Айман МҰСАҚОЖАЕВА, скрипкашы: «Музыка адамның ойлау жүйесін дамытады»

БІЗДЕ ТАЛАНТТЫ АДАМДАР ӨТЕ КӨП

– Әлемге әйгілі өнерпаз болуыңызбен қатар, екі тізгінді тең ұстап, көп жылдан бері Ұлттық өнер университетінің ректорысыз. Алдымен, осы өнерге қалай келдіңіз?

– Бәріміз білеміз, бұрын Қазақстанда музыкалық жоғары оқу орындары болмаған. Қазақтың Құрманғазы атындағы алғашқы консерваториясы Алматы қаласында соғыс жылдарында ашылды. Оның алғашқы ректоры, консерваторияны құрушы академик Ахмет Жұбановтың өзі болды. Мен өзім Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектепте оқып, кейін Мәскеудегі консерваторияны, оның аспирантурасын бітірдім.

– Сіздерді әкелеріңіз музыкалық мектепке беруіне не әсер етті, қалай ойлайсыз? Сіздер ол кезде әлі кішкентай қыздар едіңіздер ғой.

– Біздің әкеміз Мәскеудегі ауыл шаруашылығы академиясында білім алуға жіберілген қазақ интеллигенциясының алғашқы өкілдерінің бірі, Алматыдағы агротехникумды бітірген маман болатын. Алматыдағы Горький атындағы парктің алғашқы ағашын отырғызған сол кісілердің курсы екен. Әкеміз Мәскеуде оқуын бітірген соң қайтадан Қазақстанға, Алматыға оралды. Ғылым жолына түсті, бидайды сұрыптаумен айналысты, кейін жоғары партиялық ұйымдарда қызмет істеді.

Иә, біз бала кезімізде өзіміз секілді кішкентай телевизордан Роза Бағланованы және басқа да әншілерді көретінбіз. Үйде қазақша үстелді айнала отырып, өзімізді әншіміз деп ойлап, рояльда ойнап отырғандай болатынбыз... (Әнші сыңғырлап бір күліп алды). Соның ішінде мен көбіне қолыма екі таяқшаны ұстап алып, скрипка ойнап тұрғандай болушы едім. Қай ата-ана болсын балаларынан үлкен үміт күтеді ғой, біздің де ата-анамыз бізден солай үміт еткен болса керек, төртеуміз де Күләш Байсейітова атындағы мектеп-интернатты бітіріп шықтық.

Шынын айтайын, оқу оңай болған жоқ. Басқа балалар аулада ойнап жүргенде де біз музыкамызбен айналысатынбыз.

– Ал, қалайша сіздер апалы-сіңлілі төртеуіңіз бір аспапты таңдамадыңыздар?

– Қандай аспапта ойнауды біз таңдаған жоқпыз, біздің қабілет-қарымымызға қарап педагогтарымыз таңдады. Олар біздің қолымызға қарады, ырғақты, музыканы қалай қабылдайтынымызға қарады, соған қарап іріктеді. Соның нәтижесінде үлкен әпкем Раиса екеумізге скрипкада, екінші әпкем Раушанға қылқобызда, сіңлім Бақытжанға виоленчельде ойнау бақыты бұйырды.

– Осы жерде бір қызық аңыз бен бүгінгі заман оқиғасынан тұратын тәмсілді айта кетуге рұқсат етсеңіз.

Грек мифологиясында Зевс бастаған құдайлардың Гераклды 12 ерлігі үшін Олимп тауына, өздерінің қатарына қосып алғаны айтылады. Дегенмен, адамды құдайлар қатарына қосуға тозақ құдайы Тантал қарсылық танытып,

«Геракл мені шахматтан жеңсе ғана қабылдансын» деп табандап тұрып алыпты. Геракл шахматқа мықты болмаса керек, ә дегеннен ұтыла бастайды. Сол кезде Гераклге ғашық шахмат құдайы Каисса шыдамай: «Геракл, енді 12 жүрісті дұрыс жасасаң жеңесің!» деп айқайлап жібереді. Танталдың «Каисса айтып қойды!» деген шағымын «Каисса қандай жүріс жасауды айтқан жоқ» деген Зевс қабылдамай тастайды. Қандай 12 жүрісті айтқанын түсінген Геракл жеңіске жетеді...

Кеңес Одағының бір шахматшысы (аты есіме түспей тұр) өзінің дойбышы досына осы заманға дейін жеткен әлгі 12 жүрісті көрсетіп, «көрдің бе, шахмат қандай теңдессіз ойын, ферзь бастаған ірі фигураның қаншасын құрбан етіп те жеңіске жетуге болады!» деп өзі таңдаған спорт түрін мақтаған екен. Досы: «Сен енді дойбының кереметін көр!» дейді-дағы, ойын басталысымен тасының бәрін шетінен құрбан етіп (ал, дойбыда берген тасты жемеуге болмайды), қалған жалғыз тасымен қарсыласының тасының бәрін жеп қоятын комбинацияны көрсетеді. Оған таңқалған шахматшы досы дойбышы болып, ал, дойбышы шахматқа ауысып кетеді...

Сіздерде де осындай бір-біріңізге скрипканың артықшылығын немесе қобыздың кереметін көрсеткен, басқа аспапқа ауыссам деген ой болған жоқ па?

– Жоқ. Мен Мәскеу консерваториясында оқығанда рояльда да ойнасам да ондай қызығушылық туған жоқ. Ал, Раушан әпкем де қобызды ешнәрсеге айырбастағысы келмейді.

– Мамандыққа деген мәңгілік махаббат... Тамаша! Дегенмен, бәріңіз скрипкашылар немесе қобызшылар квартетін құрғанда әрқашан бірге болу мүмкіндіктеріңіз бар еді ғой...

– Біз онсыз да мен музыкалық академия құруды қолға алғаннан бері біргеміз.

– Иә, осы арманыңыз жайлы айтыңызшы.

– Мен оқу бітірген соң елге, Қазақстанға оралдым. 1996 жылы шығармашылық есебім ретінде жеке концертімді бердім. Сол концертке біздің Президент Нұрсұлтан Назарбаев та шақырылды, ол кісі өзінің отбасымен келіп, тыңдап, көрді. Концерттен кейін бізбен жолығып, әңгімелесті. «Академия солистов» деген камералық оркестр құрдың, енді қандай арманың, қандай идеяң бар?» деп сұрады менен. «Менде идея өте көп» дедім. «Шетелдерге жиі шығамын, жоғары оқу орындарында мастер-класс өткіземін. Өнерпаздар жасөспірім кезінен докторантураға дейін білім алатын бес сатылы халықаралық өнер академиясын ашсам деймін» деп едім, «онда ол академияны сен жаңа астанада ашсаң» деген ұсыныс айтты. 1998 жылдың қаңтарында маған Президенттің көмекшісі қоңырау шалды: «Астанада академия болуға сәйкес келетін қай жерде қандай ғимараттар бар, мысалы, музыкалық училище бар, мектеп бар, соларды аралап көресіз, келіңіз» деді.

Сонымен, 1998 жылы Астанаға келіп, академияны құруға кірісіп кеттік. Академияда 10 жыл жұмыс істедік, кейін академияны Қазақ ұлттық өнер университеті етіп қайта құрдық. Міне, содан бері тағы он жылдан астам уақыт өтті. Бұрын қазақ музыка академиясы болса, енді біз балет бөлімін аштық, театр және кино бөлімін аштық, дизайнды да аштық, мүсін бөлімін де аштық. Ұлттық өнер университетіміз бар, консерваториямыз бар, бірақ, тағы ашамыз.

– Тағы да? Демек, бір университет жетпейді ғой?

– Италияға, Германияға барсаңыз, басқа да шетелдерге барсаңыз, олардың әр өлкесінде өздерінің жеке академиясы бар екенін, консерваториясы, институттары бар екенін көреміз. Бізде де өнер ордалары неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы, өйткені бізде талантты адамдар өте көп қой.

 

ДИМАШТЫҢ ТАБЫСТАРЫНА ШЕКСІЗ ҚУАНАМЫН

– Осы сұрақтың жалғасы. Сіз өз идеяңызды, арманыңызды іске асырдыңыз. Ал, енді жалпы музыкаға, өнерге қатысты мемлекет деңгейінде тағы қандай істер атқарылуы керек деп ойлайсыз? Мысалы, еврей халқы балаларын жас кезінен «сенің мамандығың басқа болуы мүмкін, ал, бұл қиын-қыстау кезеңде сені құтқаратын наның болады әрі рухани азығың болады» деп скрипкада ойнауға үйретеді екен. Осы тұрғыдан келгенде біз де мемлекет болып бастап, қоғам болып қостап, қазақтың да бәріне сондай, қобыз болсын, домбыра болсын, скрипка болсын, баян-аккордеон болсын, музыкалық білім бере аламыз ба?

– Біз балаға тек білім беріп қана қоймай, білімді де мәдениетті адамды қалыптастыруымыз керек. Еврей халқын дұрыс мысал етіп отырсыз, өйткені музыка дегеніміз – эстетика, музыка дегеніміз – гармония. Неліктен әлемнің ең әйгілі ғалымдары, ең танымал тұлғалары бәрінен бұрын музыкалық білім алған, себебі, музыка адамның ойлау жүйесін тәрбиелейді, оны дамытады. Неге музыка мектебінде оқитын балалар көшеде бос сандалып жүрмейді, есірткіқұмарлармен араласпайды, себебі, олар шығармашылықпен шұғылданады, өнермен айналысады.

– Әл-Фараби бабамыз да «Музыканың ұлы кітабы» («Китаб әл-мусики әл-кабир») еңбегін сондықтан жазған болар...

– Әрине. Ендеше, әрбір өзін ақылды санайтын ата-ана балаларын музыка үйірмесіне, балет үйірмесіне, сурет үйірмесіне беруге, жалпы, жасынан өнерге баулуға тиіс. Ол үшін біздің университетіміздегідей, арнайы мектептер бар. Мен сондықтан бұл үрдіс тек еврей мәдениетіне ғана тән деп ойламаймын. Мысалы, ресейлік мәдениетті алайық, неге ол сонша жоғары қарқынмен дамып кетті, неге ол әлемдік стандартқа айналды? Өйткені, ресейлік музыканттар, ресейлік балет, «Киров театры», «Үлкен театр» бүкіл әлемге әйгілі. Ресейлік мәдениетпен өзгелер санасуға мәжбүр, себебі, ол әлемдік аренада үлкен табысқа ие. Біз де сондай болуға ұмтылуымыз керек. Елбасы айтқандай, мәдениетіміз арқылы біз де танымал елге айналуға тиіспіз.

Мысалы, мен қазір қазақтың ұлттық симфониялық оркестрін құрумен айналысып жатырмын. Әлемнің барлық елінде ондай оркестр бар, тек Қазақстанда ғана жоқ. Американың ұлттық симфониялық оркестрі бар, Рсейдің ұлттық симфониялық оркестрі бар, Англияның ұлттық симфониялық оркестрі бар, Кореяның ұлттық симфониялық оркестрі бар.

– Ал, бізде неге жоқ?

– Себебі, бізде әлі оған қажетті негіз құрылып біткен жоқ. Бірнеше симфониялық оркестр бар. Мен мемлекеттік «Солистер академиясы» камералық оркестрін ұлттық симфониялық оркестрге айналдыруды ұсындым. Өйткені, ол оркестр 25 жылдан бері күллі әлемді шарлап шықты, ең әйгілі өнер ордаларында ең бір белгілі солистермен және дирижерлермен бірге өнер көрсетіп келеді. Міне, бүгін ол Ұлттық симфониялық оркестр мәртебесін иеленуге, әлемдік бренд ретінде дүние жүзінде гастрольдеуге лайық деп ойлаймын.

– Өйткені, абырой, бедел жинап үлгерді, танымал болды.

– Иә, әрине. Біз камералық оркестр ретінде ғана емес, симфониялық оркестр ретінде де танымал болғымыз келеді. Венадағы Мюзикферайн дүние жүзіндегі ең жақсы үш – Бостон мен Амстердамдағы залдармен бірге концерттік зал қатарына кіреді, ол жерде әлемдік бренд саналатын Вена филармониялық симфониялық оркестрі отырады. Валерий Гергиев десек ойымызға ол басқаратын Санкт-Петербургтегі Мариин театры мен оның симфониялық оркестрі оралады. Михаил Плетнев десек есімізге оның өзі ұйымдастырған, көп жылдан бері өзі басқарып келе жатқан Ресейдің Ұлттық симфониялық оркестрі түседі. Олардың өздері де әлемдік брендтер болып саналады.

– Ол идеяңыз іске асуға жақындады ма?

– Мәдениет және спорт министрлігі біздің идеямызға қолдау көрсетуде. Әрине, ондай оркестрге ең мықты мамандар, өнерпаздар шақырылуы тиіс екендігі түсінікті.

– Скрипкада шеберліктің шыңы Паганини екені белгілі, бірақ, бүгінде кино жоқ заманда өмір сүрген оның қалай ойнағанын көрген адам жоқ. Байқауларда жас өнерпаздарға кімнің шеберлігін негізге алып, баға бересіздер?

– Алысқа бармай-ақ, орыс өнерінің өкілдері Максим Венгерев, Владимир Спиваков, Виктор Третьяков, Эдуард Грач секілді танымал тұлғалардың шеберлігін еске алсақ та жеткілікті.

– Паганини деп қалдық. Ол тек керемет орындаушы-скрипкашы ғана емес, композитор да болғаны белгілі. Өзі шығарма жазып, өзі орындайтын дарындылар бар ма бүгін?

– Әркімнің таланты әрқилы ғой. Біреуде композиторлық талант бар, екінші адам ойнайды. Паганини деген өмірге келетін сирек құбылыс қой.

– Шәкірттеріңіз көп. Өзіңізден озбаса да жақындағандары бар ма? «Ұстаздан шәкірт озады» деген бар ғой.

– Біздің түлектеріміз «Астана Операда» жұмыс істейді. Симфониялық оркестрде, Президент оркестрінде, Қорғаныс министрлігінің оркестрінде, қазақ драма театрында, орыс драма театрында, басқа да көп жерде жұмыс істейді. Олар облыстардағы қуыршақ театрларында да жұмыс істеп жатыр.

Иә, шәкірттеріме «маған ұстаздан озу мәртебесі бұйырған бақытты өнерпазбын, сендер де бізден озуға тиіссіңдер, біз алмаған биікті бағындыруларың керек» деп жиі айтып отырамын. Мен «біздің шәкіртіміз Димаш Құдайберген бәрімізден озды!» деп қуанып отырамын. Оны бүгін бүкіл әлем мойындады! Ол халықаралық байқаулардың бәріне қатысуға, әлемдік атақты өнер алаңдарының бәріне шығуға, демек, қазақтың атын әлемге бұрынғыдан де кеңірек танытуға тырысып жүр. Оның тыңдаушыларының аудиториясы бүгін өте үлкен, тек қазақтар ғана емес, америкалықтар, еуропалықтар мен 1,5 миллиард қытайлықтар ғана емес. Ол бізде бакалавриатты бітірді. Қазір магистратураның композиторлық бөлімінде оқып жүр. Міне, ол жайлы Паганини сияқты өзі жазып, өзі орындайтын адам деп жазсаңыз болады.

– Ән айтқаннан бөлек күйімізді де тартып, таныстырып жүр ғой!

– Иә, ондай өнері тағы бар.

– Өзбектер «Құдай дарынды қазаққа берген, қадірін бізге берген» дейді екен. Қазақта дарындылар өте көп, ал, солардың жарқырап шығуы көңіл көншітпейді... Сіздің ойыңызша, қобызшы болсын, скрипашы болсын, Димаш сияқты біздің дарындарымыз қаншалықты ашылып, көрініп жүр?

– Біздің Ұлттық өнер университетінен көп дарынды балалар шығып жатыр. Олар – Димаш Құдайберген. Сүндет Байғожин – «Астана Операда», Лаура Ахметова – Мәскеудегі «Опера даусы» байқауының жеңімпазы, Айгүл Ниязова да халықаралық байқаулардың лауреаты. Біздің бакалавриат бітірген көп шәкірттеріміз Америка Құрама Штаттарында,

Филадельфия университетінде жұмыс істеп жүр. Владимир Вио, Айша Досымова осы университеттің профессорлары.

– Атақты балерина Алтынай Асылмұратовадан басқа да әйгілі әртістерімізді өз елімізге шақырып, олардың білімін, тәжірибесін пайдалану ісі қалай жүріп жатыр?

– Оларды үнемі шақырып тұрамыз, концерттерде бірге ойнаймыз. Ержан Құлыбаев «Астана Операда» жұмыс істейді, Марат Бисенғалиев келіп концерт беріп тұрады. Олар басқа жақта тұрақты түрде жұмыс істейді деп есептелгенмен, бүкіл әлемді аралап өнер көрсетеді. Біздің музыканттар да сондай, басқа елдерге тұрақты түрде шығып тұрады.

– Сіз атақты музыкант қана емессіз, ірі өнер ордасының жетекшісісіз. Басшылық жұмыс шығармашылығыңызға кері әсерін тигізбей ме?

– Біздің тұрақты концерт беру кестеміз бар ғой, соған қарап жұмысымызды жоспарлап отырамыз. Ал, жетекші болу кедергі келтірмейді, қайта көмектеседі. Мәскеуде оқып жүргенімізде ұстаздарымыз, мысалы КСРО халық әртісі Валерий Александрович Климов бізге мұны да үйреткен болатын – қалай өзгелермен байланыс орнатуды, қалай өзіңнің концерттік қызметіңді ұйымдастыруды, «сен тек қана скрипка тартуды біліп қоя салмауың керек, менеджер де бола білуің керек» дейтін. Біз оқып жүрген кезде бүкілодақтық «Госконцерт» мекемесі арқылы көптеген шетелдерге концерт беруге шығатынбыз. Қазіргі байланысымыз сол кезде қалыптасқан. АҚШ-қа, Англияға, Францияға, Германияға, Швейцарияға, басқа да елдерге жиі шығамыз. Жақында Румынияда Бетховеннің концертін беруге дайындалып жатырмын, биыл Бетховеннің юбилейі. Одан әрмен қарай гастрольге Сицилияға, Палермоға барамын, онда Арам Хачатурянның концертін ойнаймын.

– Бүгін бізде әлем ғалымдары санасатын «қазақ математика мектебі» бар. Ал, дәл сондай «қазақ скрипкашылар» немесе басқа да музыкалық аспаптарға қатысты «қазақ мектебі бар» деп айта аламыз ба?

– Патрушева, Чхиес, өзге де педагогтар бізге Ресейден келді. Олар Алматыдағы консерваторияда дәріс оқыды. Ал, қазір біздің профессорларымыз, педагогтарымыз Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген дамыған елдерінде жұмыс істеп жүрген шәкірттерді тәрбиелеп шығарды.

Тек скрипкада емес, халықаралық байқауларда баянда, фортепианода және өзге де аспаптарда ойнап, жеңімпаз атанып жүрген өнерпаздарымыз көп. Мәселе олардың эстрада әртістері секілді халықтың алдына жиі шықпайтындығында. Қалың көрермен концерттік залдарға жиі бара бермейді, баруға жағдайы да келмеуі мүмкін, сондықтан олармен жақын таныса алмайды.

Бізге мәдениетті қалың көпшіліктің бойына, әсіресе, жастардың бойына егу жетіспейді. Біз ұлттық мәдениетіміздің, өнеріміздің шеңберінде шектеліп қалмай, әлем мәдениетінің озық үлгілерін де бойымызға сіңіруіміз керек қой. Мен, қазақтың қызы, әлемді аралап жүрмін, Бетховеннің, Чайковскийдің шығармаларын орындап, небір даңқы жер жарған симфониялық оркестрлермен бірге концерт беріп жүрмін... Менің соңымнан келе жатқан буын менен де асып түсуі тиіс.

 

КЛАССИКАЛЫҚ ӨНЕР ҚАЙ ЗАМАНДА ДА ҚАДІРІН ЖОҒАЛТПАЙДЫ

– Біздің қазақ композиторлар сіздің өзіңізге арнап жаза ма?

– Әрине! Мен оларды орындап жүрмін. Жас композиторлар жақсы жазып жүр. Күні кеше маған өз студентіміз Жамбаевтың дискісін әкеліп берді. Оны үлкен фестивальдарға шақырып жүр, оның шығармалары қазір Ресейдің ірі музыкалық тұлғаларын қызықтыруда.

– Айеке, біздің композиторлар қашан Бетховеннің, Шопеннің, Моцарттың деңгейінде жазатын болады, қашан олардың есімдері солармен қатар аталатын болады?

– Қашан біз оларды неғұрлым тезірек тиісті деңгейде жарнамалайтын боламыз, олардың аты соғұрлым тезірек шығатын болады. Ұлттық симфониялық оркестрді қалың көпшілікті біздің композиторлардың жетістіктерімен таныстыру үшін де құрып жатырмыз.

– Ал, бізде ондай шығармалар бар ғой?

– Әрине, бар. Біз Рахмадиевтің, Жұбанованың, Қажығалиевтің, Алмас Серкебаевтың, т.б. шығармаларын үнемі ойнап тұрамыз. Тек насихаттай білу, жарнама жасай білу, жұртқа жеткізе білу дейтін мәселелер қалды. Сырттан ешкім келіп бізді танытпайды.

– Айеке, осы тұрғыдан келгенде менің қазақ ретінде екі шекті болғандықтан қобыз бен домбыраның мүмкіншілігі скрипка немесе пианинодан төмен екендігіне, оркестр мен домбыраға арнап шығарма жазылмайтындығына ішім ашиды...

– Техникалық тұрғыдан кемеліне келтіре ойнауға мүмкіндік бермегенмен, олардың әуезділігі жоғары болғандықтан, атқарар міндеті бөлек. Болашақта классикалық музыка ұлттық музыкамен, ол джазбен, джаз эстрадамен синтезделуі әбден мүмкін. Олар бірімен бірі байланыстағы дүниелер ғой. Болашақта біздің жас таланттарымыз мұның бәрін өмірге әкеле алады деп ойлаймын.

– Сіз 18 жасыңызда-ақ халықаралық байқауда топ жардыңыз. Одан бері Н.Паганини атындағы, Я.Сибелиус атындағы, П.И.Чайковский атындағы, Жапониядағы халықаралық байқауларда бәйге алдыңыз. Көптеген халықаралық конкурстардың жюри мүшесісіз. ЮНЕСКО-ның шешiмiмен сізге «Әлем әртiсi» атағы берiлдi. Есiмiңізді Кембридждегі Халықаралық Өмiрбаян орталығы «XX ғасырдың 2000 көрнектi музыканты» атты дүниежүзiлiк құрметтi тiзiмге енгiзiп, осы орталықтың медалiн омырауыңызға тақты.

Дүниежүзілік деңгейде атыңыз М.Плетнев, В.Спиваков, Г.Кремер сияқты жұлдыздармен қатар аталады. Қазақтың атын шығарған осындай еңбегіңіз де еленбей қалған жоқ: Қазақстанның халық әртісісіз, ҚР Мемлекеттік сыйлығы мен Қазақстанның меценаттар клубының «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегерісіз, Қазақстанның Еңбек Ерісіз. Біз осының бәрін газетке мақтаныш сезіммен жазамыз. Сұрақ: алдағы уақытта қандай биіктерді бағындырсам дейсіз? Жетпеген арманыңыз, орындалмаған жоспарларыңыз бар ма?

– Иә, менде отандық та, халықаралық та деңгейдегі атақтар жеткілікті. Енді тағы қалай дамуға болады дегенді ойласам, жоғарыда айтылған Ұлттық симфониялық оркестрді құру арқылы, сондай өнер брендтерін құру арқылы қазақ өнерін әлемге барынша кеңірек танытсам деймін. Техника, технология мейлінше жетілген заманға кіріп келеміз, бірақ, қай заманда да классикалық өнер өзекті болып қала береді, бізге тек соны өзге ұлттар, өзге елдер секілді дәл сондай биікте игеру ғана қалады.

– Енді жеке солист ретінде емес, оркестр жетекшісі ретіндегі арманыңыз...

– Иә, қазақтың симфониялық оркестрі Лондонның симфониялық оркестрі, АҚШ-тың Ұлттық симфониялық оркестрі секілді дәрежеге көтерілсе, бұл тамаша жетістік болар еді! Өйткені, қазақ мәдениеті әлемдік жұлдыздарымен танымал бола қойған жоқ әлі.

– Арманыңыз шынында да асқақ екен, ләйім, ертерек дегеніңізге жетіңіз! Біз де сізбен бірге, сізбен бірдей шаттанатын болайық! Рахмет!

Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз