Жемқорлықпен күрес — ортақ міндет

Сыбайлас жемқорлық – кез келген елдің өсіп-өркендеуіне тұсау болатын кесел. Онымен күресу әрбір азаматтың міндеті. Өкінішке қарай, қаншама құқықтық құжаттар мен стратегиялық бағдарламалар қабылданғанымен, коррупцияға тосқауыл қоя алмай-ақ келеміз.

Бірақ, жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар бір сәтке де толастаған емес. Өйткені, ол – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты.

Елбасы Н.Назарбаев та, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауларында еліміздің саяси басымдықтарының бірі ретінде белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске айрықша тоқталып өтеді. Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы Жолдауында да жемқорлыққа қарсы күреске ерекше мән берілді. Қоғамның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, шенеуніктердің жемқорлық әрекеттерін болдырмау үшін жергілікті мәселелерді зерттеп-зерделеу маңызды. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Өңірімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі бағыттары белгіленген. Олар – мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар қолдану, қоғамдық бақылау институттарын енгізу, мемлекеттік және жекеменшік секторларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жасау; құқық қорғау және сот органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған қарсы мәдениетті қалыптастыру; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесі бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Бұл бойынша аудан прокуроры, мәслихат хатшысы, аудандық ҰҚК басшысының қатысуымен жиын өткізіліп, орын алған кемшіліктер қатаң бақылауға алынады.

Аудан әкімі қызметіне кіріскелі бері «ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жүргізу жоспарын» барынша жүйелі жүргізуге күш салып келеміз. Әкімдік жанынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде комиссия құрылған. Олар мемлекеттік қызметті сапалы және уақтылы көрсету, ХҚКО арқылы мемлекеттік қызметтерді алу жөнінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу, интернет ресурстарда құқықтық ақпараттың жаңартылып отыруын үнемі қадағалау, ауылдық округ әкімдіктерінің қызметін бақылау, азаматтардың жазбаша және ауызша өтініштерінің орындалуын бақылау, әкім аппараты тарапынан барлық мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама бойынша құқықтық сабақтар өткізу сынды жұмыстармен айналысады. Ондағы мақсат – құқықтық сауаттылықты көтеріп, жемқорлыққа «нөлдік төзімділікпен» қарауға дағдыландыру.

Жалпы, жемқорлықты жеңу үшін ең бірінші жастардың санасын қалыптастыруымыз керек. Өйткені, жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу – олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынуына және орындауына көмектесетін алғышарттардың бірі. Ол үшін алдымен біздің санамыз сыбайлас жемқорлыққа қарсы болуы қажет. Сонда ғана өресі биік адам кез келген жат қылықтардан бойын аулақ ұстап, заңға қайшы әрекеттерді жасауға жол бермейді. Қазір бізге керегі де осы.

Бауыржан ОМАРБЕКОВ, Төлеби ауданының әкімі.

 

 

Пікір қалдырыңыз