Қазақстан – Алтын Орданың рухани мұрагері

(геосаяси тұрғыдағы көзқарас)

Орта ғасырдың орта шенінде Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары әлемдік кеңістікте ауқымды өзгерістер жасады. Әлемдік картада шын мәнісіндегі жаңа, күшті мемлекеттер пайда болды. Олардың қатарында Шыңғыс ханның империясы, Алтын Орда, Қытайдағы Құбылай мемлекеті, Ирандағы Хулагу (Ильхандар) мемлекеті, сондай-ақ, Ақ Орда, Моғолстан бар еді.

Айтқандай, түркілер осы іспетті ауқымды саяси өзгерісті екінші мәрте жүзеге асырды. Осыдан 8-9 ғасыр бұрын Аттила бастаған ғұндар бүкіл Еуропаны дүр сілкіндірген еді. Нәтижесінде Батыс Еуропада жаңа мемлекеттер пайда болды. Баламер мен Аттила империяларының мұрагерлері болып Кубратханның Ұлы Болгариясы, Хазар және Авар қағанаттары, Дунайдағы Болгария, Волгадағы (Еділдегі) Булғария, Арпад билеген мадьярлардың мемлекеті, Киев қағанаты мен өзге де мемлекеттер дүниежүзілік картадан ойып тұрып орын алды.

Ежелгі ғасырлардың аяғы мен орта ғасырлардың бедерінде көп мүмкіндіктер түркі халықтарының қолында еді. Оларға мұндай үлкен жетістік көшпенділік тұрмысы, әскери-салт аттылық әдіс-тәсілді меңгеруі, металлургия шыңын игеруі, халқының көптігінің арқасында келді. Түркілердің Еуропаға екі мәрте жорық жасауы көптеген түйткілді мәселелердің түйінін тарқатты.

Шыңғыс хан өмірінің кезеңдері – Моңғолия аумағында және оның тысқары жерлерінде түркі халықтарымен жүргізген жаугершілік заманды қамтиды. Бұл шайқастарда керейлер, наймандар, татарлар, жалайырлар, арғындар мен қоңыраттар, тағы басқалары едәуір тегеурінділік танытты. Міне, осындай күрделі геосаяси жағдайдан шығудың жолы тайпалар мен рулардың Батысқа қарай көш түзеуі еді. Халықтардың ұлы көші-қоны осынау бағытта өрбіді. Осыдан біраз бұрын көршілес Алтайдан батыс бағытқа қарай қимақтар мен қыпшақтардың көшуі бекер емес еді. Олардың Қазақстанда, Орта Азияда, Ресейдің оңтүстік далаларында тұрақтап қалуы жеміссіз болған жоқ. Тіпті, бұл ұлыстар Венгрияға дейін жетті.

Шыңғыс хан бастаған жауынгерлердің Жетісуға, Орта Азияға, Иранға, Кавказ бен Русьтің оңтүстігіне жасаған жорықтары таңданарлықтай нәтиже берді. Жеңімпаз жауынгерлер саяси күштердің халықаралық теңгерімін күрт өзгертті. Осылайша, халықаралық көпірдің дәл ортасында Еуразиядағы ең күшті мемлекет – Шыңғыс хан империясы қасқайып тұрды.

Алып империяның түбінде бір құлайтыны әлемдік практикадан белгілі. Бұл процесс Шыңғыс хан империясын да сырт айналып өтпеді.

Ал, империяның құлауының алдында Шыңғыс ханның ұлдары мен немерелері батыс бағыттағы жаңа жорықтар жөнінде өзара келісімге келеді. Барлық жауынгерлерді Жошының екінші ұлы Бату (1208-1255 жж.) бастайды. Ол Еділдегі Бұлғарияны, оның ізін ала Русьты тізе бүктірді. Одан соң Польша, Венгрия, Австрия, Чехия, Словакия, Хорватия, Болгария, Силезия, Моравия, Далмация ұлы ханның қол астына өтті. Бұл елдерге Рим папасы Инокентий ІХ, неміс королі Фридрих ІІ, Франция және Италияның корольдері де көмек қолын соза алмады. Батыс Еуропаның халқы қорқыныштан үн шығармады. Бүкіл Еуропада көшпелілерге қарсы тұруға қабілеті бар мемлекет жоқ еді. Үгедей қағанның өлімінен кейін Батудың әскері Төменгі Поволжьеге оралды.

Жошының екінші ұлы өзінің ұлысы – Алтын Орданың (1243-1503 жж.) құрылысымен және сәулетімен айналысты. Бұл құрылыс Ертістен бастап Дунайға дейін созылды. Аталған мемлекет Еуропа мен Азияны өзара байланыстыратын негізгі тетік болды. Соның арқасында көшпелілер мен крестьяндардың қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Олардың қатынастары кең ауқымды, тығыз байланысты және тұрақты негізде өрбіді. Әлемдік саясат пен дипломатияда бұл бағыт жаңа сипатқа ие-тұғын. Бату (Саин) өзінің мемлекетін құруды тақырдан бастады. Ол жаңа мемлекеттік аппаратты құрып, салық жүйесін енгізді, пошта мен байланысты реттеді, саудада түсінікті ережелерді орнықтырды. Халықтың қызметіндегі құқықтық негізі Шыңғыс ханның «Яссасы» болып саналды. Хан бұдан соң астанасын тұрғызды. Ол Бату Сарай деп аталды. Сол кездің ұғымында мұндай жаңалық ең озық үлгі деп есептелді.

Берке де алға қарай нық қадам жасады. Ол ислам заңы – шариғатты енгізе бастады. Міне, осы істердің барлығы адамдарың өзара қарым-қатынасын айтарлықтай дәрежеге көтеруге үлкен септігін тигізді. Хан жаңа астана салып, оны Берке Сарай деп атады. Алтын Орданың негізін қалаушылар деп ағайынды екі ханды – Бату мен Беркені айтуға болады. Бату мен Беркенің қолымен құрылған мемлекет Еуропа мен Азиядағы күшті саяси орталықтардың бірі болды. Олармен әлемнің барлық елдері санасты. Оның әскери және экономикалық мүмкіндіктеріне тең келер ешкім болмады. Тіпті, Еуропадағы ең күшті мемлекеттердің бірі – Византия империясы олардың алдында тізе бүкті. Византияның императоры Михаил VIII (1265 ж.) ордалықтармен болған шайқаста жеңіліс тапты. Ол қызы Ефросинияны Алтын Орда әскерінің қолбасшысы Ноғайға амалсыз беруге мәжбүр болды. Сонымен қатар, Алтын Ордаға үлкен салық төледі.

Бұл кезде бөлшектеніп кеткен Батыс Еуропаның әлемдік саяси орталыққа үміт артуына мүмкіндігі болмады. Себебі, ол енді-енді ғана өзінің күш-жігерін қалыптастырып келе жатты. Сол уақытта халықаралық байланыстың басты саяси жүйесін Батыс емес, Шығыс айқындайтын. Бұл билеушілердің арасында Шыңғыс ханның саяси ой-пікірлері басты маңызға ие еді. Осылайша жаһанды тітіркенткен ұлы билеушінің ісін оның ұрпақтары, соның ішінде Алтын Орданың хандары жалғастырды.

Батудың немересі Мөңке Темір ханның кезінде Алтын Орда өзінің саяси тәуелсіздігін жариялап, Қарақорымнан бас тартты. Бұл саяси акцияның алғашқы қадамы – төл ақшаны (монета) шығару болатын. Енді дәулетті әрі қуатты ұлыс өз бетінше саясат жүргізе бастады.

Қарақорыммен текетірес бұрыннан-ақ басталған еді. Мәселен, Берке мен Хулагудің (Шыңғыс ханның немересі, Төленің ұлы) арасындағы соғыс ендігі кезде туыстық байланыстың ешқандай рөл атқармайтынын көрсетті.

Алтын Орданың құрылуы халықаралық саяси бәсекелестіктің күшейгенін дәлелдейді. Азияның және Еуропаның көптеген мемлекеттері соңғы лекке ығыстырылды. Рас, бәсекелестік сабақтарынан қорытынды шығарған кейбір мемлекеттер де бой көрсетті. Мәселен, Алтын Орданың анағұрлым қабілетті шәкірті әрі саяси бәсекелесі тәуелді Московия екені белгілі болатын. Ол өзінің жеңімпаздарының тәжірибесін мұқият зерттеді, оның күшті және әлсіз тұстарын таразылады. Құпия түрде күшті ханның тәжін өздеріне «өлшеп көрді». Московия мемлекеті Алтын Ордамен салыстырғанда өзінің географиялық жағынан ыңғайлы орналасқанымен ерекшеленді. Ол экономикалық және рухани жағынан өзін жау тұтқан көршілеріне қарағанда мықты интеграцияға ие-тұғын. Сонымен бірге, ол батыспен көпвекторлы саясат жүргізіп, жан-жақты тәжірибе, білім жинады. Көп уақыт өтпей-ақ ол экономикалық және мәдени даму жағынан Алтын Орданы басып озды. Алтын Орда ұзақ уақыт өмір сүрді. Оның тағына көптеген хандар отырды. Олардың қатарында мемлекетті табысты әрі жемісті басқарғандар жетерлік еді. Бату, Берке, Мөңке Темір, Туда Мөңке, Төле Бұқа, Тоқты, Өзбек, Жәнібек хандар елдің еңсесін тіктеді.

Алтын Орданың көрін туысқан түркілер қазды. Әмір Темірдің Алтын Орданың аумағын үш рет басып алғаны осы сөзімізге дәлел. Қаһарлы жаулаушы гүлденген өлкенің ту-талақайын шығарды. Алтын Орданың ханы Тоқтамыс Сібір хандығынан пана іздеді. Оның тағдырының соңы қайғылы аяқталды.

Іргелі, ұлан-ғайыр мемлекет – Алтын Орда осылай Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Қазан, Астрахань, Қырым және Сібір хандықтары болып бөлшектеніп кетті. Осылардың арасында анағұрлым қуатты мемлекет Ақ Орда болып саналды. Ол Алтын Орданың көшірмесі іспетті болатын. Әйтсе де, мұнда күрделі техникалық прогресс болған жоқ. Бір орында тұрып алып, алға ұмтылмаған мемлекет көштің соңында қалып қойды. Соның салдарынан

Ақ Орда, яғни Әбілқайыр хан төңірегінде өзара жауласқан түрлі дұшпан – жаулардың кесірінен мемлекетті көшпенді өзбектер және Қазақ хандығы өздерінің бағынысына алды. Көшпенді өзбектер Мауеренахрдың аумағын басып алса, қазақтар Ақ Ордаға тиесілі жерлерге иелік етті. Қазақ хандығы Московиямен салыстырғанда саяси және географиялық тұрғыдан тиімсіз жағдайға тап болды. Ол экономикасы тиімсіз елдердің белесінде қалды. Батыста оның көршілері болып Астрахань хандығы мен қалмақтар, оңтүстігінде шейбанидтер, содан кейін Хиуа, Бұқар, Қоқан хандықтары, шығысында – жоңғарлар, солтүстігінде Сібір хандығы тұрды. Бұлардың барлығы кешегі күннің құндылықтарымен өмір сүрді. Бұл аймақтарға техникалық прогресс әлі келіп жетпеген еді. Қорытындысында, Қазақ хандығы Ресей империясының құрамына кірді.

Қазір Алтын Орданың рухани мұрагерлігіне Ресей Федерациясы мен Қазақстанның құқы бар. Өйткені, өз заманында ресейліктер мен қазақтардың ата-бабалары осынау ортағасырлық мемлекеттің тарихи сатысынан бірге өткені рас. Олардың мәңгілік достықта өмір сүруге ұмтылуының бір себебі сол.

Әбдіқадыр ДӘУІТБЕКОВ, Чувашия Ғылымдар академиясының академигі, Ресей және Чувашия Жазушылар одақтарының мүшесі.

 

 

Пікір қалдырыңыз