-90 пайызы ақылы бөлімде білім алады. Өз ақшасына білім алған түлекке «міндетті түрде осы салада қызмет ет» деп талап қоя да алмайсың. Сондықтан педагогтарды даярлайтын жоғары оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік грант санын арттыру білім саласындағы түйткілді мәселелердің шешілуіне ықпал етпек.

Орайы кеп тұрғанда айта кетейік, осыдан бірер жыл алдын біздің газетіміз еліміздегі ер мұғалімдер мәселесін көтерген-ді. Біз көтерген мәселе нысанаға дөп тиген болуы керек, бүкіл қоғам болып осы мәселені талқылауға көшті. Нәтижесінде мектептердегі ер мұғалімдердің санын көбейтуге мемлекеттік тұрғыда көңіл бөлініп жатыр. Отбасында ұл балаға әке тәрбиесінің рөлі қаншалықты болса, мектептегі ер мұғалімдердің де рөлі соншалықты маңызға ие. Ұл баланың намысын оятуда, жігерін жануда ер мұғалімнің қосар үлесі басым. Одан бөлек білім және тәрбие жөніндегі басшылардың да басым көпшілігі әйелдер қауымынан. Бұл, әрине, гендерлік саясат тұрғысынан алғанда жетістік болып саналады. Алайда, қоғамдағы ерлердің позициясына кері әсерін тигізеді. «Сананы тұрмыс билеген заманда» әкелердің перзентіне көңіл бөлетін уақыты табылмайды. Осындайда әке тәрбиесін, ер кісінің тәлімін мектептегі мұғалімдер алмастыруы керек қой.

Еліміздің болашағы бүгінгі бүлдіршіндер мен жеткіншектер десек, оларды тәрбиелейтін, білім, бағыт-бағдар беретін мамандық иелеріне қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Өлшеусіз құрметтің артында елдің жарқын болашағына көңіл бөлу мәселесі тұр. Балаға тиісті дәрежеде тәлім-тәрбие, білім беру кез келген адамның қолынан келе бермейді. Сондықтан да педагог деген атты иеленген жандарды үлкен жүректің иесі деп батыл айта аламыз. Мерекелеріңізбен, ұстаздар!

 

 

Пікір қалдырыңыз