Жаңа технология – жетістіктер бастауы

Әлемді әбігерге салған пандемия еліміздің білім саласына да қатты зардабын тигізді. Карантиндік шектеулерге байланысты елдегі білім ошақтары түгелдей қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Алғашында абдырап қалған ұстаздар қауымына жедел түрде оқытудың электронды технологиясын меңгеруге тура келді. Қысқасы, пандемия елдегі білім беру саласына жаңаша көзқараспен қарауға мәжбүр етті. Кешегі құндылықтар өзгеріп, оқытудың электронды технологиясы арқылы сапалы білім беру ісіне айрықша мән беріле бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Жолдауында білім саласындағы цифрландыру мәселесіне айрықша тоқталып, әрбір адамның «өмір бойы білім алу» қажеттігіне ерекше назар аударды.

Қазақстанда қашықтан оқыту технологиясын қолдану арқылы өзінің сапалы білім беру құқығын таратқысы келетіндерге мүмкіндік беретін «е-Learning» атты электронды оқыту жүйесі бар. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Казақстан мемлекеттік университеті карантин кезінде осы жүйе арқылы қашықтан оқыту процесін тиімді жүргізе білді. Университет бұл бағытта электронды оқу контенттерін даярлауға белсенді түрде кірісіп, қашықтан оқыту технологиясын ендірудің дидактикалық және әлеуметтік-психологиялық мәселелерін зерттеуден өткізді.

Университеттің инновациялық технологиялар білім институтының сайтында оқу-ақпараттық порталы жұмыс істейді. Онда оқу үдерісін ұйымдастыру, талапкерлерге жоғары білім алу жолдары, университет және факультет жайлы ақпараттармен қатар деканға сауал қою парақшасы, онлайн кеңесші, жиі қойылатын сұрақтар, фотогалерея, Прометей жүйесіне ену сілтемелері, ҰБТ-ға желілік дайындық курстары мен өз-өзін тестілеу, ашық электронды ресурстар, бейне сабақтар орналастырылған. Порталдың дизайны және мазмұны жиі жаңартылып, тың деректермен толықтырылып тұрады. 2019-2020 оқу жылында портал дизайны мен мазмұнына өзгерістер енгізіліп, сайттың мобильді нұсқасы жасалды. Енді тыңдаушылар смартфондар, планшеттер мен ультрабуктер сияқты құрылғылар арқылы сайттағы ақпараттармен таныса алады. Ал, студенттер мен оқытушылар Прометей жүйесінде жұмыс істей алады.

Қазіргі таңда интернеттің дамуына байланысты желілік технология қашықтан оқытудың негізгі білім беру технологиясы ретінде қолданылады. Қашықтан оқытудың желілік технология арқылы біріккен коммуникациялар жүйесі қолданысқа енгізілді. Бұл жүйенің көмегімен интернет арқылы онлайн режимде сабақ өтуге мүмкіндіктер туды. Ақтау, Қарағанды, Ташкент қалаларындағы университет өкілдіктері студенттерге сабақты осы жүйе арқылы өткізе бастады. Сонымен қатар күндізгі бөлім студенттеріне, магистранттарға шетел ғалымдарының онлайн сабақтары ұйымдастырылды.

ОҚМУ-дың жанынан қашықтан оқыту технологиясы бойынша оқу курстарын өткізумен айналысатын аймақтық білім жетілдіру орталығы құрылып, университеттің және жекеменшік білім беру ұйымдарының 1000-ға жуық оқытушылары мен қызметкерлері біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Ақпараттық-коммуникациялық технологияға бетбұрыстың нәтижесінде университеттің білім беру бағдарламаларын түгел қамти алатын электронды білім беру контенті жасалынды. Бұдан бөлек, түрлі ақпарат көздеріне жылдам қол жеткізетін сенімді интернет жылдамдығы жүзеге асты.

Университет – Германияның ASIIN аккредитациялық агенттігінде 13 білім беру бағдарламасын халықаралық аккредитациядан өткізу арқылы инженер-техникалық сала мамандарын жоғары дәрежеде даярлай алатынын дәлелдеген қазақстандық алғашқы жоғары оқу орындарының бірі. ТМД жоғары оқу орындарынын ішінен алғашқы болып химия саласы бойынша 4 мамандықтың «Евробакалавр» белгісін және 4 ЕUR-АСЕ@ белгісін алуы үшін аккредитациядан сәтті өтуі де бітірушілер мен студенттердің бәсекеге қабілеттілігі мен мобильділігінің жаңа деңгейін көрсетсе керек.

Университетте ТМД желілік университеттері аясында Ресей халықтар достығы университеті және Новосібір мемлекеттік университетімен бірге «Халықаралық құқық», «Халықаралық менеджмент» және «Филология» бағдарламалары бойынша қос дипломды магистранттарды даярлау жобасы іске асырылуда. Бакалавриатты бітірушілерге ІТ- технология, нанотехнология, экология бағыттары бойынша Шанхай ұйымының желілік университетінің магистратурасында оқуын жалғастыруға мүмкіндіктері бар.

Казіргі таңда бірыңғай ақпараттық оқыту арқылы көрші елдер мен Казақстанның оңтүстік аймақтарында тұратын тұрғындар үшін сапалы және қосымша білім беруді қолжетімді етуге ерекше көңіл бөлініп отыр.

Еңлікхан ҚОЗЫБАЕВ, ОҚМУ-дің инновациялық технологиялар білім институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

 

 

Пікір қалдырыңыз