ЙАССЫДА

Қатпар-қатпар төбемнен бұлт ұшқанда,

Батпан-батпан кеудемді мұң қысқанда,

Йассыға қашамын, ғұсылымды ап,

Астанасы Тұранның – Түркістанға!

 

Қыбыр-жыбыр тіршілік мезі еткенде,

Күбір-күбір күншілдер сөзі өткенде,

Түркістанды бетке алам, кесенеде –

Табылар деп мұң шағар қажет пенде.

 

Төбе-төбе естумен сөзін келе,

Көре-көре тарихи көзін көне,

Жырлағаным неше рет есімде емес,

Кеудедегі рухтық сезімге ере.

 

Түмен-түмен сарбазы «Әруақтаған»,

Кілең күрең аттыға жау батпаған.

Батырлары келеді көз алдыма,

Сан ұрыстан оралған әр уақта аман.

 

Қарай-қарай соңына әскерлер мың,

Талай-талай хан өткен қастерлі ел бұл.

Есімімен ханының жауға шапқан,

Естіледі қиқуы басшы ерлердің.

 

Жырлап-жырлап жіберсе шайырлары,

Шыңдап-шыңдап салғанда,

айылдары –

Ат үстінен табылған найзалы ердің,

Елестейді сұлбасы – дайын бәрі.

 

Аз болғандай қан құмар Шыңғыс хандар,

Атамекенімді алмақ боп қырқысқандар.

Ер түріктің ұрпағы қазақ барда,

Ер Тұранда мәңгілік Түркістан бар!

Дәурен АЙМАНБЕТ.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз