Таулы Қарабақ: дау өршіп барады

Пернебай Сапар, «Ońtústik Qazaqstan».

Бүкіл әлем коронавирус індетімен алысып жатқан шақта Армения мен Әзірбайжанның арасында Таулы Қарабақ үшін қақтығыс тағы басталып кетті. Соғыстың үлкен-кішісі болмайтыны белгілі, соңғы мәліметтер бойынша қарулы қақтығыс жиырмаға жуық адамның өмірін қиып кеткен.

Бұл тізімнің арасында сарбаздармен бірге бейбіт тұрғындардың да бар екені анықталып отыр. Қай кезде болмасын соғыстың аты соғыс, онсыз да дүниені коронавиурс індеті дүрбелеңге салып тұрған берекесіз уақытта екі елдің бір-біріне қару кезенуі жақсылыққа апармайтыны анық. Осы орайда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі арнайы мәлімдеме жасап, көрші елдердің жанжалына алаңдаушылық білдірді. Қазақстан Әзірбайжан елімен де, Армения елімен де достық қарым-қатынас ұстанады. Сондықтан қазақ елі бұл қақтығысқа бей-жай қарай алмасы белгілі. Қазақстан тарапы Әзірбайжан Республикасы мен Армения Республикасын жағдайды тұрақтандыру үшін мәселені келіссөздер арқылы шешуге шақырды. Сонымен қатар, Қазақстан халықаралық ұйымдардың алаңдарында жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздеуге көмектесуге дайын екендігін білдіріп. АӨСШК-тің қазіргі төрағасы ретінде кеңестің сенім шаралары пакетін пайдалануды ұсынды. «Бейбітшілік пен келісімге, ең алдымен екіжақты форматта тез арада қол жеткізетініне үміт артамыз. Халықаралық ұйымдар шеңберінде, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, АӨСШК алаңдарында қақтығысты шешудің бейбіт жолдарын іздеуге барынша жәрдемдесуге дайынбыз» делінген ҚР СІМ мәлімдемесінде. Ресейдің сыртқы істер министрлігіде екі жаққа да атысты доғарып, келіссөздерге кірісуге шақырып отыр. Ал, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш қақтығыстан қарапайым тұрғындардың зардап шегіп жатқанына алаңдаушылық білдірді. БҰҰ Бас хатшысы екі тарапты да әскери қақтығысты тоқтатып, өзара бейбіт келісім жасау үшін келіссөзге келуді ұсынды.

Қап тауының етегінде, Арменияның шығыс жақ жотасында орналасқан Таулы Қарабақты 150 мыңға жуық тұрғын жайлап отыр. Елдің басым көпшілігін армяндар құрайды. Олар Таулы Қарабақты тәуелсіз ел ретінде Арменияның құрамына қосуды армандайды. Абхазия, Оңтүстік Осетия, Транснистрия секілді мемлекеттер Таулы Қарабақты тәуелсіз мемлекет ретінде мойындаған. Бірақ, олардың мойындауы ешкімге әсер еткен жоқ. Себебі, Абхазия, Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін БҰҰ-ның азшылық мүшелері ғана қолдаған. Яғни ол мемлекеттердің өздері тізгіндеріне толық ие болып үлгермеген. Сондықтан Таулы Қарабақ Әзірбайжанның да, Арменияның да құрамына кірмейтін аймақ болып саналады.

Екі мемлекеттің текетіресі бүгін басталып отырған жоқ. Армяндар мен әзірбайжандардың бұл өлкеге таласуы талай жылдарға, тіпті, ғасырға созылған жанжал. 1919 жылы 22 тамызда армян-әзірбайжан келісімі жасалып, Қарабақ Әзірбайжанның иелігіндегі жер деп мойындалған. Кеңес Одағының кезінде Таулы Қарабақ автономиялы мемлекеті құрылып, ол Әзірбайжан КСР-не қосылды. Кеңестік жүйе құлаған соң Таулы Қарабақ автономиясы Әзірбайжаннан бөлініп, Арменияға қосылуға әрекет жасады. Ежелгі ескі дау осылайша қайта қозды. Армяндар Таулы Қарабақты өздерінің қасиетті мекені, атажұрты санайды. Әзірбайжандар бұл өлкені тарихи және мәдени мекені деп есептейді.

1988-1994 жылдар аралығында армяндар мен әзірбайжандар екі рет соғысты. Авиация мен танк араласқан қанды қырғында 40 мыңға жуық адам көз жұмған. 1994 жылы жасалған атысты тоқтату туралы келісім жасалып, екі мемлекет шекараларын жауып алғанымен, ара-тұра бір-біріне мылтық кезенулерін қояр емес.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қарабаққа әуеден шабуыл жасалған. Екі ел де бірін- бірі айыптап, өздеріне шаң жуытар емес.

Армения Әзірбайжанның екі тікұшағы мен үш ұшағын, ал, әзірбайжандар 12 армян зенит кешенін жойып үлгерген. Әуе күштерінің ұрысы Тертер-Агдам, Физули-Джебраиль, Муровдаг тауы бағытында жүріп жатыр. Мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасының президенті Араик Арутюнян елді соғыс жағдайына көшірген.

 

 

Пікір қалдырыңыз