Азиза апайыммен мақтанамын

Ұстаздық – екінің бірінің қолынан келмейтін, әрі аса үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Дәрігер адамзат өмірінің алдында қандай жауапты болса, мұғалімнің де жауапкершілігі одан бір де кем емес. Бала өмірге қадам жасаған сәтте оның жолында небір қиындықтар кездеседі, сол кезде өзінің тәжірибесімен бөлісетін адам сол баланың өмірінде өшпес із қалдырады. Ата-анамыз біз өмірге келген күннен бастап жүріп-тұруға, оқуға, санауға, жаза білуге, қоғамдық орындарда өзімізді қалай ұстауға үйретеді. Алайда, ата-ананың үйде берген тәрбиесі жеткіліксіз, өйткені, олар балаға өзінің нәрестесі ретінде қарайды. Ата-анамыздан кейінгі ақылымен бөлісер, ар-ұятты бойға сіңірер бірден-бір адам – ұстаз. Ал, мектептегі ұстаз балаға жеке адам, тұлға ретінде қарайды.

Менің сүйікті де қадірлі ұстазым – Бәйдібек ауданындағы Жиенқұм жалпы орта мектебінің мұғалімі Азиза Жаппарова. Ол кісі менің ақылшым, данышпаным, өмірге бағыттаушым болды. Әр оқушының пәнді жақсы білуі пәнді оқытатын ұстазына байланысты екені баршамызға белгілі. Ал, Азиза Парамұрызқызы сыныптағы әрбір оқушымен дипломатиялық қарым-қатынас орнататын. Сол арқылы бәрімен дос болып, адамгершілік пен ардың айнымас қағидаларын біздің бойымызға сіңірді. Азиза мұғалім осылайша өз елінің жас болашағына тәлім-тәрбие берді. Оның тәлімін алған шәкірттер бүгінде республиканың түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет атқарып жүр.

Азиза Парамұрызқызының ағартушылық қызметте жүргеніне биыл 30 жыл толып отыр. Өзі ұстаздар әулетінің ұрпағы. Парамұрыз әкейдің жолын таңдаған ұл-қыздары да дүниедегі мамандық атаулының төресін таңдаған болатын. Бүгінде әрқайсысы өз кәсіптерінің нағыз ұстасына айналған.

Азиза апайымыз аудандық, облыстық білім бөлімінің Құрмет грамоталары мен марапаттарына ие болды.

Егер адам өз өмірін реттей алмаса, өзгеге ақыл үйреткенінен не пайда?! Азиза Жаппарова отбасында үлгілі отанасы. Жолдасы екеуі бір ұл, бір қыздан немерелер сүйіп отырған ардақты ата-әже.

Мен ұстазыммен әрдайым мақтанамын.

Жанар ДАРХАНҚЫЗЫ.

 

 

Пікір қалдырыңыз