Ел үшін қызмет - азаматтық міндет

АРЫСТАҒЫ ЖАҒДАЙДАН СОҢ ҚАРУ-ЖАРАҚ ПЕН ОҚ-ДӘРІЛЕРДІ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ПРОКУРОРДЫҢ РӨЛІ.

Қазіргі жағдайда қару-жарақ пен әскери техниканың қауіпсіздігі мәселелері ерекше маңызды, себебі Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қару-жарақ пен әскери техникалардың ұжымдық түрлерімен, күрделі жауынгерлік жүйелерімен жабдықталған уақытта олардың үнемі жауынгерлік даярлықта ұсталуы тек жеке құрамның шеберлігі мен оларды пайдалану жағдайларына байланысты.  

​Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «...парасатты күш басқа мемлекеттердің уәделеріне ғана емес, сонымен қатар өз елінің күшіне де сүйенеді. Сондықтан біздің Қарулы Күштерімізді құру мен жаңартуға, олардың кәсіби дайындығы мен жауынгерлік даярлығы деңгейлерін арттыруға, замануи қару-жарақпен қамтамасыз етуге басты назар аударылатыны сөзсіз...» - деп атап өткен болатын.

Өкінішке қарай, соңғы жылдары қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау саласында орын алған көптеген заң бұзушылықтар, соның ішінде олармен жұмыс жасау ережелерін бұзу жәйттары орын алып жатқаны мен қару-жарақты пайдалану кезінде техногендік жағдайлардың зиянды әсерінен жеке құрам мен тұрғындарды қорғау мәселелерін де айта кеткен жөн. Осыған байланысты, осы заңнаманың сақталуына қатысты прокурорлық қадағалаудың рөлі едәуір өскен. Оған Арыс қаласындағы арсеналдың жарылуы мен жаттығу аумағында оқ-дәрілерді жару кезінде әскери қызметшілердің жарақат алулары жарқын мысал бола алады.  

Арыс қаласындағы бұл қайғылы оқиғалар, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді айқындап берді.  
Негізгі мәселелердің бірі – оқ-дәрілері бар арсеналдың маңынан жер телімдерін бөлу.  
Сонымен, арсеналдардың, базалар мен қоймалардың жанындағы тыйым салынған аудандарды белгілеу туралы Қағидаларға сәйкес (Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 155 бұйрығымен бекітілген, әрі-қарай – Қағидалар), оқ-дәрілерді сақтайтын нысандардың айналасына 3 шақырымдық тыйым салынған аудан белгіленеді, мұнда атыс қаруларының барлық түрінен ату жаттығуларына, пиротехникалық құралдарды қолдануға, тирлерді және стендтерді орналастыруға, ату жаттығуларын жүргізуге, сондай-ақ 400 метрлік қашықтықтағы тыйым салынған аумаққа адамдардың жүруіне және кез-келген құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады.
Бұл ретте, оқ-дәрілер жарылған Арыс қаласындағы әскери бөлімге жүргізілген тексеру кезінде талаптардың өрескел бұзылғаны анықталды. Қадағалау актілерінің негізінде оларды жоюға қатысты шаралар қабылдануда, тыйым салынған аудандар мен аймақтардың көлемін ұлғайтуға, сонымен қатар азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты Қағидаларға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.  Осы және басқа да деректерге қатысты бірқатар қылмыстық істер қозғалып, Қорғаныс министрлігінің және әскери бөлімнің лауазымды тұлғалары қылмыстық жауаптылыққа тартылуда.

Өзекті мәселелерге қатысты Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасымен тиісті шаралар қабылдау үшін мемлекеттік және уәкілетті органдар, сондай-ақ жоғары тұрған басшылық ақпараттандырылды. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Арыс қаласындағы оқ-дәрілерді өзге гарнизондарға ауыстыруға қатысты шараларды қарастыруда. Одан бөлек, аталған іс-шараларды тиісті деңгейде іске асыру мақсатында өткен жылы және биыл Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы әскери ведомстволар мен жергілікті атқарушы органдары өкілдерінің қатысуымен Қылмыстық қудалау органдарының ведомствоаралық кеңестерін өткізіп, нәтижесінде әр органның міндеттері мен функцияларының ерекшеліктері ескеріле отырып, нақты ұсыныстар әзірленді.  

Осылайша, қадағалау шаралары арқылы азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін, сондай-ақ Арыс гарнизонында қару-жарақ пен әскери техниканы сақтауды тиісінше қамтамасыз етуге қатысты қажетті шаралар қабылдануда. Жалпы алғанда, әскери прокуратураның бастамашылығымен әскердегі барлық атыс қаруларын және гранаталарды компьютерлік, нөмірлік, бухгалтерлік және электрондық есепке алу жүйелері орнатылды.  

Бұдан өзге де өзекті мәселелер әлі де болса көп (қаржыландыру, жер телімдеріне құқықтың тіркелуі, қоршаған ортаны қорғау), олардың шешімін табуға тек үйлестіре отырып, кешенді шаралар қолдану арқылы құқық қорғау органдарының және барлық деңгейдегі басшылықтың бірлескен күш-жігерінің арқасында қол жеткізуге болады. Бұл қару-жарақтың, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың қауіпсіздігіне қатысты шынайы тиімді жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді. Олардың белгіленген тәртіпте сақталуы әскеріміздің жауынгерлік қабілеттілігі мен жауынгерлік даярлығының тұрақты кепілі, сондай-ақ сіз бен біздің қауіпсіздігіміздің кепілі болып табылады.  
 
 
                                                                                                                                                                                                            Шымкент гарнизонының
                                                                                                                                                                                                            әскери прокуроры,
                                                                                                                                                                                                            әділет полковнигі​​​​​​​  Б. Телеу
Пікір қалдырыңыз