Пойыз тербеткен ән

(ЭССЕ)

«Жас жұбайлар» әні қалай шықты?

Алматы – Петропавл пойызының жүруіне әлі жарты сағаттай уақыт бар еді. Вокзал маңы ығы-жығы халық. Маусым айының ортасы ауса да айнала көк желекке оранып, ару қала реңін бермей тұр. Көңіліміз де көтеріңкі. Оның себептері де жоқ емес. Алматыдағы қарашаңырақ КазМУ-дің журналистика факультетінің осы тұрған студенттері күні кеше ғана соңғы емтиханымызды тапсырып, үшінші курсқа көштік. Ұстаздарың Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов бастаған профессорлар болса, ақылды болмай көр, адам болмай көр... Тақырып табылса тарпа бас салып, тулаққа түскен жүндей түтеміз-ай келіп. Тоқтауымыз да қиын еді. Осы тұрған пойыз стансаларға тоқтап, солығын басып, демін алады. Ал, біз азды-көпті оқып-білгенімізді дәлелдегіміз келіп айтыса кеткенде, ондай стансаларды шаңға көміп кетердейміз.

Екіншіден, университеттің дайындық курсында біз журфактың он жігіті, филфактың жеті қыз, төрт баласы болып жеті-сегіз айдай бір аудиториядан дәріс тыңдағанбыз. Сол кезден бастап біздің топтың серке серісі Құлтөлеу мен филфактың кербез сұлуы Райхан екеуі бірін-бірі ұнатып, бастары түйісіп жүретін. Енді, міне, солардың үйлену тойлары Құлтөлеудің ауылы – аузынан түспейтін Ақшатауда өткелі жатыр. Жетінші вагонға жайғасып жатқан жолаушылардың жартысына жуығы да сол тойға бет алғандар. Тойдан кейін облыстық газеттерде өндірістік тәжірибеміз басталады. Оны әл-әзір ойлап жатуға курстастардың арасындағы алғашқы үйлену тойы мұрша берер емес.

Пойыз жүріп кетті. Байқаймыз, алынған билеттен адамымыз көп сияқты. Сөйтсек, 2-ші Алматы вокзалындағы шығарып салулар кезінде у-шу болып, ұмар-жұмар құшақтасып жүріп, жетінші вагонды толтыра беріппіз. Бұл қылығымызды жолсерік апай онша қоштай қоймағанымен, үндемегені есімізде.

Вагон іші көңілді ән, жарасымды әңгіме, әдемі әзіл-қалжыңға толып, кемерінен асып төгілердей еді. Пойызымыз жүйткіп келеді. Отар стансасы да бұлдырап артта қалды. Қоңыр домбырасын бебеулетіп Бекжігіт досымыз ән шырқайды. Қалғанымыз оған қосыламыз.

Негізінен алғанда тобымыздың туған күн кештері болсын, факультетаралық өнер сайыстары болсын, курсымыздың бетке ұстар өнерпаздары Бекжігіт Сердалиев пен Серік Жанболатовтың, Табылды Досымов пен Нұрым Ерғалиевтің, бүгінде дүниені шулатып жүрген Әміржан Қосановтың домбырада, гитарада шырқата салған әндерінсіз өтпеуші еді. Нұрым мен Табылды Атырауға (ол кезде Гурьев), Әміржан Қазалысына билет алып қойғандарын айтып, мана вокзалда қалып қойған. Енді, міне, бар салмақ Бекжігіт пен Серікке түсіп келеді.

Шуға жақындағанда есіміз кіріп, боянатын-сыланатыны бар қыздарды оңаша қалдырып, өз купемізге оралдық. Әлгінде ғана көңілді отырған Бекжігіт қана үнсіз. Өзі бірнәрсеге алаңдаулы сияқты.

– Күні бойы сенде де, домбырада да дамыл болған жоқ, Беке. Даусыңды абайла, қарлығып қалып ертең масқара болмайық, – деп қоямыз жан-жақтан жанашырлық танытып.

– Оны қойшы! Неге шыдамай жүрген тамақ бұл, – деп Бекең айнала түгел шолып өтті де, ендігі сәтте жәй ғана сабырмен:

– Жігіттер, тойға не сыйлық апарамыз? Ел-жұрт бізді «өнер адамдары келді, болашақ журналистер» деп қолымызға болмаса да, аузымызға қарайды ғой. Не істейміз? – деді бізді таң-тамаша қалдырып.

– Не істегені несі? Тойға таудай болып өзіміз бара жатқан жоқпыз ба! – деп курсымыздың «ақсақалы» Дәулет Телібаев бір шеттен гүр ете қалған.

– Бекең дұрыс айтады. Ақша жинасақ болар еді... оған енді, – деп, арғы жағын айта алмай старостамыз Қуаныш Иембердиев күмілжи берген.

Қалтамыздың жұқарып қалғаны рас. Оның үстіне сессиясын тапсырып, ауылдарына, өндірістік тәжірибесін өткізетін өзге қалаларға асығыс аттанып бара жатқан студенттерде сыйлық алатын қандай қауқар болсын.

Үнсіздікті тағы да Бекжігіт бұзды.

– Мені осы... күні бойы жаңа әннің әуені бунап келеді. Әннің мәтіні мынау. Жас жұбайларға арналған, – деп Бекең қалтасынан газет қиындысын шығарды. Шетімізден көз жүгіртіп, оқып жатырмыз. Бұл ақын Өтеген Оралбаевтың өлеңі болатын.

– Тамаша екен...

– Керемет!

– Күшті жазылған. Бірақ, бұл өлең ән боламын дегенше, Ақадырдан өтіп кетпейміз бе, – деп даурығамыз.

– Ән айтып, сыйлық жасайтын болсақ «Той жырын» айтпаймыз ба «Махаббаттың құдірет күші әлдилеп» деп, Дәулет үйреншікті әзіл-шыны аралас қалжыңына басты. «Айтып болдыңдар ма» дегендей Бекжігіт отыр. Реңі манағыдай емес. Салмақтанып, «нар тәуекелге» бел буған адамның кейпінде. Тағы да аңтарылып қалдық.

– Онда, көрейік, Беке, – дестік бір кезде. Шәмші Қалдаяқовтың: «Кел билейік кетпе менің қасымнан, қызғалдағым таң нұрымен ашылған. Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды, Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған» деп аталатын атақты әні айналасы жарты сағаттың ішінде шыққан дегенді естуші едік қой деп Бекеңе жағдай жасауға кірістік. Ол үшін бір купені Бекжігітке босатып беріп, есікті тарс бекітеміз. Ал, есіктің сыртында Дәулет қарауылдықта тұратын болды. Дәл қазіргі жағдайда біздің серілердің Дәукеңнен басқаға тоқтай қоюы да неғайбыл еді. Ән дайын болғанда іштен белгі берілуі керек. Оған дейін пойыздың темір доңғалағының тарсылынан өзге дыбыстарға тыйым салынды. «Темекі тартатындар – тамбурда, тост айтатындар – жас жұбайлардың купесінде болсын» дестік. Барлығымыз бір ауыздан осы байламға тоқтастық.

Маңдайы жарқырап, жалғыз көзі түнгі аспанды тіліп, пойызымыз Балқаш көлін бауырға алғанда Бекеңнен де хабар жетті-ау. Купенің есігі ашылып, самайынан аққан терін алақанымен ысырып, Бекжігітіміз көңілді жымияды.

– Кәне, кіріңдер! Тыңдап көріңдерші, деді алабұртып. Сөйтті де домбырасын қағып-қағып жіберіп:

Ақ қайыңның төгіліп нұр шашағы,

Алаңқайды ақ қанат гүл басады.

Алақанға қондырып ақ сәулесін,

Жас жұбайлар жарасып сырласады, – деп әуелете жөнелді. Одан қайырмасы, екінші куплеті, қайырмасы... Ән әуезі жетінші вагонды жайлап алды. Жолаушылардан бір адам «Қойыңдар. Бұларың не? Түн болды ғой» деп ескерту де жасамады. Қайта есіктерін ашып тастап, барлығы да бізге қосылып:

Сендерге әрдайым орын бар,

Ақ отау төріне қоныңдар.

Ақ тілек батамыз мінекей,

Бақытты болыңдар, болыңдар! – деп жатқандай тәтті сезімде, шаттық сенімде, албырт көңілде күй кешкендей еді.

Ұйқыны да ұмыттық. Ұйықтап жатқандардың өзін оятып аламыз. Бекжігіттің сүйемелдеуімен бірде әннің қайырмасына, бірде түгелдей мәтініне қосыла отырып, «Жас жұбайларды» Сарышағанға жеткенше жаттап та алдық. Сөйтсек, бұл «Жас жұбайлар» әнінің кіндігі кесіліп, жөргегіне оранып, аяғын апыл-тапыл басып жатқан кезі екен ғой. Сиясы әлі кеппеген, нотасы әлі көктеп үлгермеген пойыз тербеткен әннің алғашқы тыңдаушылары да, хорға салып қосыла айтушылары да біздің курстың 1984 жылғы студенттері болған екен.

Ақшатауда Құлтөлеу достың тойы да өтті дүркіреп. Мүйіз алақан шахтерлар ауылы әнімізді жылы қабылдады. Атағы аспандап тұрған жоғары оқу орнының бүкіл бір курсы көшіп келіп, құйттай бір перзентіне қошемет көрсетіп жатқанымызға елжіреп кетті ме, күс-күс қолды, күрең жүзді шахтерлар кен қопарғандай иықтарымызды бүре түсіп, риза кейіп танытты. Сөйтсек, Құлтөлеуіміз алғашқы еңбек жолын осы шахтадан бастаған екен ғой.

Ертеңіне Ақшатаудың бір шатқалын жырып, ауыл шетінен ағып өтетін Шет өзеніне басымызды бір-бір тығып алдық та, аттанып кеттік. Алыста жатқан Бұғылы мен Тағылы таулары, Ақсу-Аюлы мен іргедегі Ақжалдың бұйрат қырқалары бізге қол бұлғап қалып бара жатты.

«Балапанды күзде санайды, шөжекті күнде санайды» демекші, күзге қарай оқуға келсек 5-6 жігітіміз бас құрап үлгеріпті. Ендігі жерде «Жас жұбайлар» әнісіз біздің курста той өтпейтін болып алды. Одан жатақханамыздың бөлмелерінде айтылып, кейін халық арасына кеңінен тарап кетті.

Сейтхан ЗЕБЕРХАНҰЛЫ, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты.

СУРЕТТЕ: ҚазМУ-дің 3-ші және 4-ші курс студенттері Сейтхан Зеберханұлы, Бекжігіт Сердәлі және Досберген Қапасов Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасындағы» өндірістік тәжірибе кезінде. Ортада тұрған қыздар «Көкшетау правдасының» тілшісі Роза Нарымбетова мен газеттің хатшысы Райхан Жанатаева. 1984 жыл. Көкшетау қаласы.

 

 

Пікір қалдырыңыз