91 адамды тақырға отырғызған

Бүгінде оңай жолмен олжалы болғысы келетіндер аз емес. Алаяқтарға алданып, опық жеп қалуға көбіне жәбірленушінің заңды білмеуі себеп болып жатады. Осыны білетіндер заң білмейтін адамды әртүрлі жолмен пайдаланып қалғысы келеді.

Түркістан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі А.Сапаров пен оның танысы М.Сүлейменова көпшіліктің заңнан хабарсыздығын пайдаланып, арам ақша табудың жолына түскен. Өйткені, заңға жетік адам қолындағысын оп-оңай біреуге ұстата қоймайтыны анық. Облыстық прокуратураның мәліметіне сүйенсек, олар 2018 жылдан бері әлеуметтік жәрдем- ақы шығарып беремін деген желеумен қала тұрғындарынан ақша жымқырып келген. Әрине, ол қызметтері үшін сыйақы алып отырған. Сыйақының көлемі 20 мың теңгеден бастап 240 мың теңгеге дейін жеткен. Олар осындай алаяқтық жолмен 80 адамның 5 миллион теңгеден астам қаржысын қалтаға басқан.

Мұны қанағат тұтпаған тандем жаңа жоспар түзіп, Түркістан және Кентау қалаларында салынып жатқан тұрғын үйлерге де «ауыз салуды» көздейді. Мұнда да «пәтер алып беремін» деп 11 адамның 8,2 миллион теңгесін қалтаға басады. Жалпы, Сапаров пен Сүлейменова тандемі бір жарым жылдың ішінде 91 адамды сазға отырғызған. «Мың асқанға бір тосқан» демекші, былтыр күзде екеудің әккі әрекеті ақыры әшкере болды. Қалалық полиция департменті екеуіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру шараларын жүргізіп, іс қалалық прокуратураның бақылауына алынады. Жақында Түркістан қалалық соты екі сыбайласты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп тауып, екеуіне 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген.

Д.Жүсіпов.

 

 

Пікір қалдырыңыз