«Керек жерде тіл тістеп, тіс жармау да үлкен өнер»

Жұмабек Мұқановтың есімін Шардарадан бөліп қарастыруға болмайды. Бүкіл саналы ғұмырын туған жерін жырлауға арнаған арда азамат жайлы естеліктерді жақсының жары Рахима апамыздың өз аузынан естігенді жөн көрдік.

– Рахима апа, әңгімемізді Жұмабек ағамен таныстығыңыздан бастасақ... Ақын жігіт жүрегіңізді қалай жаулады?

– 1978 жылдың күзі болатын. Жұмагелді деген құда баламыз отау көтерген кешке құдаша болып мен де бардым. Тойды ұзын бойлы, арықтау, қара торы жігіт басқарды. Өзін газеттегі мақалалары арқылы сыртынан білетінмін. Ол «құдаша қыз» деп сөз беріп, мен көп алдында екі жасқа тілек айттым. Сол кеште Жұмекеңнің маған назары ауса керек, көп ұзамай Мәрияш жеңешем хат әкелді. Хатта «Құдаша қызға» деп басталатын өлең жолдары бар еді.

Жұмекең жас кезінен адал, ашық, өзінің ой-пікірін тіке айтатын, өз ортасына сыйлы кісі болды. Ақындығы бір төбе. Сондықтан жүрекке салсам да, ақылға салсам да оған жар болуым көңілге қонымды еді.

– Жұмабек аға журналист, зерттеуші, ақын, қысқасы, «сегіз қырлы, бір сырлы» еді. Кейде мұндай таланттарға туған жері тарлық етіп жатады. Ал, ол кісі Шардара аудандық «Өскен өңір» газетінде 35 жыл табан аудармай еңбек етті. Туған жерден ұзамауым керек деген ұстанымы болды ма, әлде «тағдыр салды, мен көндім» дегенге тоқтады ма?

– 1980 жылы атам Мұқан баба құда түсіп, мен туған ұямнан ұзатылдым. Мен келін болып түскенде Жұмекең екі жылдық еңбек өтілі бар журналист еді.

5 жылдан соң газеттің бас редакторы болды. Аудандық басылым үшін қалай жанын салғанын жергілікті жұрт жақсы біледі. Ол басшылық еткен жылдары шығармашылықпен айналысатын замандастары «Өскен өңір» газетін аудандық газеттің деңгейінен әлдеқайда жоғары дейтін.

Жұмекеңдер он бір ағайынды. Қарашаңырақта 80-нен асқан үлкен атаммен, ата-енеммен, бауырларымен бірге тұрдық. Үйдегі ұлдардың үлкені ретінде оның өз отбасының, енді жетіліп келе жатқан іні-қарындастарының алдында үлкен жауапкершілігі болды. Оларға қамқорлық танытып, жол сілтеп, жоғары білім алуларына жағдай жасады. Өзің айтқандай, ол кезде арман қуғанның бәрі Алматыға қарай ағылатын. Жұмекең де ол жақтан талай қызметке шақырту алды. Алайда, ауылынан ұзап кете алмады. Өзі «барлығымыз Алматыға кетсек, елде кім қалады, елдің сөзін кім сөйлейді?» дейтін. Бірақ, Алматыдағы шығармашылық ортадан қол үзген жоқ. Әрқашан Әбіш аға Кекілбаев, Фариза апа Оңғарсынова тарапынан рухани қолдауға ие еді. ҚазМУ-дің журналистика факультетіне өзінің туған қаласы Мырзашөлден бірге аттанған досы, қазіргі қазақтың классик ақыны Есенғали Раушановпен, иман байлығын берсін, өзінің ерек тұтар досы, қазақтың классик жазушысы Рахымжан Отарбаевпен, ақиық ақын Темірхан Медетбекпен, жазушы баспагер Мереке Құлкеновпен әрдайым Алматыға барғанында, олардың оңтүстікке табаны тигенде қауышып тұратын. Ақын апасы Ханбибі Есенқарақызына деген құрметі ерекше-тін. Жұмекең сол уақыт аралығында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің үні – «Халық Кеңесі» газетінің Орта Азия елдеріндегі тілшісі қызметін атқарды. Одан кейін «Түркістан» халықаралық-саяси газетінің Ташкенттегі тілшісі болды.

Жұмекең газет бетінде Өзбекстандағы қазақтардың жағдайын көтерді, олардың елге оралудағы қиындықтарына көңіл аударды. Қанша дегенмен, Өзбекстан – қазақ диаспорасы ең көп шоғырланған елдердің бірі. Демек, Жұмекең республикалық, халықаралық басылымдарда да өз қолтаңбасын қалдырды.

Бірақ, Жұмекең үшін өзінің Шардарасы, Сырдың жағасы құтты мекен болды. Сыртқа сапарласа, Шардараға қайтқанша асығатын. Шардараның мәселелерін газет бетінде жиі көтеретін.

– Қалай ойлайсыз, ол кісінің биігінен құламауына, яғни бір қызметте ұзақ отыруына қандай қасиеті сеп болды?

– Менің редакциядағы жұмысында шаруам болған жоқ, үйде Жұмекеңнің жағдайын жасаумен айналыстым. Бірақ, бір білетінім: ол кезде әділдік іздеген жан әкімдікті, прокуратураны, милицияны емес, «Өскен өңір» газетінің редакциясын жағалайтын.

«Шардараның жалаң қылышы», «Шардараның Жалаңтөс бахадүрі» деген атқа ие болғаны түйткілдердің түйінін тарқатып, елдегі мәселелердің күрмеуін шешіп, әділдікке болысып жүргендігінен болар... Досы Рахымжан Отарбаев «Шардараның «құрыштан құйған құдіреті», Аллекең саған дем саларда мырзақолданып отырып бәрін бере салған сияқты. Тұлғаң да, азаматтығың да, дарының да соның дәлелі» деуші еді.

Жұмекең басшылық қызметте жүргенде де ағаға іні, ініге аға бола білді. Алматыға барса үлкендерді іздеп, Шардарадан, жалпы өңірден шыққан ақын інілерін замандастарына айтып, бір-біріне жалғап, табыстап жататын.

Елу жылдық мерейтойында ағалары бар, соңынан ерген інілері бар, бір қауым шығармашылық адамдары жан-жақтан Шардараға келді. Абай атындағы аудандық мәдениет үйінде поэзия кеші өтті. Сонда Темірхан Медетбектің Жұмекеңе арнаған мына өлеңі есіме түсіп отыр. Бұл Жұмекеңе мен манадан айтып отырған әңгімелерден гөрі дәл берілген сипаттама сияқты:

Жұмабек!

Бірде

Бәріне төзетін

Кеңсің, байсалсың.

Бірде

Басыңды кессе де қайтпайтын

Қайсарсың!

Енді бірде

Құмырсқа шаққан адамды да

Жылан шаққандай –

Аяп жүресің!

Ал кей кезде

Бәрінен безініп –

Қағынан жеріген құландай

Саяқ жүресің!

 

Сені түсіну қиын!

Кейбір кездерде

Болмайтын нәрсеге де

Бордай езіліп

Құлап тұрасың!

Бірақ сен

Тіресетін кездерде –

Бүгіліп, иілуді білместен

Сексеуіл сияқты

Күтір-р етіп

Бір-ақ сынасың!

 

Ондай кездерде

Айналаңды

Ала құйын етіп

Жындай қуырып кетесің.

Орай да борай соғып

Құмдай суырып кетесің.

 

Абай бол!

Жұлдыз боп көгімнен

Ағып кетпеші!

Өз отыңа өзің өртеніп

Жанып кетпеші!

– Рахима апа, енді отбасыға қарай ойысайықшы... Жұмабек аға қандай жар, қандай әке болды?

– Ол ешкімге жалтақтамайтын, жағынбайтын, турасын айтатын тік мінездің адамы еді. Отбасына, достыққа адал болды. Адамдарға қолжәрдем, сөзжәрдем еткісі келіп тұратын. Құдайға тәубе, 5 ұл-қыз сүйдік, өсірдік, білім бердік. Балалары әкелерін Ақкөке дейтін. Досы Рахымжан Отарбаев «Сырғасынан сүйреп әкеліп үйленген жарың да берекелі болып жолықты. Толғатқан сайын журналист балаларды тоғытып...» дейтін. Ақкөкелерінің сөзді қадірлеуі, шығармашылыққа жақындығы балаларға да қанмен берілгендей, қызымыз Гүлнәр мен ұлымыз Шыңғыс әке жолын қуды. Қыздарымыз Гүлдана мен Нұрдана, кенже ұлымыз Теңіз де сөз өнерінің қасиетін түсінеді.

Балаларының атын өзі қоятын. Шыңғыстың есімін Ұлы Қағанның, Шыңғыс Айтматовтың құрметіне, биіктіктің белгісіне теңеп қойса, тереңдіктің символы деп кенжемізге Теңіз деген есім берді. Тұңғыш немересін Алаш деп атаса, екінші немересіне Орда деп ат қойды.

Жұмекең бір жаққа барса, кітап көтеріп келетін. Әкелерінің арқасында балаларымыздың бәрі ертегі тыңдап, кітап оқып өсті. Оқытып қана қойған жоқ, ойларын ортаға салып, талқылап, ашық сөйлесуге баулыды.

– Еккен ағаштарыңыздың жеміс беруі үшін аз еңбектенбеген сияқтысыздар...

– Жұмекең үйге ертіп келген кіл жақсыға дәм татқызып, балалар өнеге алсын, әңгімесін тыңдасын, батасын алсын дейтін. Кеткен соң қазақтың бағзы салтымен, отырған орындарына балаларымызды бір-бір аунатып та алатын.

Баламыз, ұлдардың үлкені Шыңғыс кішкентай кезінен жауапкершіліктің не екенін біліп өсті. Атасының қолғанаты болды. Тазы тұқымдас ит, қырғи-бүркіт асырады. Ат жаратып, бәйгеге қосты. Түні бойы атбегілермен дарияны жағалап, атын суытатын. Аты Ақбақай біраз бәйгеден бірінші келді. Мал шаруашылығына епсекті еді. Бірақ, бір жақты болған жоқ. Табанды, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін. «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда барады» дейді қазақ. Қалғандары ізінен ілесті. Әкесі балаларының білімсіз, сауатсыз болмауы үшін барын салды. Құдайға тәуба, барлығы әкелері секілді елге еңбек етіп жүр.

– Рахима апа, отбасылық өмірден түйгендеріңізді түйіндеп, жақсының жары ретінде өзіңізден кейінгілерге қандай ақыл айтар едіңіз...

– Еріңді, барған еліңді сыйлау – жәй әдемі сөз үшін айтыла салатын әңгіме емес, әрбір әйелдің рухани қағидасы.40 жыл қарашаңырақта тұрдым. Сондықтан жиын-тойдың көбісі біздің үйде өтетін. Ол үшін арызданып, шағымданып көрмеппін. Мен қазіргі жастарға да осындай кеңдікті тілер едім. Жарымды, ата-енемді төбеме көтеріп, сыйлағаннан еш кем болған жоқпын. Керісінше, оларды сыйлауым мені сыйлы, оларды құрметтеуім мені құрметті етті. Келінге керек жерде тіл тістеп, тіс жармау да үлкен өнер.

Жұмекең мені қуыршақтай етіп киіндіріп, бірге театрдағы қойылымдарға, ақын-жазушылардың мерейтойларына, демалыс орындарына ертіп баратын. Осындай сүйіспеншілік, құрмет менің Жұмекеңнің өзіне, отбасына, айналасына көрсеткен құрметімнің арқасында мүмкін болды деп ойлаймын.

– ...ақынға жар болудың артықшылығы да, ауыртпашылығы да аз емес дейсіз ғой...

– Рас, ақынға жар болу оңай шаруа емес. Ақынға жар болып жатқанымды да, оның салмағын да, жауапкершілігін де сезіндім. Ол кісінің ақындығы, кез келген ақындікі секілді түрлі кезеңдерден тұрды. Жас Жұмабек ақын лирикаға жақын болғанда:

«Көктемім, кешіктің бе?

Мен келетін жақтағы есікті ілме.

Менің титтей жүрегім тулап жатыр,

Тулап жатыр...

Есіттің бе?..»

деген секілді өлеңдерін оқудың өзі оңайға соққан жоқ. Есейе келе халықтың, қоғамның жағдайын жырға қосты. Әділетсіздікке бүкіл жан-жүрегі аласұратын. Көңіліндегісін қағазға түсіргенде, онысы мақалаларға, уытты өлеңдерге айналатын.

«Зымырап уақыт ағын судай өтеді.

Қызылқұмның қойнауында,

Жаушықұмның аймағында,

Дарияның қайнарында,

Мүлкіл Ата баурайында біз қаламыз, бауырым.

Шағыл құмы, ащы суы,

Бәрімізге жетеді.

Жан сырымды жеткізейін термелеп,

Періштесі аз жұртта

Перілер көп, пенде көп.

Шалқасынан шаршап жатыр Шардарам,

Бірер жұтым су тамызар Ер керек.

Күресуден де,

Тіресуден де жалықтым.

Шардараның күнге күйген кекілінен сипай алар

Азамат іздеп тарықтым!» деп жазды.

– Жұмабек ағаны замандастары төл тарихымызды бір кісідей білетін еді дейді. Әйтеке биді зерттеуге көп күш жұмсады. Өмір бойы зерттеді десек артық айтқандығымыз емес. Бұдан басқа қандай істермен айналысты? Ол кісінің біз білмейтін жазған, жазып үлгермеген дүниелері аз емес шығар...

– Тарих ақтаңдақтарын жарыққа шығару Жұмекеңнің ең үлкен миссияларының бірі еді. Әйтеке би бабамыздың Өзбекстанның Науаи облысында мәңгілік тыныс тапқанын білесіздер, осы тақырыпқа журналистік зерттеулер жүргізді. Төле би мен Әйтеке би ешқашан да сырт елде жүрмеген еді. Бертін келе ғой шекараның пайда болғаны. Әйтеке бидің берекелі қонысы – Қызылдың құмы біздің Оңтүстік өңірімен шектеседі. Сондықтан Жұмекең алғашқы экспедицияны сол кездегі аудан әкімі Серік Ибадуллаевтың, облыс әкімдігінің қолдауымен Шардарадан бастады. Ол кездегі Өзбекстандағы елші осы оңтүстіктің азаматы Зауытбек Тұрысбеков еді. Би атамыздың басына күмбез орнатып, оның ашылу салтанатына сол кездегі Мемлекеттік хатшы Әбіш аға Кекілбаев Науаиге ұшып барды. Бұл Жұмекеңнің бір бітірген ісі еді. Одан соң ол белгілі тұлға, Ресейдегі Аман Төлеевті қазақ топырағына жақындатуға сеп болды. Бала жасынан Ресейге кетіп, сол жерде аса үлкен жетістікке жеткен Аман ағамыз біздің шаңырағымызда болған, дастарқанымыздан дәм татқан. Жұмекең де ағасын бірнеше рет Кемеровоға іздеп барды. Сырлас болды. «Губернатор Аман Төлеев» деген кітап шығарды. Құдай өмір берсе, әлі де тындырар тірлігі көп еді. Бірақ, арысымыздан пайғамбар жасына қараған шағында айырылып қалдық қой.

– Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал ТӨРЕБЕК, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

1 пікір

  • Азат Амиртай
    Азат Амиртай

    Керемет кісі еді. Жаны жаннатты болсын ин ша алла. Аман Төлеев туралы кітабын маған берген еді.

Пікір қалдырыңыз