Смартфоны барлардың бәрі блогер емес

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Қазір жазу-сызуға ебі барлардың көпшілігі блогер болуға құмбыл. Ғаламторды еркін меңгерсең, оған қоса жөн сөзге тоқтамасаң, онша-мұнша жұрт сені шындықты шырқыратып тұрып бетке айтатын батыр адам деп қабылдап қалуы мүмкін. Өздерін блогерміз деп есептейтіндердің біразы шенді-шекпенділердің осал тұстарын жақсы біледі. Оны өздері мақтаныш санайды. Дұрысы, санасын солай сендіреді. Сондықтан ойда-жоқта аты шығып кетпес үшін біраз шенеунік сондай «блогерлерге» жайылып жастық, иіліп көрпе болады.

Әрине, блогер біткенге күйе жаққымыз жоқ. Қоғамдағы күрделі мәселелерді көтеріп, оның оң шешілуін жоғарыдан талап етіп жүрген сауатты блогерлер де аз емес. Өкінішке қарай, көбінің сықпыты жоғарыдағыдай. Таяуда өзін блогер санайтын бір әріптесіміз таулы аудандардың бірінен тікелей эфирге шықты. «Оны алаңдатқан нендей мәселе екен» деп әлеуметтік желіге үңілсек, мәселенің төркіні сапасыз төселген жол екен. Расында, аудан орталығына салынған жолдардың сапасыздығына жергілікті тұрғындар жиі шағым айтып жүретін. Блогерге ішіміз жылып, «осыны аяғына дейін жеткізсе екен» деп біз де елеңдесіп қалдық. Блогердің атына жазылып жатқан мақтау-мадақтарда есеп жоқ. Құдды әлемді құтқарушы сияқты. Әріптесіміз де сыр бермейін дегендей, жолдың ені мен қабатын өлшегенсіп қояды. Не керек, блогер қаржының мақсатсыз жұмсалғанын айтып, сөзінің соңын «аудан әкімі қайда қарап отыр?» дегенге әкеп тіреді. Әрі бұл мәселені аяқсыз қалдырмайтынын да шегелеп өтті. Жұртшылық «әп, бәрекелді!» десіп, жолды кеміргендер енді сазайын тартар деп күткен. Бірақ, «блогеріміз» сол кеткеннен мол кетті. Кейін естісек, сол салаға жауапты әкімнің орынбасары «ат-шапан айыбын» беріп, шығарып салған көрінеді. Сонда дейміз-ау, блогерді әулие тұтып, одан салиқалы шешім күткен жұртшылықтың үміті қайда қалды? Онымен сыбайластыққа барып, мәселені жасыруға тырысқан басшыны қалай ақтап аламыз? Міне, бүгінгі блогерміз деп жүргендердің бір парасының іс-әрекеті осылай демеске шараң жоқ. Күні кеше қолға түскен жалған блогерлер де бопсалауға осындай пиғылмен барған болуы мүмкін. Өйткені, олардың нысанасы «артында шаласы бар» кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар болған. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Құрманбек Саховтың мәлімдеуінше, 4 адамнан құрылған қылмыстық топ Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы кәсіпкерлер мен жеке азаматтарды «блогерміз» деп бопсалап келген. Подполковниктің айтуынша, сол арқылы олардан үлкен көлемде ақша алып отырған. Тіпті, бұл әрекеттерін заңдастырып, сыбайлас жемқорлықпен күресетін жалған қоғамдық ұйым ашқан. Арнайы куәліктер мен есімхаттар жасатқан.

Блогер бопсалаушылардың негізгі қаруы бейнетаспалар болған. Олар барған жерлерін смартфонға түсіріп, оны әлеуметтік желілерде жариялаймыз деп құрбандарын қорқытып отырған. 2019 жылы Мақтаарал ауданындағы құрылыс алаңдарының біріне барған күдіктілер сапасыз жұмысы үшін мердігер фирма басшысынан 500 мың теңге талап еткен. Сол жылдың күз айында экологиялық қауіпсіздікті сақтамаған фирма директорын ай сайын 100 мың теңге төлеп отыруға мәжбүрлеген. Осыдан кейін ғана жәбірленуші полицияға арызданып, олардан араша сұраған. Жалпы, қылмыстық топ осындай жолмен 6 айда 2 миллион теңгеден астам қаржыны қалтаға басқан.

10 ай тергеп-тексерген полицейлер олардың 17 іске қатысы барын анықтаған. Құрманбек Сатынбек­ұлының айтуынша, Қылмыстық кодекстің 3 бірдей бабы бойынша (ұйымдасқан топ құру, қорқытып алушылық, алаяқтық) айыпталған топ мүшелерін 8 және 10 жыл аралығындағы жаза тағайындалуы мүмкін.

Блогер я болмаса журналист атын жамылып, лауазымды тұлғалардан ақша бопсалайтындардың әрекеті бір бұл емес. Естеріңізде болса, осыдан бес жыл бұрын Шымкенттегі атауынан ат үркетін газеттің басшысы заңсыз ойынхана басшыларынан ірі көлемде ақша бопсалап, бір-ақ күнде абыройдан жұрдай болған еді. Өзін журналист емес, салықшы ретінде сынап көргісі келген ол көлеңкелі бизнестен табыс тауып отырғандарды қан қақсатып, ақша талап еткен. Ақыры қылмысы әшкереленіп, 5 жылға темір торға тоғытылды. Мұндай ақша бопсалайтындар әр өңірде де кездеседі. Тек ашық айтыла бермейді. Қазір әлеуметтік желіні ашсаңыз, біреуді масқаралаған кадрлардан көз сүрінеді. Олардың мүшкіл халіне көмектесудің орнына телефонға түсіріп, жалпақ жұртқа жариялайтындардың қарасы көбейіп барады. Құзырлы органдар мұндайға немқұрайлы қарайтындықтан, әлеуметтік желілерді шулатуға әуестердің көпшілігі жазасыз жүр. Әйтпесе, қылмыстық заңнамада адамның құқығы мен заңды мүддесіне елеулі зиян келтіргендерге арнайы бап қарастырылған. Сондықтан телефонға түсіріп, желіге жар салудан бұрын айтарыңды бір сәт ойланып, пайым сүзгісінен өткізіп алғаның абзал.

 

 

Пікір қалдырыңыз