Президент белгілеген шаралар өңірде қалай жүзеге асады?

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа кезекті Жолдауын жариялады. Жолдаудың басым бөлігі еліміздің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі негізгі даму бағыттарына арналды. Экономикалық және әлеуметтік мәселелер сараланды.

Иә, биылғы жыл мемлекетімізге ғана емес, бүкіл әлем үшін сынақтарға толы күрделі жыл болды. Адами құндылықтар мен өмірге деген көзқарас басқа қырынан айқындалды. Осындай қиын кезеңде Мемлекет басшысының Жолдауы отандастарымызға үміт отын жаққандай болды.

Осы кезекте Жолдаудың басым бағыттарын және оның өңірімізде іске асырылуы бойынша атқарылатын жұмыстарға тоқталмақпын.

Біріншіден, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі және Реформалар жөніндегі жоғары Президенттік кеңес құрылатын болды. Енді Статистика комитеті осы агенттік құрамына беріледі.

Екіншіден, Мемлекет басшысы кадр саясатына ерекше тоқталып, Үкіметке мемлекеттік аппараттың қызметкерлерін қысқартуды, үнемделген қаражаттың есебінен қалған қызметкерлердің жалақысын көбейтуді тапсырды. Осыған орай Түркістан облысы әкімдігінің мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін 2020 жылы 10%-ға, 2021 жылы 15%-ға қысқарту көзделуде. Нәтижесінде, қысқартылған мемлекеттік қызметшілердің шығындарынан үнемделген қаржы есебінен факторлы-балдық шкала жүйесі бойынша мамандарға үстемеақы төленетін болады. Бұл мемлекеттік қызметшілердің жұмысқа деген ынтасын арттыруда үлкен рөл атқарады.

 

Экономикалық өсім

Өңіріміздің макроэкономикалық көрсеткіштерінің өсімін сақтап қалу мақсатында республикалық кешенді жоспарды басшылыққа ала отырып, Түркістан облысында экономикалық өсуді қалпына келтіру бойынша 2020 жылдың соңына дейінгі іс-шаралар жоспары бекітілді.

Жоспар 6 бағыт (инвестиция тарту, нақты сектор, сервистік экономика, еңбек нарығы, әлеуметтік сала, өңірлік даму) пен 19 тармақтан тұрады.

Аталмыш жоспар іске асқан жағдайда жыл қорытындысында облыс экономикасының өсімі 3 %-ды құрайды деп күтілуде. Ал, 2021 жылы жалпы өңірлік өнім 2 019,2 млрд. теңгеге жетіп, өсім 3,2 %-ды құрайтын болады. Ұзақ мерзімді кезеңде инфляция деңгейін 6-9 % дәлізінде ұстап тұру жоспарланған.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2020 жылы 104,1%-ға, өнеркәсіп өнімі көлемі 1,5 %-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемін 4%-ға жеткізу болжануда.

Жыл қорытындысында құрылыс көлемінің өсімі 2%-ға артып (185,7 млрд. теңге), нәтижесінде 595,6 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделуде.

Мемлекеттік бағдарламалардың оң нәтижесінде 2021 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 104,2%-ға, өнеркәсіп өнімі көлемін 2%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі көлемі өсімін 1%-ға жеткізу жоспарлануда.

Үшіншіден, Мемлекет басшысы ішкі өнімді, өндеу өнеркәсібін қарқынды дамыту мәселесін көтерді. Осы орайда, Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған картасы шеңберінде 6 мыңға жуық жұмыс орнын құратын 29 жоба іске асырылуда.

Президент белгілеген шаралар нарықтық экономиканы күшейтуге бағытталып отыр. Бұл ретте, әділ бәсекені реттейтін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құрылды. Ақша-несие саясатын тұрақтандыру мақсатында, Ұлттық банктің құрамынан Ақша-несие саясаты комитетін құру туралы шешім қабылданды.

Бұдан бөлек, Жолдауда көлік-логистика кешенін дамыту мәселесі де көтерілді. 2025 жылға дейін автожолдар сапасы кезең-кезеңімен жақсаратын болады. 2020 жылы Түркістан қаласындағы халықаралық әуежай құрылысының 1-кезеңі, ал, 2024 жылы 2-кезеңі аяқталады. 2023 жылы Түркістан қаласында жаңа теміржол вокзалының құрылысы жүргізіледі деп жоспарланған. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 90%-ға дейін артады.

Дағдарысқа қарсы шаралар ретінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жөнінде Жұмыспен қамту жол картасы әзірленді. Түркістан облысында 471 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 100,2 млрд. теңге қаралды.

Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында 24,9 мың уақытша жұмыс орындары ашылатыны көзделді, одан бөлек, жобалар пайдалануға берілгеннен кейін 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

 

Ауыл – Ел бесігі

Ауылдың әлеуетін толық пайдалану – стратегиялық маңызы бар мәселе. Ауылдағы мейлінше өзекті мәселелерді шешуге арналған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру одан әрі жалғасатын болады.

Түркістан облысы көлемінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында даму әлеуеті бар 614 ауылдың тізімі анықталды.

Түркістан қаласын, аудандар мен қалаларды, ауылдық елді мекендерді газбен қамтамасыз ету деңгейін 2021 жылы 54,1%-ға, 2025 жылға қарай 69%-ға дейін арттыру көзделуде.

2025 жылға дейін облыс халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 49 нысан салынып, 12 елді мекенде сумен жабдықтау желілері қайта жөнделмек. Нәтижесінде 25 714 тұрғын таза ауыз су тұтынатын болады.

Тұрғын үй саласында да бірқатар өзгерістер енгізілуде. Биылдан бастап «5-10-25» бағдарламасы жүзеге асырылады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі негізінде «Отбасы банкі» құрылады.

 

Күш – білімде!

Президентіміз өз Жолдауында білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығында екендігін атап көрсетті. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25%-ға көбейту тапсырылды. Осы орайда, Түркістан облысы бойынша 2020 жылға білім беру саласындағы мұғалімдер жалақысын көбейтуге 43,4 млрд. теңге қаралды.

Сонымен қатар, 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі мекемелерде оқытумен 100% қамтамасыз ету міндеттелді.

Бүгінгі таңда, жалпы 1 437 мектепке дейінгі ұйымдарда 1-6 жастағы 154 63 бала тәрбиеленуде.

Қашықтан оқыту форматында 1-11-сыныптар аралығында 231 489 (46,3%) оқушы компьютерлік техникамен қамтамасыз етіледі.

Қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін Online-mektep интернет-платформасына 784 мектеп, Daryn-online-ға 126 мектеп қосылды.

 

Денсаулық – басты байлық

Әрине, денсаулық сақтау саласы қашанғыдай басты назарда болады. Жолдауда «2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болады» делінген. Бұл медицина саласы қызметкерлері мен өңірдің медициналық мекемелері үздіксіз жұмыс істеуін, пандемия індетін емдеу және алдын алу шараларын жүргізуге үлкен мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда қажетті арнайы қорғану заттарымен және дәрілік заттармен қамтамасыз ету мақсатында Үкімет резервінен 1 376,3 млн. теңге және облыстық бюджет есебінен 1 156,0 млн. теңге жоспарланып, дәрілік заттардың 2 айлық қоры жиналды. Оның 70 пайызы әр медициналық мекемелерде резервтік қорда, қалған 30 пайызы облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының қоймасында сақтаулы.

Бұдан бөлек, Өзбекстаннан, Араб елдерінен, Қытай, Ресей және тағы да басқа шет мемлекеттерден гуманитарлық көмек ретінде келген дәрілік заттар мен жеке қорғаныс құралдары медициналық ұйымдарға таратылып берілді.

Сонымен қатар, Президентіміз бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып кетті. Атап айтқанда, «Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары», «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылдау, құқық қорғау жүйесін реформалау, қоғамдық кеңестерді күшейту, ауыл әкімдерін сайлау, мәслихаттар ашықтығы, онлайн-петиция беру механизмі...

Жолдауда айқындалған бағыттар өңіріміздің экономикалық өсімін жеделдетіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Сондықтан да қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайту үшін жігерімізді жанып, зор ынтамен іске кірісуіміз қажет.

Арман АБДУЛЛАЕВ, Түркістан облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз